Қарашөкеев қойған әкім жұмысын үй-жайын жөндеуден бастады
Қыркүйектің 6-сы күні Ербол Қарашөкеев Мойынқұмға жапырып жұмыс істейді деп сенім артып тағайындаған Ермек Кәрентаев келе сала алдымен қызметтік үй-жайын қатырып алуды жөн көргендей.
Өткен аптадағы аудандық сессияда мемлекеттік сатып алудан үнемделген 185 миллион 755 мың теңге қаржының 25 миллион теңгесін әкім тұратын үйге күрделі жөндеу жүргізу мен жаңа жиһаздар алуға бөліпті. Тағы сондай қызметтік үйдің бірінің жөндеуіне 4 миллион 475 мың теңге бөлінетін болады.
Өткен жылдың 5-қыркүйегінде Жамбыл жеріне әкім болып келген Ербол Қарашөкеев бір жылда бір орынбасары мен бірер басқарма басшысын ауыстырғаны болмаса, аудан әкімдеріне «ауыз салмаған» еді. Шырақбайұлының шыдамы тұп-тура 1 жылға жетіп, қыркүйектің 6-сы күні 4 ай бос тұрған Мойынқұмға Ермек Кәрентаевты өзі апарып тағайындап қайтқан еді.
Жалпы алғанда Кәрентаевтар өңірдегі өте танымал әулет. Мойынқұмның жаңа әкімінің әкесі Амангелді Кәрентаев ұзақ жылдар Жамбыл облысында басшылық қызметтер атқарған, Шу, Байзақ аудандарының әкімі болған. Бірақ әкесін жақсы білетін жамбылдықтар кіші Кәрентаевты жыға танымайды. Олай болатыны – Ермек Кәрентаев Таразда туғанымен, әр жылдары ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің басқарма басшысы, ҚР премьер-министрі кеңсесінің сектор меңгерушісі, ҚР парламенті сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі, ҚР президенті кеңсесінің бас инспекторы, ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары сияқты түрлі қызметтердің құлағын ұстап, Астанадан ауылға өткен жылы Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы болып ат ауыстырған болатын.
Қарашөкеев Мойынқұмның жаңа әкімін тағайындау сәтінде шалғай ауданның ахуалын арттыру бойынша басшылықтың алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өткені есімізде. Атап айтқанда, ауданның экономикалық өсу көрсеткіштерін арттыру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысын жүйелеу, т.б. шаруа аз емес. Алайда Шырақбайұлын шығарып салған соң, Ерекең елдің қамын емес, жатар-орнының жайымен әуре болып кеткендей.
Сөзіміздің басында Мойынқұм ауданы әкімінің орындығы мамыр-қыркүйек аралығында 4 ай бос тұрғанын айттық. Сол кезде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Төлегенов қолында қызмет тұрғанда қонышынан басып қалмақ болған. Жуырда Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты парақорлық жасағаны үшін сол кездегі Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Төлегенов, осы ауданның қаржы бөлімінің басшысы Т.Әділбаев және жеке компания өкілі А.Шұбаевты соттады.
Төлегенов пара алғаны, ал Әділбаев мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыс жөніндегі қамқорлығы үшін оған 400 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұдан басқа, Әділбаев Мойынқұм ауылының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстарға жедел ақы төлегені үшін Шұбаевтан 600 мың теңге сомасында пара алған. Сот үкімімен Төлегенов пен Шұбаевқа 12 млн теңгеден, Әділбаевқа 26 млн теңге айыппұл салынған.
Кәрентаевтың қызметтік үйіне қайта келсек. Үнемделген миллиондарды аудан тұрғындарының мәселесін шешу үшін аса қажетті шаруаларға жұмсаудың орнына, жаңа әкімнің 25 миллион теңгені қызметтік үйге жөндеу жүргіземін дегені жергілікті тұрғындардың ызасын тудырып отыр. Жалпы, шалғайдағы Мойынқұмда үйдің бағасы салыстырмалы түрде өте арзан. Тіпті қатты қажет деп тапса – 25 емес, 15 миллионға да жайлы үй сатып алуға болады дейді тұрғындар. Тұрғындардың айтуынша, ауыл шаруашылығы бойынша төмендетілген несие алайын десе, банктер үйлерін 3-5 миллионнан жоғары бағаламайды екен. Ал анандай ақшаға әкім аудан орталығынан шертіп жүріп үй сатып алса немесе жаңасын салып алса болады емес пе? Мұншама қаржыны кұрделі жөндеуге бөлгізгенін түсінбедік дейді. Кәрентаев Мойынқұмға жұмыс істеуге келді ме, әлде Мойынқұмды басқарған кей әкімдердің жолымен қаз-қырғауыл атып, қоян-қарақұйрық қуып, жайлы үйде шалқасынан түсіп демалуға келді ме? Тұрғындар көкейіндегі осы және басқа да сұрақтарымызды Ермек Кәрентаевтың өзіне қойсақ деп едік. Бірақ әкімнің өзіне хабарласып ала алмадық және аппарат басшысы сұрағымыздың ауанын естіп, басшысына жеткізетінін айтқанмен, газет беттелгенше жауап бермеді.
Міне, шалғайдағы ауданның тұрғындары жаңа әкімдерінің жұмысының «бісмілләсінен» осылайша шошып отыр.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы