Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 14 Маусым 2024

«Қарапайым халық банкрот болатын заманға жеттік». 8,5 миллион азаматтың 18 триллион қарызы бар

Мемлекеттік қарыз
Фото: Турар Казангапов

Қазір халық берешекке белшеден батты. Бүгінде 8,5 млн қазақстандықтың қаржы ұйымдары алдында 18 трлн теңге борышы бар.

Соның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық несие бойынша қарызы 10 трлн теңге болған. 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңге проблемалық несиесі бар. «Бірінші несие бюросының» мұндай деректерінен мәселенің өте ауқымды екенін байқауға болады.

Былтыр халықтың арқасында батқан борыш жүгін жеңілдету мақсатында үкімет «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылдаған. Проблемалық несие қоржынының көбейіп кетуі экономикаға қауіп екенін, халықты қарызға батыра берудің соңы жақсы болмайтынын, сондықтан бізге жеке тұлғаларды банкроттау қажеттігін бірнеше жыл бойы айтып жүрген сарапшылар бастапқыда бұл бастамаға қуанған. Қарапайым халық та «осы заңның арқасында қарыз қамытынан құтылармыз» деп үміттенді. Алайда қолданысқа енгеніне тұп-тура бір жылдың жүзі болса да қабылданған заң мүлдем жемісін бермепті.

Деректерге сүйенсек, заң аясында өзін-өзі банкрот деп тануды сұраған азаматтардан 67 мың өтініш келіп түскен. Соның 4 пайызы ғана қанағаттандырылған. Бұған қатысты экономист-ғалым Қайырбек Арыстанбеков «Банкроттық туралы заң мүлде жұмыс істемей тұр. Оны не үшін қабылдадық? Оның не керегі бар? Тек басымызды қатырып, халықты да алдап отыр. Биліктің өзі де алданып отыр», – дейді.

Экономист-ғалымның айтуынша, аталмыш заң тек көзбояу болған жайы бар. Заң қарапайым халыққа қызмет етіп жатқан жоқ.

Ал енді алдымен заңда қандай талаптар барына келсек, негізінде, заң бойынша банкроттық үш рәсім бойынша жүреді. Соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Қарапайым халыққа керегі – соттан тыс рәсім және төлем қабілетін қалпына келтіру. Егер қарыз көлемі 5,5 млн теңгеден аспаса, соттан тыс рәсім арқылы банкроттыққа өтініш беруге болады. Мұндайда жауаптылар жеке тұлғаның әлеуметтік жағдайын тексереді. Баспанасы болмаса, соңғы бір жыл бойы несиесін төлей алмаған болса, көлігі және басқа жылжымайтын мүлкі болмаса банкроттайды немесе төлем қабілетін қайта қалпына келтіріп, қарызды аз сомада төлейтіндей етіп бес жылға бөліп береді. Міне, қарапайым бұқараға заңның осы бөлігі тиімді көрінген. Содан кейін-ақ жұрттың дені өзін-өзі «банкрот жасауға» талпынып, Еgov арқылы өтініш бере бастады. Бірақ 5 млнға жетпейтін несие алғандардың арасында банкрот болып, қарызы кешірілгендердің қарасы некен-саяқ.

Алматы қаласының тұрғыны Гүлнұр Қасымжан да банкрот жариялауға өтініш бергендердің бірі. Кейіпкеріміздің сөзінше, ол төрт жыл бойы несиесін төлей алмай жүр. Атында ешқандай жылжымайтын мүлік жоқ. Несие төлеуге шамасы келмейтіндіктен «банкрот боламын» дегенге сенімді болған.

«Ақшадан қысылдық. Банктерден несие алдық. Кредитімді төлей алмай жатқаныма төрт жылдан асты. Бірақ ақшадан тарыққанда жалғыз алтын сырғамды ломбардқа өткізетінмін. Кейін жалақы алғанда сырғамды ломбардтан алатынмын. Қызығы сол, банкроттыққа өтініш бергенде базадан осы деректерім шықты. Ломбард бойынша мерзімі өтпеген уақытында төленіп отырған несием бар болып шықты. Адамдар еріккеннен алтынды ломбардқа өткізбейді. Қысылғаннан солай істейміз. Ломбардты да төленген несиелер тізіміне жатқызып, қарапайым халықты несіне алдап отыр?! Естуімізше, бұл заң аясында 200 млн несиесі барлардың қарызы кешіріліп жатыр екен. Ал біз тәрізді қарапайым халықтың несиесін кешіру үшін түрлі сылтаулар айтып, өтінішімізді барынша қанағаттандырмауға тырысып бағады», – дейді Г.Қасымжан.

Бұл заңның жайын білмекке, заңгерлерге де хабарластық. Заңның томпақ тұстарының біріншісі, күні ертең банкрот болған адам 5-7 жыл бойы несие ала алмайды. Мұның өзі адамдардың құқын шектеу. Екінші, үш жыл бойы шетелге шығуға тыйым салынады. Жақын туысын емдету үшін немесе өзі емделу үшін, тіпті шетелдегі туысын жерлеу қажет болған жағдайда да бара алмайды. Оқуға, іскерлік мақсаттарын жүзеге асыруға да шетелге шығуға болмайды. Үшінші, кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Ал банкроттыққа әдейі жүгінсе, мүлкі, табысы және басқасына қатысты жалған ақпарат берген болса ондай адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Заңгер Жандос Өмірғалиев лажы болса жеке тұлғалардың өзін-өзі банкрот жарияламағаны дұрыс екенін айтады. Оның ойынша, бізге банкроттықтан бұрын «Банктер және Банк қызметі» туралы заңды халыққа тиімді ету керек.

«Негізінде жеке тұлғаларды банкроттау туралы заңның өзі адамның құқын шектейді. Қазір қарапайым халықтың 80 пайызы тұрмыстық қажеттілігін несиеге алады. Үйіндегі техникадан бастап, көлігіне дейін несиеге алатын адамдарға «сен банкрот болдың, енді 5-7 жылға дейін несие ала алмайсың» деп талап қою қисынсыз. Мұның орнына үкімет «Банктер және Банк қызметі» туралы заңға сауатты өзгерістер енгізуі керек еді. Мысалы, несиені мұраға қалдыру деген рәсім бізде ғана бар. Әкесі бақилық болып, несиесін баласы өтеп жүрген жайттар кездеседі. Банкке несие алуға барса несиені сақтандыру қызметін тұтынушыға міндеттеп, тықпалау да бар. Ал несиені тұтынушы төлей алмай қалса немесе борышкер ауырып, жазатайым жағдай болса, борышты төлеп беріп отырған сақтандыру қызметі жоқ. Біздегі банктер төтенше жағдай кезінде үш айға каникул беруді ғана біледі. Осы уақытқа дейін елдегі екінші деңгейлі банктер тұтынушыны тонады. Банктердің халыққа тиімді бірде-бір өнімі жоқ. Не баспана, не арзандатылған автокөлік алуға қолайлы өнім ұсынып отырған банкті таппайсыз. «Отбасы» банктің өзі нарықтағы жалғыз монополист. Банктің 7 пайызбен берілетін несиелерінің өзі өте қымбат. 10 млн теңгені өзің жинап, «Отбасы» банктен 10 млн теңге алсаңыз, пайыз 20 млн теңгеге есептеледі. Банктердің осындай қитұрқы әрекеттерінің салдарынан халық қарызға батты. Кезінде 2000-жылдары аялдамада филиалдарын ашып алып, халыққа несие таратқан банктер болды. Қазір солардың өзі банкрот болып, нарықтан ығысты. Енді қарапайым халық банкрот болатын заман туды. Бірақ бұл елдің ахуалын көтеретін тәсіл емес. Бұл заңмен халықтың жағдайын түзеуге ықпал ете алмаймыз. Заң асығыс қабылданды. Бұл заңды қабылдаудың астарында лоббистік көзқарас болуы да әбден мүмкін. Себебі заңның қомақты қарызы барларға жұмыс істейтіні туралы мен де естідім», – дейді заңгер.

Жалпы, деректерге жүгінсек, расымен банкроттыққа өтініш бергендердің арасында 100 млн, 200 млн теңге несие алғандардың бар екенін байқаймыз. Ашық дерек көздерінен белгілі болғандай, Сарыағаш ауданының қос тұр­ғыны бұл тізімде алғашқы бестікте тұр. Мысалы, 1962 жылғы Төребаев К. есімді азамат 183 млн 248 мың теңге қарыз болса, 1991 жылғы Мүсірәлиева Ж. есімді азаматшада банкке 98 млн 981 мың 992 теңге борыш. Сондай-ақ Алматы қаласы Медеу ауданының 1969 жылғы Бектасов А. деген тұрғыны ForteBank АҚ-на 106 млн 539 мың 959 теңге қарыз. Тізе берсек, өтініш бергендер арасында мұндай қомақты сомада несие алғандар жетіп артылады.

Мамандардың байыптауынша, мұндай көлемді қарыздар кешірілген соң банктер өздерінің несие пайызын жоғарлата қоюы да әбден мүмкін. Себебі мұндай ірі көлемді қарызы бар борышкер «банкрот» деп танылса, оның қарызын үкімет банктерге қайтармайды. Борыш жай ғана есептен шығарылып тасталады. Мамандар бұл әрекет банктердің капиталын азайтатындықтан, енді ол шығынды толықтыру үшін банктер несие пайызын өсіруі ықтимал екенін айтады. Айналып келгенде, бұдан жапа шегетін тағы сол қарапайым халық болмақ.

Қайрат Бодаухан
Қайрат Бодаухан. Фото: ашық дереккөз

Экономист-ғалым Қайрат Бодауханның пікірінше, «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң көбіне олигархтардың мүддесін көздейді.

«Бұл заң олигархтардың құқығын қорғайтын, солардың мәселесін шешетін заңға айналып кетті. Бастапқыда жеке тұлғалар қуанды. Алайда қазір заң қарапайым халыққа жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл – шындық. Бізде «Депутаттар заңды қабылдарда лоббистік көзқарасқа бой алдырды ма?» деген күдік те бар. Себебі олардың арасында да бизнес жүргізетін, қомақты қарыз алатындар бар. Демек, депутаттар да өздеріне тиімді жағын зерттеп барып заңның қабылдануына ықпал еткен болуы керек. Әйтеуір бұл заң халықты алдады. Бұған дейін де елімізде пайдасы болмаса да бірқатар заңдар қабылданды. Бағдарламалар болды. «Банктер арқылы тұрғын үй нарығын дамытамыз, арзан автонесие бағдарламасын ұсынамыз» деген күндеріміз болды. Бірақ шындап келгенде, бұл жобалар қарапайым халыққа тиімді болған жоқ. Керісінше, қарыз құрдымына құлап, одан шыға алмай қиналған адамдар көбейді», – дейді Қ.Бодаухан.

Маманның ойынша, қазір халықтың тұрмысы қаусап тұрғанын мойындауымыз керек. Болашақта бізге банкроттықтан бұрын әлеуметтік ипотека мәселесін қарастыру қажет. Біздегі кез келген ипотека ақшаны сорады. Үйді ипотекаға алған соң да жөндеу керек, ішіне алынатын жиһаз, техника тағы бар. Өкінішке қарай, жұрт оны да кредитке рәсімдейді. Мамандар әлеуметтік ипотеканы тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға ғана беру керектігін айтып отыр.

Жалпы, экономиканы жақсартып, халықтың табысын көтермей, мәселені шеше алмайтынымыз белгілі. Бұл ретте үкімет ұлттық жобаларды ұсынып, депутаттар үнемі «Қарызсыз қоғам» жайлы насихат айтып жүр. Бірақ елдің қарыздан арылар түрі көрінбейді. Жылдан жылға кепілсіз несие алатындардың саны артып бара жатқанынан-ақ мұны аңғаруға болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы бюджетке жалпы 17,8 трлн теңге түссе, алынған несиелер көлемі одан да асып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының дерегінше, суицид жасау бойынша Қазақ­стан жаһандық алғашқы ондыққа кіреді екен. Зерттеулерге сүйенсек, ересектердің өзіне-өзі қол салуына негізінен жалғыздық пен қарыз себеп болатын көріне­ді. Қарыз құрдымына құлап, одан шыға алмай қиналған бірқатар адамдардың ішінде асылып қалғандар, биіктен қарғып, өзін-өзі өртегендер де болды. Бірақ әрбір қарыздың, несиенің артында әлеуметтік-экономикалық саланың кібіртіктеп жатқаны барын мойындағысы келмейтін біздің атқарушы биліктегілер елге қаржылық сауаттылық жайында дәріс оқиды. Осылайша, халықтың кедейленгенін елдің өзінен көретін шенеуніктер де бар.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