Қарағандыда логопед сабақ кезінде баланы басынан ұрған
Қарағандыда логопедтің балаға қол көтерген сәті ата-ананың кездейсоқ түсірген видеосынан анықталды.
Бұл туралы оқиғаға қатысты мәліметті баланың анасы әлеуметтік желіде жариялады.
Бір жыл бойы сабаққа барып жүрген
Анасының айтуынша, баласы бұл маманға бір жыл бойы үзбей қатысып келген. Осы уақытқа дейін ешқандай шағым болмаған.
Кезекті сабақ күні баланы алып кетуге келген әкесі кабинет ішін көру үшін телефонды жоғары көтеріп, есік үстіндегі кішкентай терезе арқылы видео түсірген. Дәл осы сәтте логопедтің баланы басынан ұрғаны кадрға түсіп қалған.
«Кабинетте үлкен терезе жоқ, тек жоғарыда кішкентай терезе бар. Күйеуім баланы көрейік деп, телефонын көтеріп түсірген. Видеоны көргенде логопед дәл сол кезде біздің баланы басынан ұрғанын байқап қалдық. Қатты таңғалдық. Бір жыл бойы барып жүріп, мұндай болады деп ойламадық», - деп жазды анасы.
«Бұл жалғыз жағдай емес» – ата-аналар
Жазба жарияланғаннан кейін басқа ата-аналар да комментарий қалдырып, өздерінің ұқсас жағдайға тап болғанын мәлімдеді. Олар балалардың шағымын ересектердің сенбей келгенін айтады.
Ата-аналар логопедтің әрекетіне ресми баға беруді талап етеді
Баланың ата-анасы маманның тек бірінші рет емес, ұрып келген болуы мүмкін деп алаңдайды. Олар бұл жағдайға білім бөлімі мен құқық қорғау органдары назар аударуы тиіс екенін айтады.