Қарашөкеев сын айтқан тұрғынды «диван эксперті» деп атады
Жамбылда жауған алғашқы қар қалың түсіп, үскірік аяздан жолдар жабылып, тұрғындардың қарға адым жер жүруі қиындады. Бірнеше елді мекен жылусыз қалып, жол апаты көбейді. Әдеттте мұндай кезде әкімдер әбжіл қимылдап әрекет етпесе, жағдай тіпті ушыға беретіні белгілі.
Бекер обалы не керек, қар жауған сәтте шенеуніктерден Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бірден іске кірісіп жатты. Бұл ретте қос әкім – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың не бітіргені белгісіз. Белгілісі – «Тұсақ қой түстен кейін маңырайдының» керін келтіріп, күн аязда дірдектеп сабаққа барған оқушыларды, аяздың беті қайтқан 13-і желтоқсаннан бастап онлайн оқытуға шешім шығарды.
Қалың қардан жолдар жабылып, елдімекендер жылусыз қалып, тұрғындар әкімнің фейсбуктағы жазбасына: «Меніңше, өтірік. Дайындық ноль, жолда техника жоқ – не үшін жол ақылы» деп сын-пікір жазғанына Қарашүкеевтің 12-сі күні: «Диванды экспертсіз ғой, сіз үйде жатып, сайрап жатырсыз» десе, тағы бір сын жазған тұрғынға да: «Диванды эксперт. Абая-Кунаева, Сулейманова 30 минут бұрын өттім жолдар тазаланды» (облыс әкімінің пікірін сөзбе-сөз келтіріп отырмыз) деп салғыласып жауап жазып отырғанын, қала әкімі Орынбеков екеуінің қар тазалап жатқан техникаларға қарап түскен селфиін жүктегенін көрдік.
Өңірде аязды күні қысымға шыдамай газ құбыры жарылып, Жамбыл ауданындағы 5 ауыл – Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково және елді мекендердегі 8 әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Ұзындығы 24 метрге жететін орташа қысымды құбыр 10 жерден жарылған.
«Апатты қалпына келтіру жұмыстары шамамен 4-5 сағат жүргізіледі деген ойдамыз. Әлеуметтік нысандардан 4 мектеп 2 балабақша 2 медициналық ғимараттар жылусыз тұр. Оған байланысты жанар жағар маймен жұмыс істейтін арнайы құрылғы насостармен олардың жылу жүйелерін айналдырып, қатып қалмаудың қамы жасалып жатыр», – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Сонымен қатар Тараздағы «Темір жол аумағы» шағын ауданындағы 700-ге жуық абонент те жылусыз қалған. Жер үйлерге газ бөлетін италиялық қондырғы істен шыққан.
«Қазір 60 адам, 30 бригадада жұмысістеп жатыр. Бүгіндікке 691 абоненттің 398-і қайта қалпына келтірілді. Бір жерде кептеліс болды ма, әлде кептелісте тұрып, жол көлік оқиғасы болды ма, қазір анықтап жатырмыз»,- дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Алғашқы қалың қар жауған 9-10-желтоқсан күндері 6 ірі жол-көлік оқиғасы болып, 6 адам қаза болған және 16 адам жарақат алған.
Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар авто жолының 534-тен 598 шақырымына дейінгі Күйік және Шақпақ асуларында, 159-238 шақырымындағы Қордай асуында ауыр жүк көліктері үшін қозғалыс жабылып, әзірше олар ескі асу арқылы жүруіне рұқсат беріліпті. Айша бибі ауылы маңында 200-ден астам жүк көлігі 3 күннен бері жол бойында тұр. Алғашқы қалың қар түскен түні түрлі бағытта жолға шығып, келеңсіз жағдайға тап болып, адасып кеткен 10-нан аса тұрғын құтқарылып, бірнеше көлікті сүйреп жеткізген.
Осылайша, алғашқы жауған қалың қар Қарашөкеевтің қарымы қаншалықты екенін, әкімнің әуселесін көрсеткендей. Әулиеатаға әкім болғанына 90 күннен асқан Шырақбайұлы әлеуметтік желіде салғаласпай, нақты іске кіріссе, қанеки.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы