Қарашөкеев азық-түлік бағасын «түсіндіру жұмысы» арқылы реттемек
Жаңа жылдан соң базарға кеткен келіншегім үйге басын шайқап, «тағы да бәрі қымбаттапты» деп «сайрап» келді.
Айтуынша, келісін 2700 теңгеден алып жүрген фарш 3000 теңгеге шарықтап шыға келсе, 150 теңгенің картоп-пиязын 200 теңгеден алған. Бұл ретте Қарашөкеев те 2025 жылдың алғашқы аппараттық жиынын қымбатшылыққа, бас бермей өсіп жатқан азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға арнауына тура келді.
Облыста өткен жылдың қорытындысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар бірнеше азық-түлік тауарының бағасы күрт қымбаттап кеткен. Атап айтсақ, нан 165 теңгеден 198 теңгеге қымбаттаса, жұмыртқа 492-ден 507 теңгеге, айран 362-ден 403 теңгеге, тұз 65-тен 75 теңгеге, тауық еті 1115-тен 1317 теңгеге, тұздалмаған сары май 3520-дан 4647 теңгеге, сүзбе 1805-тен 2013 теңгеге, сиыр еті 2362-ден 2579 теңгеге, картоп 145-тен 191 теңгеге, пияз 145-тен 191 теңгеге, қырыққабат 139-дан 147 теңгеге, күнбағыс майы 713-тен 754 теңгеге қымбаттаған. Бұл тауар түрлері бойынша мыңдаған тонна тауарға тұрақтандыру қоры арқылы интервенция жасалып келгенін айта кеткеніміз жөн. Биыл да 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде 8 тауар түрі бойынша ірі сауда желілеріне, дүкендерге, базарларға 746,1 тонна, 2566,8 мың дана және 75,6 мың литр тауарға интервенция жүргізу жоспарланыпты. Азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында тікелей сатып алу арқылы және форварттық келісімшарт негізінде 13 569,5 тонна және 4 731,6 мың дана тауар қоры қалыптасқан.
Жаңа жылдан бері ұн мен қарақұмық бағасы арзандады деген басқарма басшысы соңғы бір апта ішінде 5 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары – тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп бағасы тағы көтерілгенін айтты. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар санатқа жатпайтын азық-түліктердің өзге түрлерінің нешесі қанша пайызға қымбаттап үлгергені бір Құдайға аян. Олай дейтініміз – ол бойынша мониторинг жүргізілмеген.
Ал Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің сөзінше, өткен жылы азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырған 72 кәсіпкерге ескерту беріліп, жетеуіне айыппұл (627 640 теңге) салыныпты. Сонымен бірге сөредегі тауар құны мен кассадағы баға айырмашылығы үшін 9 сауда нүктесі 1 956 760 теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Дейтұрғанмен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген мониторингтен нақты нәтиже болмай тұр. Қарашөкеев те «Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру өте маңызды. Бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аудару қажет. Сауда департаменті мониторинг, ал жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейту тиіс. Азық-түлік тауарлары бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауда ұстау керек. Өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыру керек» деп жауапты басшыларға дүкендерді өздері аралап, бағалардың нақты жай-күйімен көзбе-көз танысуды тапсырған болатын.
Бас бермей бара жатқан бағаны тұрақтандыру Қарашөкеевтің қолынан келе ме, оны енді уақытында көре жатармыз. Алайда өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін тек ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізумен, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысын жүргізгенмен мәселе шешілмейтінін Шырақбайұлының да «іші білетін» шығар.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы