Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:09

Қарағандылық ер адам кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін 17 жылға сотталды

Солтүстік
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының Абай қаласында 15 жастағы қызды еркінен тыс күйеуге берген іс бойынша сот үкімі шықты.

 37 жастағы ер адам кәмелетке толмағанды зорлағаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу дерегінше, 15 жастағы мектеп оқушысын туған анасы мен өгей әкесі өздерінің діни сеніміндегі бейресми ағымның өкіліне “күйеуге берген.”
Қыздың келісімінсіз ұйымдастырылған “неке” кезінде ер адам оны жалдамалы пәтерге алып барып, зорлаған.

Бес күннен кейін қыз қашып шығып, туған әкесіне хабарласқан. Әкесі дереу полицияға шағым түсірген.

Тергеу және сотқа дейінгі кезеңде анасы мен өгей әкесі қызды арызын қайтарып алуға қорқытып, туыстарына қысым көрсеткен.

Бірнеше рет қызға барып, “шағымыңды қайтарып ал” деп үгіттеген. Сол әрекеттердің бірі кезінде өгей әке 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Кейін анасы қызды арызды қайтарып алуға көндіргенімен, ол сот процесіне әсер етпеді.

Сот айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді:

«Кінәлі деп танылған адамның әрекеті жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалармен және өзге де дәлелдемелермен расталды. Жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ», — деді судья Самал Аринова.

Сот үкімімен ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оған қоса, өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен байланысты қызмет атқаруға тыйым салынды.

Жәбірленуші қыздың туған әкесі бұрынғы әйелін және оның қазіргі күйеуін де жауапқа тартуды талап етті.
Сот прокурорға бұл жайтты тексеруді тапсырды.