Қарағандыдағы апатты жағдайдағы ЖЭО-3 олигарх Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі
Бүгін таңертең апат болып, салдарынан қаланың үлкен аумағы жылусыз қалған Қарағанды ЖЭО-3 олигарх Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі екені белгілі болды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
- ЖЭО-3 «Қарағанды -Энергоцентр» ЖШС-не тиесілі. Қазақстан коммуналдық жүйелер акционері – Ыдырысов Д.А. – деп түсіндірді департаменттен.
Қарағанды ЖЭО-3-тің бас компаниясы - «Қарағанды -Энергоцентр» ЖШС. Өз кезегінде «Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС құрамына кіреді. Қазақстан коммуналдық жүйелер акционері - олигарх Дінмұхамет Ыдырысов.
Д.Ыдырысов 2023 жылдың мамырында Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің тізіміне енді. 2022 жылы оның есімі Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне кірді. Оның табысы - $490 000 000. Ол «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС иелік етеді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Д.Ыдырысов еңбек жолын Қазақ КСР Автомобиль көлігі министрлігінің 1-ЖЭУ басқармасының бригадирі болып бастады, кейін «Ordabasy Group» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы және «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы болды.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» кәсіпорны өңірлік деңгейде 4 облыс – Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облысында қызмет көрсетеді. «ККС» ЖШС екі өндіруші ұйымға - «Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС және «Өскемен ЖЭС» ЖШС, үш ірі электр желілері компаниясына - «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және «Маңғыстау электр желілерін тарату компаниясы» АҚ, сондай-ақ үш өткізу компаниясына «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС, «Есептік қызмет көрсету орталығы» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясының сайтында жабдықты жаңғырту және қайта құру, сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3 қуатын кеңейту «Қазақстан коммуналдық жүйелердің» ірі жобалары екені айтылған.
Олай болғанымен, бүгін Қарағанды облысының бас шаһарында абоненттердің басым дені жарықсыз қалған болатын.