Қарағандыдағы жұмбақ өлім. Күдікті бостандықта жүр

Қарағандыда полиция көзінше таяқ жеп, қаза тапқан Нұргелді Нәукеновтің туыстары әділдік іздейді.
Оқиға былтыр 4 қыркүйекте болған. Ұлытау облысынан ұлының оқу ақысын төлеу үшін келген 39 жастағы Нұргелді Нәукенов ауыр соққыдан кейін қаза тапқан. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс жүргізу барысында бірқатар күмәнді жайттар анықталған. Нәукеновтің туыстары күдікті адамдар бостандықта жүргеніне, тергеудің дұрыс жүргізілмегеніне наразы.
Оқиға қалай болды?
Нәукенов былтыр қыркүйекте ұлының оқу ақысын төлеп, оған киім-кешек алып беру үшін Қарағандыға досымен бірге келген. Екеуі Қарағанды автовокзалы жанынан пәтер жалдап, түскі ас ішуге вокзал маңындағы асханалардың біріне барған. Сол жерде Нәукенов ескі танысы Думан Ахметжановты көріп қалған. Үшеуі асханаға бірге кірген. Кейін Ахметжановтың ағасы Мақсат Ахметжанов пен бейтаныс екі жігіт те сол асханаға келіп, артынан жанжал туған. Асхана ішінде не болғаны белгісіз. Бірақ сырттағы төбелес бейнекамераға жазылып қалған. Сол жерден бірнеше адам Нәукеновті сыртқа шығарып, итеріп құлатқанын көруге болады. Басымен асфальтқа құлаған ол бірнеше минут бойы есінен танып жатқан. Алайда оған алғашқы көмек көрсетілмеген, жедел жәрдем шақырылмаған. Видеодан сол жерде полиция қызметкерінің де жүргенін байқауға болады.
Нұргелді Нәукеновтің әпкесі Айгүл Нәукенованың айтуынша, бейтаныс екі жігіттің бірі – осы оқиғаға байланысты ұрлық ісі бойынша тергеліп жатқан Ернар Сәдуақасов пен екіншісі – Берікбол Боранбаев. Бірақ неге екені Боранбаев тергелмеген. Бұл екеуі сыртта күтіп тұрған. Ал Мақсат Ахметжанов асханаға кіріп (іштегі екі куәгердің айтуынша, ешқандай жанжал болмаған, ал сырттағы куәгерлердің айтуынша, Ахметжанов Нәукеновтің жағасынан алып, жағынан ұрған) Нәукеновпен жанжалдасқан. Бұл төбелестің соңы Нәукеновтің өлімімен аяқталған.
«Бауырымның сүйегін келесі күні таптық. Бірден экспертизаға бердік. Дәрігер бізге: «Бауырыңыз бірнеше жарақат алған» деп айтты. Бұл сөз көңілімізде дық болып қалды. Інімді жерлеп келгесін, туыстарымызбен оқиға болған жерге бардық, «Көрген-білген куәгер бар шығар, құлағасын оны біреу ұрды ма екен» деген күдік болды. Сатушы куәгерді таптық, ол «бір қарағанымда бауырыңызды итеріп құлатқан жігіттер және полиция қызметкерлері сүйреп әкетіп бара жатқанын көрдік» деп айтты. Мұны естігесін полиция бөлімшесіне барып шағым жаздық. Автовокзал маңындағы камералардың видеосын алып беруін сұрадық. Тергеуші алып беруге келісті, бірақ вокзал ішіндегі не сыртындағы камерадан емес, жолдың арғы бетінде, алыстағы камералардың тоғыз сағаттық видео материалын берді.
Әсілінде, көрмей қалады деген болуы керек, бірақ мен әр таспаны мұқият қарап, бауырыма қатысты жерлерін қиып алдым. Ертеңгісін сотта бірнеше сағаттық видеоны ешкім көрмейтінін білдім. Соның арқасында күдіктілердің берген айғақтарын жоққа шығардым. Өйткені күдіктілер басқа мекенжайды көрсеткен, жалғыз келгенін алға тартқан, бір-бірімізді танымаймыз деген. Алайда видео айғақ барлығын көрсетіп берді. Бауырымнан құтылуға асыққаны, сүйретіп көлікке апарғаны – бәрі көрініп тұр. Тіпті олардың қасында полиция қызметкері де бірге жүр. Бұдан бөлек, бауырымды таксиге ауылдан бірге келген досымен салып жібере тұрып Ернар Сәдуақасов көлікке 2 минуттай кіріп-шыққан. Сол кезде менде бұл көлікке не үшін кіріп шықты деген күдік пайда болды. Такси кетіп, 15 минуттан кейін қайта келеді. Көліктен ауылдан бірге еріп келген жолдасы түседі. Қайтадан бұлардың барлығы асханаға жиналған.
Бауырымның телефоны сол жерде қалып қойған екен. Бұлардың көздегені ақша болған. Осы жерде олардың телефонның пин-кодын қайдан алды деген сұрақ туады. Бұлардың қанша ақша ұрлағаны маңызды емес, телефонды, оның ішінде банк қосымшасын қалай ашты деген күдік маңызды. Сондықтан тергеушіге Ернар Сәдуақасовты табуды талап еттік», – дейді Нәукенова.
Алайда тергеуші Сәдуақасовты екі ай іздеген. Алғашында істі тіркемей қойған. Істің созылып бара жатқанын көрген Нәукеновтің туыстары барлық мәліметтерді өздері тауып берген. Сәдуақасовтың қай жерде жұмыс істейтінін де өздері анықтапты. Бірақ тергеуші «бұл Сәдуақасов емес, міне, мынау Сәдуақасов» деп басқа адамды көрсетіп, оларды шатастыруға тырысқан. Сәдуақасовтың жұмыс орнына барған құқық қорғау органының қызметкерлері ол жерде Сәдуақасов емес, зейнеткерлер жұмыс істейтінін айтқан. Ал Нәукеновтің туыстары күдіктінің дәл сол жерде жұмыс істейтінін бірнеше күн жүріп анықтаған. Тек жоғарғы жаққа арыз жазып, дау тудырғаннан кейін ғана Сәдуақасовты ұстаған.
«Тергеушінің іс-әрекеті көңілімізге күдік ұялатты. Не үшін екі ай бойы ұстамай қойды деген сұрақ пайда болды. Тексеріп көріп, біздің тергеушіміз Гүлсезім Әбілхан күдікті Ернар Сәдуақасовтың туған інісі Ерсұлтан Сәдуақасовпен бірге оқығанын анықтадық. Анау да тергеуші, мынау да тергеуші. Яғни екеуінің ортақ таныстары бар. Сондықтан бұл тергеу басынан дұрыс жүргізілмеген».
Нәукенованың айтуынша, тергеу аяқталып, Нұргелді Нәукеновтің денсаулығына зиян келтірді деген Мақсат Ахметжановты 1,5 жылға соттаған. Бұған дейін оның бірнеше қылмысы болған. Бірақ мұның бірі де сотта ескерілмеген. Ахметжановқа 1,5 жыл жаза тағайындалғанымен оның тергеудегі 1 күні 2 күн болып есептеліп, 9 айдан кейін бостандыққа шыққан. Ал осы іске қатысы бар басқа адамдар әлі бостандықта жүр.

740 мың теңге және ауыр жарақат
Нәукенов ұлының оқу ақысын төлеуге келе жатқандықтан оның шотында қомақты қаржы болған. Алғашында ақша туралы сөз болмаған. Тек Айгүл Нәукенова тергеудің сылбыр жүріп жатқанын көргесін, автовокзал маңындағы видеоматериалдан бөлек дәлел болмағасын күдіктілердің детализациясын алдырған. Олардың кіммен сөйлескенін, қайда барғанын, кіммен кездескені – бәрін осы жерден анықтаған. Тергеу барысында жанжалдан соң Сәдуақасов басқа жаққа кеттім деген. Бірақ детализация оның Нәукенов таксимен кеткен мекенжайға барғанын көрсеткен.
«Демек, олар ініме қайтадан барған. Ал сол автовокзалда бір полиция жүрді, бірақ бұл оқиғаға араласпады дедік қой. Бұл полиция қызметкері Ернар Сәдуақасовпен бір мектепте оқыған болып шықты. Оны да осы детализация арқылы бір-бірімен сөйлескенінен анықтадық», – дейді Нәукенова.
Нәукеновтің қазасына себеп болған жарақатқа қатысты да оның туыстарының күдігі көп. Видеода жанжал кезінде Нәукеновтің асфальтқа шалқасынан құлағанын көруге болады. Бірақ бұл жарақат оның өліміне себеп болмаған. Медициналық сараптама оның маңдай бас сүйегі сынып, миына қан құйылуы себебінен көз жұмғанын көрсеткен. Айгүл Нәукенова бауыры кеткен мекенжайға оның телефонындағы ақшасын алу үшін Ахметжановтар да барған деп есептейді.
«Таксист інімді көпқабатты үйдің алдына тастап кеткен. Інім сол жерде есін жинай алмай есіктің алдында отырған. Ал мыналарға телефонның паролі керек болған. Әрине, інім құпия сөзді айтпайды. Сондықтан олар бауырымды ұрған. Саусағында, шынтағында, тізесінде жарақаттары болды. Менің күдігім – осы. Жаңа айтқанымдай, бауырымның ақшасы маңызды емес, сондықтан тергеушіден олар құпия сөзді қайдан алды, бауырымды қонақүйде жалғыз өзі көз жұматындай дәрежеге кім жеткізгенін анықтауды талап еттім. Бірақ мен талап еткеніммен нәтиже болмай отыр».
Бұдан кейін Нәукенов аулада сенделіп жүрген. Көпқабатты үйдің тұрғындары мұны байқап, полиция шақырған. Полиция оны бөлімшеге алып кеткен. Үш сағат бойы басының қатты ауырғанын айтқанымен, жедел жәрдем шақырылмаған. Полицейлер оны мас деп есептеп, медициналық көмек те көрсетпеген. Айгүл Нәукенова өзінің ауруханада жарақат бөлімінде жұмыс істейтінін, осындай жарақатпен келген адамдарды дәрігерлер талай аман алып қалғанын айтады.
«Олар жедел жәрдем шақырмай, қиналып тұрған адамды 16 жастағы ұлына тапсырған. Маған берген жауаптарында полиция қызметкерлері «біз ол кісінің ауырып тұрғанын білген жоқпыз, мас деп ойладық» дейді. Бірақ видеода кәмелетке толмаған баласына інімді тапсырып тұрып, маңдайындағы жарақаттарын көрсетіп тұрғаны көрініп тұр. Ал бауырым тіпті өз баласын танитындай жағдайда болмаған. Ақыл-естен айырылып тұрған. Інім «жатқым келіп бара жатыр» дей бергендіктен баласы қонақүйден нөмір алып, әкесін жатқызып кеткен. Сол жерде бауырым аузынан ақ көбік ағып, қиналып көз жұмған», – дейді Нәукенова.
