Қарашөкеев пен шегірткелердің соғысында жалған ақпарат көп
Біз газетіміздің өткен нөмірінде «Орынбасар Тамабектің орындалмаған уәдесі, Қарашөкеев қара шегірткелермен қалай күресіп жатыр?» атты мақала жариялаған едік.
ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Жамбыл облысында шегірткемен күрес жұмыстары аяқталды деген ақпар таратты. Сол кезде Меркі аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Тасқын Аташев бұл жалған мәлімет екенін алға тартып, Меркі алқаптарындағы қаптаған қара шегірткелердің видеосын әлеуметтік желіге жүктеді. Осы орайда біз Тасқын Орынханұлын іздеп барып, әңгімесін тыңдаған едік.
– Меркі аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасымын. Бұл қоғамдық жұмысқа өткен жылдың қыркүйек айында шаруалардың қолдауымен келдім. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, шаруалардың жанайқайын, мәселесін дер кезінде көтеруге, шешімін табуға осы қауымдастық арқылы септігімізді тигізсек деп жүрміз. Біздің Меркі облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдыңғы қатарлы аудан деп айтуға болады. Ауданымызда дәнді-дақылдардың көптеген түрі егіледі. Қант қызылшасы, жүгері, егістік, қауын-қарбыз, жоңышқа, т.б. үлкен көлемде егіліп, мол өнім алып келеді.
Өткен жылы шілде айында Шу ауданы жақтан бізге шегірткенің итальяндық түрі ұшып келіп, екінші орым жоңышқа алқаптарын тып-типыл еткен болатын. Сол кезде олар осы алқаптарда шағылысып, ұрықтарын тастаған екен. Биыл бұл мәселе сәуір айынан басталып көтеріліп, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, фитосанитария саласының мамандарымен бірге алқаптарға барып, комиссия құрып, дабыл қақтық. Бірақ біздегі шегірткемен күреске көңілім толмайды. Бұл бойынша тендерді Түркістан облысының компаниясы жеңіп алыпты. Олардың мұндағы шегіртке қаптаған алқаптардың басы-қасында не өкілдері, не мамандары жоқ. Аудан бойынша 4 ескі техника жүр. Ол техникалардың жүргізушілері ауыздарын буған өгіздей, ләм-мим деп жауап бермейді. Біз облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Әбілхайыр Тамабекке шығып, ол тағы қосымша 4 техника бөлгізді. Бірақ техникалар ескі, әрі дәрілерінің де сапасы күмән тудырады. Бұл қанатты жәндіктер жақын күндері қанаттана бастайды. Егер қанаттанып кетсе, онымен күресу мүмкін болмайды. Бір шегіртке 90 жұмыртқа тастайды десек, шаруалардың қандай орасан зиян шегетінін есептеудің өзі қорқынышты.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Жамбыл облысында шегірткемен күрес жұмыстары сәтті аяқталды деді. Сол кезде сіз бұл жалған мәлімет деп, алқаптардан қаптаған қанатты жәндіктердің видеосын астына жарияладыңыз...
– Иә, күні кеше маусымның 14-і күні ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі: «Жамбыл облысында шегірткемен күрес жұмыстары толық аяқталды» деп айтты. Оған мұндай ақпаратты жергілікті аудан, облыстың осы салаға жауапты басшылары бергені анық. Әйтпесе, Меркіге ауыл шаруашылығы министрлігінің адамдары келген жоқ. Менің айтарым, министрлікке жалған ақпар бергенше, шегірткемен күресті толық аяқтап, дұрыс жұмыс жүргізбей жатқан тендер ұтқан компанияны жауапқа тарту керек емес пе? Өйткені шегірткелердің көбейгені соншалық, жоңышқа алқаптарынан көшіп, қазіргі таңда қанатты жәндіктер бидай-арпа, қызылша алқаптарына жетті.
Мен салған видео Мықанды алқабынан түсірілген болатын. Ол алқапты кеше келіп, дәрілеп кетті. Бірақ Қазақдихан, Тұрлыбай батыр, Тұрар Рысқұлов ауылдық округі, Аспара, Кеңес ауылдарының алқаптарында шегірткеден көз сүрінеді. Олармен күрес жұмыстары лайықты жүргізіліп жатқан жоқ деуге болады. Енді ше, Меркі ауданында 80 мыңнан астам егістік алқап болса, оны 7-8 ескі техникамен, сапасы күмәнді дәрімен қалай күреспек? Мәселенің бәрі «бізде бәрі жақсы» деп мәлімет беріп отырған осы саланың басшылары деп ойлаймын. Әйтпесе, қазірге дейін қалдарың қалай деп Меркіге министр келмесе де, облыс әкімі Қарашөкеев келіп кетер еді деп ойлаймын.
Осы орайда тағы бір айтатын мәселе. Ауданымыздағы ауыл шаруашылығына жауапты әкім орынбасары мен бөлім басшысы бірі 1 айдан кейін, екіншісі 5 айдан кейін зейнет жасына келіп отыр. Оларға қазір шегіртке, шаруалардың жайы «екі қойың бір сом» сияқты. Ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Садықжан Бутабаев осы қызметте істеп жатқанына жиырма жылдан асты. Көзін байлап қойсаң Меркінің кез келген алқабын адаспай тауып баратын жөні бар. Бірақ жұмыстары осы – көңіліміз толмайды.
– Мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан жағдайларға не айтасыз?
– Бұл тұрғыда да мәселе көп. Жеңілдіктердің басым бөлігі ірі, гигант шаруаларға арнап жасалған. Ұсақ шаруалар өз күнін өзі көруге мәжбүр. Мысалы, өзім тұратын Ақтоған ауылын айтайын. 3500 гектар жерге егіс егіп отыр. Оны шабатын 6 техника бар. Бәрі ескі, екі күн жүріп, бұзылады. Шаруалардың жаңа комбайн алуға жағдайы жоқ. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге қолы жетпейді, өйткені ережеде жаңа комбайн алу үшін 500 гектардан аса жерің болу керек деп жазылған. Мысалы, менде 128 гектар жер бар. Шаруалардың көбінде 10, 20, 30, 50, 100 гектар. Меркі ауданы бойынша 1700 шаруа қожалығы тіркелген, 80-нен астам алқап бар. 500 гектардан астам жері бар шаруа қожалығы 20 шақты. 2018 жылдан бері аудан бойынша 4 ғана жаңа комбайн алынды.
Ауданымызда ауыл шаруашылығына жауапты әкім орынбасары мен бөлім басшысы зейнет жасына келіп отырғанын жоғарыда айттым. Жұмыстың жүрмей тұрғаны бір жағы сол кісілерге де байланысты ма деймін. Олардың орнына дән егіп, егін орған, аяғын бұзау басып, арғымақты ерттеп мінген, шаң жұтып, қолы май болып өскен, осы саланың ұңғыл-шұңғылын білетін ауылымыздың жастарын қойса деген тілегіміз бар. Мүмкін сол кезде жұмыс жүйелене түсетін шығар...
Түйін. Егін алқаптарын жайпап бара жатқан шегірткелердің әскерін оп-оңай жеңе салдық деген Қарашөкеевтің кабинетінен шықпай, жалған ақпаратқа сеніп отыра бергенінің өзі оның шаруалар үшін алаңдамайтынын көрсетпей ме деген сұрақ туады. Өздері тапсырма беріп, мыңдаған гектар жерге дәнді-дақыл ектіріп алып, енді оны шегірткенің жемі ғып беріп қойса, қарапайым халықтың еңбегі еш, маңдай тері сор болмай ма?
Сұхбаттасқан Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы