«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында көгалдандыру жалғасуда

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
Шахтинскіде табиғатқа жанашыр тұрғындардың күшімен «жасыл белдеу» құрылды. Ағаш егуге ересектер мен балалар шықты. Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі аллеяға 300 қарағаш пен қарағай көшеттері отырғызылды.
Экологиялық сенбіліктің жас қатысушысы Толғанайдың ұсынысымен кейбір ағаштарға атау берілді.

Шахтинск қаласында ағаш егуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
Аймақ басшысы өз қаласын жасылдандырып, көркейтуге деген ұмтылысы үшін тұрғындарға алғысын білдірді.
– Бүгін жалпыреспубликалық сенбілік өтіп жатыр. Шахтинскіде де тұрғындар тазалау жұмыстарына шықты. Сондай-ақ ағаш егу жүріп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы – жақсы идея. Адамдар қолдайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Көгалдандыру үшін өңірдің климатына барынша бейімделген ағаштардың түрлері таңдалған. Жасыл желектерге күтім жасалады.

– Бүгін біз ағаш егуді жалғастырудамыз. Көшеттер Қарағанды тәлімбағынан әкелінді. Қарағай немесе кәдімгі қарағаш отырғызамыз. Оның көшеттері жақсы жкрсінеді. Жеңістің 40 жылдығы көшесінің аллеясына ағаш егеміз. Өткен жылы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тротуар төселді, ал биыл ағаш егуді жоспарлап отырмыз, – дейді Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Арман Саттыбаев.
Толғанай сенбілікке ата-анасымен келді. Ол өзінің алғашқы ағашын – жас терек екті. Оған «Үміт» деген ат беріп, суаруға, күтуге келуге уәде берді.
Оның әрекетінен басқалар да шабыт алып, өз көшеттеріне ат қоя бастады.
Осы күні Шахтинскіде басқа да экологиялық акциялар өтті. Сенбілікте ескерткіштердің жанындағы аумақтар ретке келтірілді. Еріктілер жалғыз басты қарттардың аулаларын тазартуға көмектесті.
Көктемгі екі айлық басталғалы Шахтинск өңірінде 1700-ден астам ағаш егіліп, 300 га аумақ жиналып, 400 тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық сенбіліктер облыс бойынша өтті.

Облыс орталығында Абай көшесіндегі саябақ көгалдандырылады.
Бір күнде мұнда 500-ден астам ағаш пен бұта егілді: қарағаш, қарағай, шегіршін, мамыргүл және қараған.
Экобелсенділердің бастамасымен жаңа емхана маңындағы Көгілдір тоғандар саябағы көгалдандырылды.
Ағаш егуден басқа, ресурс үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, өсімдіктерді күту бойынша шеберлік сабағы өтті.
– Егілген әрбір ағаш – балаларымыздың болашағына қосқан үлесі. Мұндай акциялар табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастырады. Тек бірге ғана біз экологиялық жағдайды жақсарта аламыз, – деп атап өтті «ЭкоОбраз» қоғамдық бірлестігінің директоры Светлана Былинская.
Теміртауда «Таза Қазақстан» акциясын Қарағанды индустриалды университетінің қызметкерлері мен оқытушылары қолдады.
ЖОО аумағында қайың ағаштары егілді.