Қарашөкеевтің есебі: Чемпионның көшесінен қызылша алқабына дейін
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде дәстүрлі есеп берді.
Облыстың экономикалық жағдайы мен ауыл шаруашылығында бәрі жақсы, инвестиция тартылып жатыр, жаңа массивтер мен шағын аудандар салынып жатыр, ауылдарға газ тарту жобалары жүріп жатыр... Әкім кіріспе сөзіндегі осындай әдемі көрсеткіштердің арасында халықпен басқа әкімдер сынды айына бір рет емес, апта сайын кездесу өткізіп жүрмін деп мақтанып та алды.
Әрине, есептің аты есеп, арасына қыл сыймайды. Ал кезек журналистердің сауалына келгенде біраз проблемалар көтеріліп, облыстағы өзекті дүниелердің, орындалмай жатқан шаруалардың беті ашылғандай болды. Мәселен, чемпионның құрметіне төселген асфальт пен құрылысы бес жылдан бері аяқталмай келе жатқан спорт кешені, кәріз суын тазартатын жүйесі жоқ Тараз бен қант қызылшасы жайлы сауалдарға келгенде әкім мырзаның сөзі сарқылмағанымен, шынайы ахуал көрініп қалып жатты.
Жамбыл облысын экономикасы мен салық түсімі бойынша алдыңғы қатарда деп айта алмаймыз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтырғы ЖІӨ көлемі бойынша 20 өңір арасында 15-орында тұр. Бірақ халық саны көп. Облыстар арасында Түркістан, Алматы, Қарағанды облыстарынан кейін төртінші орында (1 млн 220 мың адам). Негізгі өндірісі фосфор мен минералды тыңайтқыштар. Мұндағы ауыл шаруашылығы да перспективалы салалардың қатарында. Соның ішінде еліміздегі ең ірі қант зауытының бірі осында орналасқан. Алайда бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі өзі әкім болып келген өңірдегі қант қызылшасын өсіретін фермерлердің мәселесін шеше алмай отыр. Меркі қант зауытындағы ұзын-сонар кезек пен шаруалардың жанайқайы естеріңізде болар.
Қарашөкеевтің жанды жері – қант қызылшасы
Түсінікті болу үшін әңгімені дүкен сөрелерінен қант табылмай қалған 2022 жылдың жазынан бастайық. Осы олқылығы үшін ауыл шаруашылығы министрі болып отырған Қарашөкеев президенттен сөгіс те алған. Алдымен 2022 жылғы егіс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін азайып кеткен. Импортқа тәуелді бола отырып, қант қызылшасы алқабын азайту не үшін қажет болғанын кім білсін, әйтеуір шенділер мәселе осылай ушығады деп күтпеген болу керек. Бірақ Ресей тарапы санкциялар фонында ішкі нарығын қорғап қалу үшін қант экспортына тыйым салды. Бұл шешім қабылданған наурыздан кейін Қазақстандағы қант бағасы 285 теңгеден 400 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Осы бетімен баға келісіне 700-1000 теңгеге дейін шарықтап, жазға қарай дүкен сөрелерінен қант табу мұңға айналды. Міне, осы кезде президент: «Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен», – деген.
Ал министр елдегі зауыттардың ескіргенін айтып, ақталып жатты. Арада бір жыл өткенде 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілгенін, соған сәйкес инновациялық зауыт салынатынын хабарлады. Егістік алқабы болса, 38 мың гектарға дейін ұлғайтылады деді. Сөйтіп жүріп 2023 жылдың аяғында Жамбылға әкім болып келген Қарашөкеев зауыттың да, алқаптың да мәселесін біле тұра қайтадан баяғы олқылықтарға жол берді. Қарашаның соңында Меркі ауданындағы қызылша өсірушілер өнімдерін зауытқа өткізе алмай жатқанын, ұзын-сонар кезекті айтып шулады. Бір маусымғы еңбегіміз шіріп, далада қала ма деп қорыққан фермерлердің жайы БАҚ беттерінен түспей тұрды.
Биыл облыстағы 11,2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген, 600 мың тоннадан артық өнім жиналады деп жоспарланған. Дегенмен Меркідегі қант зауытының өңдеу қуаты 200-300 мың тоннадан аспайды. Тараз қант зауыты болса, қызылша қабылдамайтын болыпты. Демек, қалған өнімді не Жетісу облысына, не көршілес Қырғызстанға өткізу керек болады. Алайда жол шығыны мен өнімді сақтау жағы шаруалар үшін қолайсыз. Осының бәрін дұрыс жоспарламаған соң фермерлер тағы күйгелі отыр. Әкім бұл мәселені білмейді емес, біледі. Бұған дейін облыстық мәслихатта да көтерілген әңгіме. Қарашөкеев «қант зауыттарына жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін үкімет тарапынан жеңілдетілген несие» сұрағанын, өкінішке қарай, ақша бөлінбегенін айтқан. Кезінде өзі министр болған сала бойынша проблемасын шеше алмай, ақша бөлдіре алмай отырған әкім мәселені алқаптарды қысқарту арқылы шешіп көруге де талпынып жүр. Себебі аз жерден көп өнім алуға облыс дайын емес екен. «Соңғы төрт жылды алатын болсақ, орташа өнімділік гектарына 320 центнер болды. Биыл бұл көрсеткіш гектарына шамамен 571 центнер. Өнімділік көп болғандықтан зауыттар қабылдап үлгермей жатыр. Енді Меркі қант зауытының иелері өздері өңдеп, өңделмегенін ары қарай Қырғызстанға, Жетісу облысына апара ма, ол жағын қарастыратын боламыз», – деген.
