Қарағанды облысының аграршылары егін ору науқанына дайындықты аяқтауда

Қарағанды облысында биылғы егін ору науқаны мен малдың қыстық азығын дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, техника дайындығы 98 пайызға жеткен. Жаппай егінге шығу тамыз айының соңына және қыркүйек айының басына жоспарланып отыр.
Биыл дәнді дақылдардың жиналатын жалпы алқабы 914,7 мың гектарды құрады. Оның 779,2 мың гектарын бидай алып жатыр. Егісті әртараптандыру аясында майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі артты. Майлы дақылдар 78,1 мың гектардан жиналады — бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен аса жоғары. Картоп 14,7 мың гектардан, көкөніс 2,06 мың гектардан жиналмақ.
Алдын ала есеп бойынша, гектарына орташа 9,8 центнер өнім алынса, жалпы астық түсімі 896,2 мың тонна көлемінде болады деп күтілуде.

Егін ору жұмыстарына 2 мыңға жуық астық жинайтын комбайн және 380-нен астам картоп жинайтын арнайы техника жұмылдырылады. Дизель отыны белгіленген кестеге сәйкес жеткізілуде. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына мемлекеттік бағдарламалар арқылы 248 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 14,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта жаңа өнімді қабылдауға арналған материалдық-техникалық база дайындық үстінде. Сонымен қатар, қыстық мал азығын дайындау жалғасып жатыр. Жылдық қажеттілік — 1,9 млн тонна шөп, бүгінгі күні оның 1,35 млн тоннасы жиналды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, өңірде астық пен көкөніс сақтауға жеткілікті қойма қоры, сондай-ақ аграршыларға арналған арзандатылған дизель отынының қоры бар.
— Басты мақсат — егін ору науқанын оңтайлы мерзімде әрі өнім сапасын барынша сақтай отырып өткізу. Бұл үшін облыста барлық қажетті ресурс бар, — деді ол.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру да жалғасуда. Жыл соңына дейін 34 нысан пайдалануға беріліп, 365 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 522 млрд теңге деңгейінде болады деп болжануда. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 6,4 пайызға жоғары.