Тағы бір қылмыс
Айгүл Нәукенова тергеушінің іске салғырт қарағанына наразы. Себебі осы қылмыстық іс оның алдында бірнеше ай жатса да мұның артында тағы бір қылмыс жатқанын байқамаған. Нәукенованың өзі тексеріп отырып, үшінші қылмыстық істі тапқан. Ол барлық айғақтарды қарап отырып бауырының банк картасынан ақша шешілгенін анықтаған. Оны, әрине, құпия сөзді білетін адам ғана шеше алатыны белгілі. Сондықтан банк шотының ізіне түскен Нәукенова ақшаны Ернар Сәдуақасов алғанын тексеріп білген. Нәукеновтің әпкесінің сөзінше, Сәдуақасов ақшаны өзі шешпей, көшедегі жас баланы тоқтатып, «мен Нұргелді Нәукеновпін, апатқа ұшырап, жағдайым қиындап тұр» деп, ақшаны соған аударып, сол арқылы банкоматтан шешкізіп алған. Бұл іс бойынша Нәукенова бірнеше жауапты органға, министрлікке, бас прокуратураға арыз жазған.
«Менің бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Министрлік, бас прокуратура – бәріне жаздым. Алдымен Қарағанды облысынан бастадым. Департамент «бәрін қатырамыз, істейміз» деп шығарып салды. Бірақ ешқандай іс жүрген жоқ. Сосын министрлікке арыз жаздым. Министрлік Қарағандыға тапсырма береді. Аймақтағы департамент басшысы Ысмағұловтың алдына кіре алмай қойдым. Сөйтіп жүргенде іс сотқа өтіп кетті. Сотта мен берген дәлелдер жоғалып кетеді. Не үшін жоғалғанын сұрап едік, прокурордың орынбасары Айдос Ералыұлы «сен неге сотқа дауыс көтересің» деп өзімізге дүрсе қоя берді.
Ал біз соттың кімге қарай қисайып отырғанын көргенде қалай үндемей отырамыз? Бауырым екі баласының жалғыз асыраушысы еді. Бір күнде өлтіре салды. Ал бір жылдан бері әділдік таппай келеміз. Тек «Сіз Қарағанды облысы прокуроры Бауыржан Мырзакеровқа кірдіңіз бе» деп сұрайды. Мен ол кісінің қабылдауына жазылғалы қай заман. Кіру мүмкін емес! Ішкі істер министрлігіне де бардым. Қарағандыға жауапты Рүстем Молшин «бәрі дұрыс, жұмыс істеп жатырмыз» дейді. Бірақ келсең түк те жоқ. Сол ән – баяғы ән. Қаншама айғақтарымыз бар, бүкіл дәлелдерді өзіміз тауып бердік. Екінші күдіктіні өзіміз тауып беріп, «мә, ұстаңдаршы» деп әрең ұстаттық. Үшінші қылмыстық іс бойынша өзім тергеп, барлық дәлелдерді анықтап шықтым. Бұдан артық не керек», – дейді Нәукенова.

Жұмыс істемейтін адамдар жоғарғы жақта отыр
Қазіргі жәбірленушілердің басты талабы – қылмыстық істерді біріктіру. Нәукеновтің өлімі бойынша іс үшке бөлініп тергеліп жатыр. Ал тергеуге жауапты қызметкерлердің қызметі өсіп, басқа жаққа ауысып кеткен, оқиғаға қатысты полиция қызметкерлерінің қандай да бір жаза алғанын немесе алмағанын Нәукеновтер біле алмай дал болып отыр.
«Мақсат Ахметжановты 106-баптың 3-тармағымен соттау. Бұдан бөлек, бұл істі дұрыс тергемеген Қарағанды полиция қызметкерлері, тергеушісі өзінің тиісті жазасын алуы керек. Зар илеп жүргенімізге 11 ай болды, әділдік жоқ. Мақсат Ахметжанов бар-жоғы 9 ай жаза алды, Ернар Сәдуақасов жеңіл жаза алғалы тұр. Біздің тергеу басшымыз Ешмаханов антикорға ауысып кетті, тергеушіміз Гүлсезім Әбілхан Алматының академиясында. Жұмыс істемейтін адамдар жоғарғы жақта отыр. Біз жай қарапайым халық – бауырымыз үшін әділдік іздеп жүгіріп жүрміз. Бізге олардың жазасын алмай жүргені ауыр тиеді. Бірі келіп кешірім сұрамады. Тағы бір айта кетерлігі, осы іске қатысты полиция қызметкерлері жазасын алсын деп Қарағанды ПД-сына арыз жолдадым. Олар ауызша жазаладық деп айтты. Министрліктен қандай жаза қолданғанын жазбаша жіберуін өтінгенмін. Әлі жауабы келген жоқ. Әрине, бізге де осылай шығып сөйлеу оңай емес. Бірақ жоғарыда отырған басшылар, президент Тоқаев Қазақстанда не болып жатқанын, әділдік болмай жатқанын көрсе екен, естісе екен, әділ шешім берсе екен деп қана отырмыз».