Орталық коммуникациялар алаңында журналистер де қызылша жағын қазбалап, Қарашөкеевті сұрақтың астына алды. Себебі қант қызылшасы әлі толық жиналып біткен жоқ. Болған күннің өзінде зауыттың жайы белгілі. Ал фермерлер үрей үстінде. Шығынға батқандарға өтемақы төлене ме, қызылшаны қабылдап үлгеру мүмкін бе? Белгісіз. Әкім бұған қатысты баяғы «рекордтық урожай» мен ауа райы, суару жағының қолайлы болғанын айтты. Демек, қант қызылшасы осынша көлемде болады деп күтпеген. Өңір басшысының тек пессимистік сценарийге дайындалғаны – өнім көп болады деп ойламағаны қызық...
«Қант зауытындағы кезек кейінгі 30 жыл бойы қайталанып келеді. Себебі қызылша қысқа мерзімде жиналады, сондықтан тапсыруға кезек болады» деп ақталған әкім бұл мәселеге облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңге субсидия бөлінгенін, мемлекет тарапынан да субсидия алу жағы қарастырылып жатқанын, республикалық бюджеттен 5 млрд теңге күтілетінін айтады. Бірақ «сонда алаңдауға себеп жоқ па?» деген сауалға не иә, не жоқ деп жауап бермеді. Қолдан келген шараның бәрін қабылдап жатқанын, Тараз қант зауытымен келісімшарттар жасайтынын айтып, тақырыпты жапты.
Министр кезінде қант қызылшасы алқабын арттырамыз, зауыт саламыз деп тұжырымдама әзірлеген Қарашөкеевтің енді алқапты азайту керек деп отырғаны да парадокс. Ал өнімді Қырғызстанға, Жетісу облысына қалай жеткізетіні тағы белгісіз, «қарастыратын болады».
Кадрсыз Қарашөкеев
Облыс басшысына «Жас Алаш» тілшісі де сауал қойды. Әкімнің кадр саясатына келгенде жүз ойланып, мың толғанатын әдетіне қатысты сұрақ. Себебі Қарашөкеев тағайындаған мамандар көбіне «жаман» атымен танылып жүр. Мысалы, әкімнің идеология жөніндегі орынбасарының орны бір жылға таяу бос тұрды. Ол орынға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры кезінде жатақханаларға дер кезінде жылу бере алмай, аты дауға қалған Серік Сәлемов келген. Сол секілді Мойынқұм ауданы әкімінің креслосы да жарты жылға жуық бос тұрды. Қарашөкеев көп күттіріп сайлаған Ермек Кәрентаев аудан басшысы қызметіне кірісе салып 25 млн теңгеге өзінің қызметтік үйін күрделі жөндеуден өткізді деп сынға ұшырады. Енді, міне, Байзақ ауданы әкімінің орны бірнеше айдан бері бос тұр. Облыс әкімі бекіткен аппарат басшысы болса, журналистерді сотқа беріп, дауласып жүр. Осының себебі жайлы білгіміз келгені сол еді, Орталық коммуникациялар қызметінің модераторы сөзімізді бөліп, бұл сұрақтың облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысы жоқ деп шыр-пыр болды. Сауалды аяқтауға мұрша бермей жатқан брифинг жүргізушісіне облыстық әкімдікте жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер мен аудан әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей қатысты екенін айтып түсіндірдік. Сол кезде әкім де қойылған сұраққа жауап беруге ыңғайланды.
«Мемлекеттік қызметкерлерді белгілі бір лауазымға тағайындаудың өзіндік ережелері бар. Оған қоса, мақұлдау процесі де біршама уақыт алады. Тестілеу, тексеру, қарау, президент әкімшілігінің мақұлдауы секілді кезеңдер кемі 3-4 ай ішінде орындалады. 5-6 ай тағайындау деген кішкене ұзақтау да шығар. Алайда процестің өзі осындай. Басты мақсатымыз – адал, таза жұмыс істейтін, тәжірибесі мол азаматтарды іздеу. Сіздерді естідік. Бұған қатысты жұмыстарды қолға аламыз. Процесті жылдамдататын боламыз. Кадр тағайындауда жергілікті азаматтармен жұмыс істеуге мүмкіншілік жасап жатырмыз. Сырттан келгендер жоқ».
Айтпақшы, қазақша Уикипедияда Қарашөкеев әлі күнге Ауыл шаруашылығы министрі ретінде көрсетіліп тұр. Жамбыл облысына әкім боп келгеніне 1 жыл 3 ай болса да, Уикипедияға назар салмай жүрген әкім мен оның командасы аудандардың әкімсіз отырғанын ұмытып кетсе де таңғалуға болмайды.
Баян Мұратбекқызы