Қарағандыдағы даудан кейін Серік Сәпиев қызметінен кетті
Қарағандыда Серік Сәпиевке қатысты дауға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Салдарынан Сәпиев қызметінен кетті.
Қоғамдық талқылау, қызметтік тексеріс және спорт саласын басқаруға қатысты аудит аясында Қарағанды облысы әкімдігі Серік Сәпиев пен оның орынбасарының атқарып отырған қызметтерінен кеткенін мәлімдеді.
Еске салсақ, Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі ер адам арасында алдымен ауызша дау туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. 42 жастағы Қарағанды тұрғынының арызы бойынша «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ұрып-соғу)» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап санкциясы айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасын көздейді.
Серік Сәпиев бұл оқиғаға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жариялап, жағдайдың жеке немесе тұрмыстық сипатта еместігін атап өтті.
Оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, құқық қорғау органдарының тексеру бастады. Сонымен қатар өңірдегі спортты басқару жүйесінде болуы мүмкін заңбұзушылықтар туралы мәлімдемелерге байланысты қызметтік тексеріс пен кешенді аудит тағайындалды.
Бүгін Қарағанды облысы әкімдігі ресми түрде:
«Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған қызметтерінен босатылды», – деп хабарлады.