Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 27 Маусым 2024

Қарашөкеевтің облысын екі Ернар шулатып жатыр

Қарашөкеев
Фото: из открытых источников

Әйгілі Абсент тұлпарымен танымал Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылына былтыр ырду-дырду, талас-тартыспен әкім болған Ернар Бағылбековты күні кеше мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында антикор ұстапты.

 Бұл әкімді былтыр аудан әкімі Ернар Есіркепов аттасына жақтас болып, сайлауда құлағынан сүйреп жүріп өткізген еді дейді көгершіндіктер. Екі Ернардың сол кездегі әрекетіне ауыл болып қарсы шыққанымен, қолында билігі барлар білгенін істеген көрінеді.

Бұлай деуге себеп – ауыл әкімін сайлауды жергілікті билік бұра тартып, ауылдан шыққан лайықты үміткерлерді сайлауға жеткізбей, аяқтан шалып, өткізбей қойған. Көгершіндіктер қарсылық ретінде ауыл әкімі сайлауына барудан бас тартатындарын айтып, байкот жариялаймыз деп бұлқынған болатын. Өйткені сайлау күні жақындағанда ауылдан шыққан үміткерлер күмәнді жолмен тізімнен сызылып, ауыл тұрғындары танымайтын, ол ауылда тұрмайтын кандидаттар ғана қалған. Ал сол Көгершіннің әкімшілігінде істейтін төрт маман түрлі жолмен сайлауға түсуге жарамай қалған.

«Президенттің жолдауында айтылған әр ауыл әкімін өзі сайлайды деген әдемі бастамасының быт-шытын шығарды. Неге біз өз ауылымыздан шыққан азаматты әкім етіп сайламаймыз. Неге ауыл әкіміне кандидаттар өзге ауылдан түседі, өз ауылымыздың азаматтары үміткерлер тізімінен сызылып қалады. Біз тізімнен сызылып қалған ауылымыздың тумалары, елдің жағдайын жақсы білетін төрт үміткердің қайсысы болса да қолдаймыз», – деді ауыл тұрғындары.

Дегенмен жеме-жемге келгенде осылайша Көгершіннен ауыл әкімі сайлауына лайықты кандидат табылмай, жергілікті тұрғындарға өзге ауылдан келген үміткерлердің бірін сайлаудан басқа амал болмады. «Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, президенттің жергілікті әкімдерді сайлау атты әп-әдемі бастамасын осылайша Жамбылда екі Ернар ырду-дырду, айқай-шуға айналдырып жіберген еді...

Жә, Көгершіндегі өткен жылғы ауыл әкімін сайлаудың әңгімесін осымен аяқтасақ. Одан бері бір жылда сайланған әкім Ернар Бағылбеков не бітірді? Бұл ретте «басқан ізі білінбеді» деген ауыл тұрғындары, көкесі – аудан әкімі Есіркепов үшін болмаса, Көгершін ауылы үшін ауыз толтырып айтатын жұмыс жасаған жоқ деген пікірде. Бізге жеткен ақпар бойынша – қолына билік тиген күннен бастап Ернар әкім құмда мал бағатын, қалада ет сататын үш адамды әкімдікке жұмысқа алып, айлық жазып, оны өзі алып келіпті.

«Құмда мал бағатын, қалада базарда істейтін, ауылда бір күн де жұмыс істемеген адамдарға мемлекет есебінен айлық төлеп отыру үшін әкім не ақымақ болу керек, не арқасүйер тіреуі мықты болу керек шығар. Көгершін ауылы 3500-ден астам тұрғыны бар Т.Рысқұлов ауданындағы үлкен ауылдардың бірі. Бірақ ауылда кімнің не істеп, не қойып жүргені ауылдастарға мәлім ғой. Бейнелеп айтқанда, ауылда біреу «қаттырақ жел жіберіп қойса да» бәрі естиді. Ауылымызға сырттан келіп, «аудан әкімінің қолдауымен сайланған» әкіміміздің сиқы осы болды, – дейді көгершіндік тұрғындар.

Осылайша, Абсентімен әйгілі Көгершін ауылының аты былтырдан бері әкімдері Ернар Бағылбековтің әрекетімен дүркін-дүркін шығып жатыр.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,

Жамбыл облысы

Тегтер: