Қараусыз қалған «Серпін»: Саясат Нұрбек есеп сұрайды
Бастапқыда көп үміт артылған «Серпінге» биыл 10 жыл. 2014 жылы жергілікті әкімдіктер мен сол кездегі білім және ғылым министрлігі жеңін түріп тұрып кіріскен бағдарлама қазір тіпті елеусіз қалған. Ара-тұра мәжілісте бірсыдыра айтылып өтетіні болмаса, мәні де, маңызы да, стратегиялық мақсаты да ешкімді қызықтырудан қалған.
Әуелде елдің оңтүстік өңіріндегі жастарды солтүстікке оқуға апарып, осы арқылы демографиялық мәселелер мен кадр жетіспеушілігін шешуі керек болған әлеуметтік жоба жақсы қарқын алып келе жатқандай болды. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облысындағы ауылдық мектеп түлектері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарына барып, гранттық негізде білім алуға, сөйтіп кемі 3 жыл сол өңірде жұмыс істеуге тиіс еді. Бағдарлама бірінші жылы тек педагогикалық мамандықтарды ғана оқытса, кейіннен техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтар да қатарға қосылды. ҰБТ-дан кемі 50 балл, әр пәннен кемі 7 балдан алған түлектер грантқа өтініш берерде бағдарламаға жататын мамандықтарды көрсету арқылы тіркеледі.
Сөйтіп, «Серпін-2050» – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына алғашқы жылы – 2 050, 2015 жылы – 6 200, 2016 жылы – 4 312, 2017 – 4 000, 2018 жылы – 5 000 грант бөлінді. Ал 2019 жылы 3 мың грант игерілмей қалды да, жобаның шикіліктері мен ұйымдастырудағы қателіктер көріне бастады. 2020 жылғы көрсеткіш тіпті нашар, жоспарланған 5 132 гранттың тек 1 004-і игерілген. Осы 2014-2020 жылдар аралығында жалпы саны 8 325 грант бос қалған. Сол кездері орнымен ұқсатылмай қалған бюджеттің көлемі 5 млрд теңге деп те айтылып жүрді. Ал мұның бәрі «Серпін» үшін бөлек қарастырылған грант емес, мемлекеттік гранттың есебінен бағдарламаға бөлінген үлес еді. Осыны ескерсек, қаншама сұраныс көп, қажеттілік бар мамандықтарда грант жетпей жатқанда, бұл бос ысырапқа айнала бастағандай әсер қалдырғаны рас. Бағдарламамен оқып, дипломын алғандардың да жайы мәз емес. 2021 жылға дейін оқуын тәмамдаған 11 мың серпіндіктің 2 мыңдайы ғана, яғни 19,5 пайызы өзі барған өңірде тұрақтап қалған. Шарттық міндеттемелердің бұзылуына байланысты 2020 жылы республикалық бюджетке 1,7 млрд теңге аударылған. Бұл орайда әр 5 түлектің екеуі еңбекпен өтеу кезеңінен (отработка) әртүрлі себептермен босатылса, тағы екеуі қалып жұмыс істеуден мүлде бас тартады екен. Демек, онның екеуі ғана алған грантын ақтау үшін жұмыс істейді. Осы статистикалардың әсерінен болар, соңғы оқу жылдары бөлінетін грант саны тіпті қысқарыпты. 2023-2024 жылы бар болғаны 3 653 грант бөлінген. Өткен оқу жылындағы көрсеткіш те дәл осындай.
