Қарағандыдағы сегіз қабаты желінген тоғыз қабатты үй

Қарағанды қаласының 30-ға жуық тұрғыны «КапиталСтрой-XXI» ЖШС құрылысын бастаған «Манхэттен» тұрғын үй кешеніне 350 миллион теңге қаржы салып, екі жылдан бері пәтер кілтін ала алмай жүр.
Уәде етілген тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатының құрылысы ғана аяқталған, қалғаны қаржының жоқтығына байланысты тоқтап тұр.
Тілшімізбен сөйлескен үлескерлердің бірі – Жібек Нұрхайдарованың айтуынша, қаланың қақ ортасында салынып жатқан бизнес кластың үйі келісімшарт бойынша 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс болған.
«Мен көпбалалы анамын. Біз бір жылдары «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы алған пәтерімізді сатып, жинап жүрген ақшамызды қосып, 24 млн теңге жинап, үй іздедік. «Проблемалы үйге тап болмайық» деп сонша сақтанып жүріп, осы үйге ұрынып қалдық. Бастапқыда жап-жақсы салынып жатқан үй еді. 2023 жылы қараша айының соңында біз «Центр Ипотеки» арқылы 24 млн теңгемізді салып, келісімшартқа отырдық. Қаңтар айында тағы да 2 млн теңге құйып, төрт бөлмелі пәтер аламыз деп жоспарлап жүрдік. Үйдің кілтін биыл қыркүйекте береміз деді. Қазір жаңа салынған пәтеріміз жоқ, ал бұрынғы үйімізді сатып жіберіп, квартира жалдап тұрып жатырмыз», – деді көпбалалы ана.
Бір пәтерді екі рет сатпақ болған
Тұрғын үйдің жарнамасымен айналысып, клиент тартқан «Ипотека орталығының» басшысы да осы тұрғын үйге ақша салған екен. Келісімшарт жасасып жатқан кезде компания иесі делдалсыз тікелей сатылған пәтерлерді екінші рет сатып жібермек те болған. Мұның бәрін үлескерлер кейін біліп отыр.
«Құрылыс компаниясының өкілі біздің төрт бөлмелі пәтердің қасындағы бір бөлмелі пәтерді де алуды ұсынған болатын. Ары қарай пәтерімізді кеңітіп алсақ деп жолдасым екеуміз ойландық, бірақ алмай қойдық. Жақында ғана «Ипотека орталығынан» ол пәтердің бізге дейін басқа бір үлескерге сатылып кеткенін естідік. Сонда пәтер құрылысын салушы кей адамдарға бір пәтерді екі реттен сатпақ болған, о бастағы мақсаты ақша табу боп тұр ғой. Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы пәтер салып жатқан участоктің иесімен толық есептеспеген, әлі 256 млн теңге борышы бар екен. Әкімдікке, прокуратураға шағымдандық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Басында құрылыспен Ерлан, Ералы деген екі адам айналысты, қазір Ералы ғана қалды. Сотқа, тиісті органдарға жүгінеміз деп жүйкеміз тозды. Адал еңбекпен жиған ақшамыз, жап-жақсы пәтеріміз кетті. Енді өзіміз елдің квартирасын жағалап жүрміз, бала-шағам күн сайын: «Қашан жаңа үйімізге көшеміз?» деп сұрайды. Қыркүйек айынан бастап осы құрылыс басына барып тұрамыз деп отырмыз», – деді амалы құрыған көпбалалы ана Жібек Нұрхайдарова.
2022 жылдың қараша айында келісімшартқа отырған тағы бір үлескер – Әсел Әбілова. Пәтер құнының 50%-ы – 15 млн теңге төлеп, екі жылдан бері пәтер жағалап жүргендердің бірі.
«Біз де «Ипотека орталығы» арқылы барып, құрылыс компаниясының өзімен тікелей келісімшартқа отырдық. Қазір чатта 20 адам бармыз, құрылыс компаниясымен жеке келіскен адамдар бар. Екі балам, 65 жастағы зейнеткер шешеммен пәтер жалдап жүрміз. Шешемнің зейнетақысынан жинап берген ақшасы еді, уайымдап, құрылыс компаниясына хабарласып жүріп жүйкесі сыр беріп, бір көзінен айырылып қалды. Дәрігерлер мөлдір көз жанарын (хрусталика) алып тастады. Енді үй де жоқ, анамның денсаулығы мен бір көзінен айырылып отырмыз. Біз сияқты қарапайым тұрғындар үшін 15 млн теңге өте қомақты қаржы. Әкімдікке де, прокуратураға да бардық. Нәтиже жоқ. Өткен жылдың наурыз айында заңгер жалдап, келісімшартты бұзып, медиациялық келісім жасадық. Бірақ одан да ештеңе шықпады, құрылыс компаниясы «аяқтап береміз» деген уәдемен бізді алдап келеді», – деп күйінеді Әсел.
Құрылтайшылар үш рет өзгерген
«Ипотека орталығының» заңгері Арман Жамбылдың сөзінше, тұрғын үй салынған жер учаскесі жеке тұлғаға тиесілі. Жоспар бойынша, құрылыс салушы участок иесіне қалған берешекті бірінші тамызға дейін төлеуі тиіс болған. Одан бері компаниядағы құрылтайшылар да өзгеріп кеткен.
«Жер теліміне қарыз сома үшін 260 миллион теңге немесе бартер сұрап отыр. Бұған дейін 10 пәтер деп отырған еді, қазір тек 20 пәтерге келісім беремін деп отыр. Бұл инвесторлар үшін тиімсіз, себебі тоқтап тұрған құрылысты жалғастыру үшін 500-600 млн теңге қажет», – дейді заңгер.
Аталған мәселе бойынша «Жас Алаш» тілшісі Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Әкімдіктегілер қосымша инвестор қарап жатқандарын мәлім етті.
«Бұл учаскенің мақсатты мақсаты (әкімдіктің жауабындағы сөз қолданысы өзгеріссіз берілді. – Ред.) – «Кіріктірілген тұрғын емес үй-жайлары бар көп пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді салу және одан әрі пайдалану». Барлық рұқсаттар бар. Құрылысқа GASK сертификаты алынды. Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы құрылыс салушы тарапынан қаржыландырудың болмауына байланысты 2023 жылдың қыркүйегінен бастап тоқтатылды. Қаражатты Қарағанды қаласының 30-ға жуық тұрғыны жинады. Қазіргі уақытта қала әкімдігі құрылыс салушымен бірлесіп, басқа құрылыс салушының «Манхэттен» тұрғын үй кешенін салу жобасын жүзеге асыру немесе осы жобаға (50х50) қосымша инвестор тарту бойынша ұсыныстарды қарастырып жатыр» деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Тұрғындар кыркүйек айына дейін әкімдік пен прокуратурадан пайда болмаса, құрылыс басына барып шатыр тігіп тұрамыз деп бекініп отыр. Бұған дейін бір топ үлескер Астана қаласында брифинг өткізген болатын.
Олайша артынып-тартынып елордаға бармасқа болмады. Пәтерлерін ала алмай жүрген халықтың мамырдан бергі тілегіне құлақ аспай қойған Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов пен Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровке бұл даудың шуы әлі жетпеген сыңайлы...
Айжан Қалиева
Астана қаласы