Қарақат Әбден. «Сауыншы»
Иіген биені исіндірмей сауып алу да – өнер. Өйткені жылқы жарықтық, бауырында сағаттап отырсаң да, күйсеп тұра беретін сиыр емес. Былқылдап толған желінді лезде жылпылдатып сауып алмасаң, сүт кері кетеді. Ал біздің кейіпкеріміз президенттік сайлаудың аламанына «желі жағалап» барғанын ұмытпаған шығарсыз. Қарақат Әбденге «сауыншы» деген ныспы алғаш рет осы кезде тағылған секілді.
Шелек алған, желіге барған...
Әңгімемізді бірден осыдан бастамасақ, оқырманға қызық болмай қалғалы тұр. Қызықтың көкесі президенттік сайлауда болғаны біраз жұрттың есінде. Себебі егемен Қазақстан тарихында президенттік сайлау тұңғыш рет Назарбаевсыз өтті. Назарбаевсыз өтетін сайлауды көпшілік Назарбаев дәуіріндегі додалардан өзгешелеу болатын шығар деп күткен. Солай болды ма, болмады ма, ол жағы енді басқа әңгіменің тақырыбы. Әйтеуір 2022 жылдың қарашасында өткен сайлауға суырылып шығып, алты адам қатысты. Дегенмен көңілдеріне келмесін, билікке таласқан бесеудің ешбірі «таққа тақым үйреткен» Тоқаевқа шын мәнінде бәсекелес боларлықтай деңгейде емес еді. Сондықтан жұрттың сайлауға деген ынтасы сұйылып бара жатқан.
Міне, қызық осы кезде басталды. «Ауылдан» шығып, аламанға түскен Жигули Дайрабаев Ақтөбе жұртшылығымен кездескенде, ат тағалап, жұрт назарын аударды. Президент болғалы жүрген адамның ат бауырында түйтіңдеп жатқаны көзге ерсі көрінсе де, елдің іші жылып қалды. «Дайрабаев дара келсе, Қазақстанда ат көбейеді екен» деп жорығандар кезікті. Бірақ Жүкең мұнымен тоқтаған жоқ, қойдың қою сорпасына тойып алып, жілікті бір ұрды да, екі басын екі жаққа ыршытып жіберді. Ел мұны «ет көбейедіге» теліді. Қараша «енді Нұрлан Әуесбай мен Мейрам Қажыкен қайтер екен?» деп ойлап отырғанда, олардан бұрын Қарақат Әбден «қозғалған». Қозғалғанда, білегіне қызыл шелегін іліп алып, Семейде бие сауды.
– Ұлы Абайдың жеріне келіп, балалық шағымды есіме алып, өзім ауылда өскен, сиыр мен биені сауып өскен қазақтың қызымын ғой. Сондықтан біз үшін жылқы деген, қымыз деген өте ыстық, – деді кейіпкеріміз. Әрі бұл сөзін кер биенің бауырында отырып айтты.
Басындағы әдемілеп байлаған орамалы да, кәнігі сауыншы секілді бір тізерлеп отырысы да, көптің көңілінен шықты. Қара күзде сары қымызды аңсаған қазақ Қарақатқа дауыс бермекке бекінді. Осылайша, сайлаудың қорытындысы шыққанда, ат тағалаған кісінің – екінші, бие сауған әйелдің – үшінші келгені белгілі болды. Бірақ кейіпкеріміз дауысын даулап, шу көтермеді. Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады. Міне, осы кезде үлкен саясаттың жөн-жосығын білетіндер «Қарақат Әбден енді жерде қалмайды» деп топшылаған. Жерде қалғаныңыз не, кейіпкеріміз саясаттың соқпағында желдей ескен Жигулимен «жарысып», Мәжілістің төрінен бір-ақ шықты.

«Мандатыңды тапсыр!»
Саяси додада президентпен «құйрықтістесіп» мәреге жеткен кейіпкеріміздің іле-шала «құйрығына қоңырау» байланғаны белгілі. Дұрысы, Қарақат Әбденнің сайлауалды насихатында аңдамай айта салған бір сөзі кейін өзінің басына «сойыл» болып тиді. Негізі сауыншы келіншектің сайлауалды бағдарламасы естіген жұрттың жүрегін елжіретіп жіберетіндей мәнді де маңызды болатын. Онысы: «Мен отбасына, қоғамға және Отанымызға не қажет екенін білемін!» деп басталатын. Бәрін білетін келіншектің білмей қалған бір дүниесі – «Шетелдіктермен некеге тұрған қыздарға салық енгізу» туралы мәлімдемесі. Мұны ол президенттікке кандидат болған кезінде теледебатта айтып жіберген. Осы пікірін кейін депутат болғанда тағы қайталады.
Түсінген адамға, Қарақаттың мұнысы – қапелімде аузынан шығып кеткен сөз емес сияқты. Бекер адам президенттік сайлауға түсе ме, кейіпкеріміздің алысты болжаған түрі бар. Өйткені қазақ қызын шетке жібермеу ұсынысы – қазаққа ұнайды. Салық салу – үкімет үшін жағымды. «Ауылдың» арман-мүддесімен мөлшерлесеңіз, қыз-қырқын шетелге кеткенше, ауылға барып бие сауғаны дұрыс. Алайда бұл ұсыныстың бірер кемшілігі тағы бар. Шынтуайтына келгенде, қыздарды шетелге жібермеудің қамы – «тізесі шыққан» мәселе. Себебі мұны кім айтып, кім көтермеді? Тіпті сонау 2017 жылы Мұхтар Шаханов шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын азаматтықтан айыруды ұсынған. Салыстырып қарасаңыз, ақынның талабы депутаттың дегеніне қарағанда, әлдеқайда әділетті. Өйткені онда «кетсең, бір-ақ кет» дейтін батпандай салмақ жатыр.
Екіншіден, кейіпкеріміздің ұсынысы Конституциялық нормаларға қайшы болатын. Сондықтан «НеМолчиKZ» қоры бастамашы болып, Қарақат Әбденді мандатынан айыру жөнінде петиция жариялаған. Оған көп адам үн қосты. Мәжіліске жаңа барғанда, «мандатыңды өткіз» деп халық шулап жатса, кімге жақсы дейсіз?! Алайда кейіпкеріміз желінінен қанша тартсаң да, иімей қоятын қыңыр бие құсап, міз бақпай қойды. «Ауыл» партиясы да «президенттік сайлауға түскен» деген дүрдей атағы бар Қарақатты қатарынан қуғысы келмеді.
Ең қызығы, күні кеше El kz YouTube-арнасына сұхбат берген кейіпкеріміз «Депутаттық креслоға отырып алып, бәрін ұмытып кеткен депутаттар да көп. Ең жаманы сол», – деді. Бірақ «ұмытшақ» депутаттардың атын атамады. Сондықтан оларды болашақ кітабында әңгімелейтін шығар деп үміттенеміз. Ал қалай әңгімелеуі мүмкін екенін келесі бөлімде баяндайық.
«...Секссіз де өмір тамаша!»
Қарақат Әбден – Қорғалжынның қызы. Бұл кісіні жұрт саясаткер, экономист қана емес, жазушы деп те таниды. Мәжіліске келмей тұрып, Астана қалалық мәслихатында депутат болған. Бұл – 2016-2021 жылдардың аралығы. Міне, осы кезде «бекер отырғаным жараспас» деді ме, кейіпкеріміз «Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық институтының негізін қалаған. Орталықта жеткіншек қыздарға салт-дәстүрден тәлім-тәрбие берілді. Тіпті институт тәлімгерлерінің құлағына көнекөз әжелер салт-сананың інжу-маржандарын сіңірді.
Бірақ әжелер айта алмайтын бір нәзік мәселе бар еді. Оны өзіңіз де түсініп тұрған шығарсыз, қысқасы, жақсылап толғанып алған кейіпкеріміз көкейіндегі ой-қиялы әбден пісіп-жетілгенде, «Сен қазақтың қызысың, мақтан ет!» деген кітап жазып тастады. «Менің кітабым қыздарға қалай табысты, нәтижелі және бақытты болуды, заманауилық пен ұлттық дәстүрді қалай ұштастыруды үйретеді», – деді, Қарақат Әбден 2019 жылы өткен жаңа кітаптың тұсаукесерінде.
Кітаптың сыртын көргендер шынымен де қуанды. Өйткені 314 беттік еңбек баспадан өте сапалы шыққан. Ал ішін ашып, оқығандар жымыңдап, бір-бірінің бетіне қарады. Ал құдайшылығын айтсақ, бұл жерде күлетін ештеңе жоқ-тұғын. «Сауыншы» кісі өмірдегі көрген-түйгені мен салт-дәстүрдің санасына сіңген жауһарларын қағазға түсіріп, қыздарға кеңес айтқан. 160 лайфхактың арасында «Қыздықты сақтау керек пе, жоқ па?» деген сұрақ қойылады да, оған былайша жауап беріледі:
«Лайфхак 14. Білесің бе, секссіз де өмір тамаша. Егер ол сені сүйсе, міндетті түрде күтеді. Тұңғыш еркекті таңдағанда мұқият бол. Ол сенің жалғызың болып қалуы өте маңызды.
Лайфхак 16. Мұндай қадамға бармас бұрын интимдік жақындасу жайлы ойлан. Мұқият ойлан».
Былай қарасаңыз, мұнда тұрған не бар? Ертең сан соғып, бармақ шайнамас үшін қыз балаға мұқият ойланғанның несі зиян? Алайда депутаттың көз майын тауысып жазған бұл кеңесі бірқатар адамдарға бәрібір ұнамады. Олардың ойынша, «Әр қызға өз анасы айтуы тиіс мәселеге Қарақат ханым қиырдан келіп, қапталдасқан». «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазақ мақалының биігінен қарасаңыз, Қарақаттың кеңесі артық болмауы керек еді. Есесіне, алғашқы пікірдің «артын ашқан» және бір байлам айтылды. Ондағы деректерге сенсек, «Депутаттың «төмен жақтың» әңгімесін қозғауына жоғарыдан келген қаржыны игерудің қамы себепкер болған-мыс».
Журналисті кім қорқытты?
Ел-жұрт Қарақат Әбденнің кітабын талқылап, «әлек болып» жатқанда, журналист, белсенді Фариза Оспан «Қазақ қызы» институтына бөлінген қаржының тізімін көрсетіп, кейіпкерімізден оның есеп-қисабын сұрады. Белсендінің көрсетуінше, «Қазақ қызы» институтына 2019 жылы – 17 544 000, 2018 жылы – 21 836 500, 2017 жылы – 121 398 240, 2016 жылы – 36 531 000 қаржы бөлінген. Мұның сыртында, 2016-2019 жылдар аралығында үкіметтік емес ұйыммен жасалған келісімшарт сомасы 197 миллион теңгеден асқан көрінеді. «Деректің бәрі мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық ақпарат көздерінен алынды», – деді Фариза Оспан.
Енді осы жерде the-village-kz.com порталы жариялаған тағы бір дерекке назар аударайық. Кезінде Қ.Әбденнің жобасын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Нұр Отан» партиясы қолдаған екен. «Ай сайынғы оқу ақысы – 50 000 теңге. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарындағы қыздарды оқытуға мемлекет арнайы гранттар бөледі. Сонымен, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін Нұр-Cұлтан қаласының білім басқармасы 272 миллион 605 мың теңгеге шарттар мен қосымша келісімдерге қол қойды», – дейді портал.
«Бұл қаржы аз ба, көп пе?» деп, әңгімені көбейтпей-ақ қояйық. Бірақ Фариза Оспанның сұрағы өте маңызды еді. Белсенді орталықтан қанша қыздың тәрбие алғанын, оған қанша қаржы жұмсалғанын, берілген тәлім-тәрбие қандай өлшемдер бойынша анықталатынын сұрап, депутаттан жауап талап етті. Бұдан арғысын тек Фариза Оспанның жазбаларынан ғана білеміз. Оның айтуынша, белсендіге «өзің өжет қыз екенсің» деп астына әдемілеп көпшік қойған депутат кездесуге келіседі де, кейін әртүрлі сылтау айтып, ол ойынан айнып қалады. Қарақатпен жолығатынын әлеуметтік желі арқылы жалпақ жұртқа жариялап тастаған белсенді: «Армандаппыз, мырзалар, жаңа ғана Қарақат телефон соғып, келмейтінін айтты», – деді.
Қызығы, кездесеміз деп кездесе алмай қалған екі қыз әлемжелі арқылы «керісіп» жатқанда, белсендінің телефонына белгісіз адам қоңырау шалып, қоқан-лоқы жасаған. Қарақат Әбден жөніндегі жазбаны әлемжеліден алып тастауды бұйырған. «Алмасам, қайтесің?» деген сұраққа «заңнан тыс әрекет етеміз» деп жауап берген көрінеді. Тұтқаның ар жағындағы кісінің кім екеніне Getcontact арқылы тексеру жасалғанда, белгісіз адам туралы «Президент күзет қызметінің 3-бөлім қызметкері» деген ақпар шыққанға ұқсайды. Бұл енді Фаризаның жазғаны. Оның сөзінде қандай да бір жалғандық болса, Қарақат ашу шақырып, дау көтеруіне болар еді. Алайда «депутат белсендіні сотқа беріп жатыр» деген мәлімет жоқ.
Түйін: Қазақстанның саяси тарихына көз салсаңыз, Жоғарғы кеңес депутаттығына өткен сауыншылардың аз болмағанын көресіз. Мәселен, Социалистік Еңбек Ері Сағила Әбдірахманқызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағиба Дүйсімбекова және басқаларды мысал етуге болады. Бірақ олар кәсіби сауыншылар еді. Ал біздің кейіпкеріміздің жөні бөлек. Оның жай ғана «сауыншы» емес, саясаткер, экономист һәм жазушы екенін жоғарыда айттық. Осыдан кейін «Қарақат Әбден желіде бие ғана емес, жүйеден тиын да сауа алады» дейтіндерге қандай қарсы уәж айтуға болады?..