Грант санынан бөлек, қазір бағдарламаны жарнамалап, профориентация жасап жүрген ЖОО мен колледж қызметкерлері болмаса, «Серпін» аты бар, заты жоқ сағымға айналып кеткендей әсер қалдырады. Ресми сайттары 2019 жылдан бері жұмыс істемейді, Ұлттық тестілеу орталығы көрсеткен нөмірлер жауап бермейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі есеп жинағаннан басқаға бас қатырмайды, ал жергілікті білім басқармалары тіпті бейхабар. Оған біз облыстық білім басқармаларына хабарласқанда көз жеткіздік. «Серпін» дегеннен-ақ бәрі бірдей «оны университеттің өзінен білу керек, оны колледждің өзінен сұрау қажет» дей берді. Ең қызығы, бірнеше облыста бұл бағдарлама тоқтап та үлгеріпті. Аты жер жарып, 2050 жылды нысанаға алған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» Ақмола облысында 2021 жылы тоқтатылса, Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылы соңғы 44 колледж түлегі диплом алған. Шығыс Қазақстан облысында да осы жағдай. Өңірлердегі бірен-сараң оқу ордалары ғана серпіндіктерге есігін ашып отыр. Олардың өзі тырысқанымен, дербес тұрып, жобаның негізгі мақсатына жете алатын халде емес.
Бұл туралы бір кездері аталған жоба бойынша жұмыс істеген Айдарәлі Раманов:
«Студенттерді қабылдаған өңірлердің жергілікті билігі тек меморандум жүзінде жұмыс істейді. Ол құқықтық күші жоқ құжат болған соң аса бір жауапкершілік байқалмады. Жобаның толық процестік стратегиясы жүзеге аспауының бірден-бір себебі де осы – жергілікті атқарушы органдардың атсалыспауы. Жұмысы жоқ, жұмысы бар болса да баспанасы жоқ жастар амалсыздан туған жерлеріне қайтуға мәжбүр болды. Бағдарлама үкімет тарапынан қадағаланған жоқ», – дейді.
Осы мәселе бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде бірнеше жыл «Серпін» бойынша жетекшілік қызмет атқарып, жақында ғана жұмысын ауыстырған Рүстем Бейшовпен тілдестік.
«2014-2016 жылдары бағдарламамен жылына 400-500 бала келіп жүрді. Ал соңғы жылдары техникалық мамандықтарға грант көбейген үсті көбеюде. Оның шарттары «Серпінмен» бірдей. Сондықтан көпшілік «Серпінді» таңдамайды. Өйткені оларға солтүстік өңірге көшіп, сол жақта қалып, «отработка» жасағаннан гөрі, еркін грантты таңдау тиімдірек. Бағдарламаны алғашқыда Мұрат Әбенов бастап, кейіннен білім және ғылым министрлігі барын салды. Алайда министрлік екіге бөлінген соң қазіргі жауаптылар арасында бір есеп сұраумен шектеліп қалды. Негізі, бұл орайда өңірлер өз мүддесі үшін өздері жауапкершілік алып отыр. Өйткені көп студент келген сайын көп ақша келеді. Бірақ университет студентті 4 жыл оқытып, жұмыс тауып бергенімен, жергілікті билік үймен қамтамасыз етпейді, көтерме-жәрдемақы қарастырмайды. Дәл осы факторлардың әсерінен студенттер өз өңірлеріне қайтып кетіп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін серпіндіктерге аз пайызбен үй алуға мүмкіндік жасау қажет. Қолында күрегі, басында баспанасы бар адам көп жағдайда ол жерді тастап кетпейтіні анық. Осылайша, оқыған өңірінде тұрақтап қалатындардың саны артар еді. Аталған кемшіліктер қарастырылса, «Серпін» идеясы жағынан өте керемет бағдарлама. Бірақ өкінішке қарай, бізде жақсы идеяға дефицит жоқ та, оны орнымен орындайтын шенеуніктер мен мамандарға дефицит бар», – дейді ол.
Рүстем Бейішовтің ізбасары Шыңғыс Тауакелов те осыны айтады. Сөзінше, университеттер өз алдына жеке жетекші тағайындап, өңірлерді аралап, профориентация, жарнама жасап, студенттерді тартады. Ал оны облыс көлемінде ұйымдастырып, процесті қадағалап, нәтижеге ойланып жүрген жетекшілер жоқ секілді дейді ол.
Бір жағынан университеттердің өзі мемлекеттік тапсырыс үшін ғана тырысатын секілді. Ал жас мамандарды алып қалу, кадр тапшылығын шешу, демографиялық ахуалды реттеу деген бастапқы мақсаттар ұран күйі қалған. Мұндай жағдайға студенттердің призмасымен қарайтын болсақ, олар қолына тиген грантпен келіп оқыды, танысы-туысы жоқ «бөтен» жерде 4 жылын өткізді, дипломын алған соң жұмыс таппады, жұмыс болса да үйі жоқ... Сөйтті де өз туған жеріне қайтты. Енді оларды «Серпінмен» тек атқарылмаған «отработка» байланыстырады. Белгіленген мерзімді өтемеген студенттер оны ақшалай қайтарады. Бұл мәселе туралы біз газеттің өткен санында (№4, 18 қаңтар) жазған едік. Енді студенттер «отработканы» айналып өту үшін ақылы түрде болса да басқа қалаға магистратураға түсіп алатынды шығарған. Себебі 4 жылдық оқуыңның ақысын мемлекетке қайтарғаннан гөрі, сол қаржыны магистрлік алуға жұмсау қалай қарасақ та тиімдірек. Әрі өзің қалаған қалада, өзің таңдаған университетте.
Жергілікті биліктің салғырттығынан бөлек, сол кездегі БҒМ-ның 2014 жылғы «Оңтүстік өңірлерден келген жастар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бір маманды даярлауға арналған шығындарды есептеу тәртібін бекіту туралы» бұйрықты жоюы да бағдарламаның тартымдылығына кері әсерін тигізген. Оның негізінде серпіндіктерге арналған жылына екі мәрте берілетін жол ақысы, жылы киім сатып алуға бөлінетін көтерме-жәрдемақы, ыстық тамақпен қамтамасыз ету алынып тасталды. Оңтүстіктен солтүстікке көшкендер тек жалпы негіздегі стипендиямен қалды. Тақырып 2021 жылы мәжілісте біраз талқыланды да. Экс-министр Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бойынша жоба дайындалып жатқанын, бағдарлама шарттары қайта қаралып, жастарды ынталандыру тетіктері әзірленетінін айтты. Ал сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов «Серпінге» түлектердің қызығушылығын арттырып, солтүстіктегі өңірлерге жұмысқа қалдыру бағытында кешенді жоспары барын хабарлаған. Бірақ бұлар да сол сөз күйі кетті.
Өткен жылы депутаттардың сауалына жауап берген экс-премьер Әлихан Смайылов болса: «2018 жылдан бастап жоғары білім берудегі мемлекеттік гранттар толық көлемде игерілмей келеді. Осыған орай, «Серпін» бағдарламасы бойынша квота көлемі 10 пайыздан 5 пайызға дейін қысқартылды. Бағдарламаның тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында, жас мамандар үшін одан әрі жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды. Тамақтанумен, жол жүру ақысымен қамтамасыз ету қызметі ұйымдастырылады. Бағдарлама барысын мониторингілеу, бақылау және бағалау жүйесін автоматтандыру, цифрландыру үшін ақпараттық жүйенің жұмысы қамтамасыз етілді», – деген. Обалы не керек, ол да Аймағамбетов пен Шапкенов секілді «Серпінді» серпілте алмаған күйі қызметінен кетті. Ал сенат спикері Мәулен Әшімбаев жақында ғана халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламалары сәтсіз екенін мойындады.
Статистика да соны көрсетіп отыр. Солтүстік өңірлердегі халықтың азаюы, кадр тапшылығының артуы 2014 жылы да болған, әлі де бар. Ал оны шешуі тиіс болған аты дардай әлеуметтік жобаның арты сұйылып, «Серпін» деген аты ғана қалып отыр. 10 жыл толған бағдарлама ауыз толтырып айтатын нәтиже берген жоқ. Бірақ оны сараптап, түзеуге тырысып жатқандар да, жауаптылар да төбе көрсетер емес. Бірақ бағдарлама 2050-ге дейін жалғасады... Оған дейін қазіргі министр Саясат Нұрбек министрлікті тағы біреуге өткізіп берер. Әзірге, мұндай бағдарлама барынан хабары бар-жоғы белгісіз министрдің бар білері есеп сұрау ғана болып тұрған сияқты.
Баян Мұратбекқызы