Қарағандыдағы шахтада қаза тапқандар саны 21 адамға жетті
Қарағандыдағы "Костенко" атындағы шахтада қаза тапқандар саны 21 адамға жетті. Ақпаратты АрселорМиттал Теміртау растады.
"АрселорМиттал Теміртау" баспасөз қызметінің мәліметінше, шахтада 23 кенші қалған.
"252 кеншінің 208-і жер бетіне шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінді. Шахтада 23 кенші қалды. 21 кеншінің мәйіті табылды. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Штаб жұмыс істейді", - делінген хабарламада.
"Костенко" атындағы шахтада болған оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-психологиялық қолдау көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді: 8 (7172) 70-41-08, 8 (7212) 51- 72-23, 8 (7212) 49-72-70.
Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Ғафиулов апат кезінде шахтада 252 адам болғанын хабарлаған болатын.