Нәукеновтердің адвокаты не дейді?
Нәукеновтердің құқығын заңгер Инга Иманбай қорғап жатыр. Жақында Инга Иманбаймен бірге Нәукеновтер Алматыға келіп баспасөз конференциясын да өткізген. Адвокаттың айтуынша, бұл жағдайда сыбайлас жемқорлық пен ішкі ықпал ету белгілері айқын көрініп тұр. Аталған дерекке байланысты қызметтік тергеу жүргізілуі тиіс. Үшінші қылмыстық іс бойынша, жәбірленушінің банк картасынан қаражат шешіп алған тұлға – Ноян Дүкенбаев. Бұл туралы полицияға хабар бергеніне қарамастан, оған қатысты ешқандай шара қабылданбаған, іс сотқа жетпей тоқтатылған. Бір оқиғаға қатысты бірнеше қылмыстық істің жеке-жеке қозғалуы – қылмыстың шынайы сипатын жасыруға және күдіктілерді жауапкершіліктен босатуға бағытталған әрекет. Сондықтан бұл деректердің барлығы біртұтас, аса ауыр, ұйымдасқан қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс.
«Сонымен қатар оқиға орнында болған полиция қызметкерлері жәбірленушінің ауыр жағдайын көре тұра жедел жәрдем шақырмағаны және тиісті шара қабылдамағаны үшін олардың әрекетіне де қылмыстық іс қозғау қажет», – дейді Инга Иманбай.
Заңгер барлық қылмыстық істерді біріктіріп, ұйымдасқан, күш қолданылған ауыр қылмыс ретінде қайта саралау, Ахметжановтың әрекетін ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен, Ернар Сәдуақасовтың әрекетін –191-баптың 2-бөлігімен және 434-баппен (қылмыс туралы хабарламау) саралау, полиция қызметкері Ерсұлтан Сәдуақасовтың әрекеттеріне және ықтимал ішкі ықпал ету фактілеріне байланысты қызметтік тексеріс жүргізу қажет екенін айтады. Бұдан бөлек, ол Дүкенбаевқа қатысты тергеу әрекеттерін қайта жандандырып, тиісті іс қозғау, оқиға орнында бола тұра жедел жәрдем шақырмаған және қызметтік міндеттерін орындамаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғау, істі ҚР Бас прокуратурасының ерекше бақылауына алу керек деп есептейді.
P.S. Нұргелді Нәукеновтің өлімі Шерзат Болат ісін еске түсіреді. Кейінгі уақытта азаптау деректері мен айқын заңбұзушылықтарға қарамастан, кінәлілердің жеңіл жазаға ілігуі қоғамда әділдікке деген сенімді азайтты. Сол сияқты Ақнәр Хамитованың жұмбақ өлімі де құқық қорғау органдарының салғырттығы мен формалды тергеуінің салдарынан толық ашылмай отыр. Үш істе де бір ғана ортақ нәрсе – қылмыс жасалғанымен, шынайы кінәлілер мен салғырттық танытқан лауазымды тұлғалар жазадан құтылып кетіп жатыр.
«Жас Алаш» редакциясы осы жағдайға байланысты ресми сауалдарды Бас прокуратураға, Қарағанды облысының прокуратурасына, Қарағанды облысының полиция департаментіне жолдады.
Тұрсынбек БАШАР