Қарағанды облысында жұмысшылар отырған автобус аударылды
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында, Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде вахталық автобус аударылып қалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, автобус ішінде 50 адам болған. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен.
Эвакуациялау үшін ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» (Казавиаспас) тікұшағы тартылды. Әуе көлігі арқылы үш зардап шеккен адам Қарағанды қаласындағы медициналық мекемелерге жеткізіген.
Сонымен қатар тағы 30 адам жедел жәрдем мен Апаттар медицинасы орталығы мамандарының сүйемелдеуімен вахталық көлікпен Ботақара кентінің ауруханасына жеткізілді. ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары, «Матақ» ТМСП, Апаттар медицинасы орталығы, «Қазавиақұтқару», жедел жәрдем бригадалары және полиция қызметкерлері жұмылдырылған.