Қарағандыда қаза тапқан шахтерлердің есімдері белгілі болды
Қарағандыда Костенко атындағы шахтаның директоры қайтыс болған шахтерлердің есімдерін атады.
Шахта директоры Сергей Мустивко қаза болғандар мен зардап шеккен жұмысшылардың туыстарымен кездесуде қаза тапқандардың аты-жөндерін айтты.
«Бірінші болып сегіз адамның мәйітін алып шықты. Олардың ішінде мына адамдардың есімі анықталды:
Мордасов Виталий Анатольевич;
Югай Александр Викторович;
Адамбаев Ерболат Мұратұлы;
Петренко Владимир Ильич;
Сайфутдияров Альберт Рифович», - деп тізіп берді.
Оның айтуынша, қалған мәйіттерді анықтау мүмкін емес.
Соңғы мәліметтер бойынша, Костенко атындағы шахтадағы қайғылы оқиға 33 кеншінің өмірін қиды. Тағы 13-і із-түзсіз жоғалып кеткендер іздестіріліп жатыр.
Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағандыда (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) сенім телефондары жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Кейін үкімет «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстанның меншігіне өткізу бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады.