Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:16, 04 Сәуір 2024

Қарғын судың қаптауына кім кінәлі?

су

Биылғы көктем Қазақстанға оңайға соқпай тұр. Еріген қар мен жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар елді мекенді қарғын су басып қалды.

 Еліміздің бірнеше облысында төтенше жағдай жарияланды. Мұхит пен теңізден қашықта орналассақ та, тасқын су жыл сайын маза берер емес. Биыл да күн жылынғаны сол еді, талай елді мекен су астында қалды. Мұның себебі неде? Неліктен жыл сайын қайталана береді? Оның алдын алуға мүмкіндік бар ма?

Дайындық жұмыстары дұрыс жүргізілмеген

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген. Президент зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Дүйсенбі күні Мемлекет басшысының төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Президент өз сөзінде халықты әбігерге салған қарғын суға қатысты бірқатар мәселені атап көрсетті.

Біріншіден, болжам жұмыстары тиісті деңгейде жасалмаған. Жергілікті әкімдіктер көктемгі тасқынға қарсы жұмысты дер кезінде атқарғанда, еліміздің біраз бөлігін су баспас еді. Әлбетте, су тасқыны – табиғи апат. Тіпті, технологиясы дамыған елдердің өзінде өзендер арнасынан шығып, дүние-мүлікке зиян келіп жатады. Дегенмен, ондағы тасқындар пәленбай жылда бір рет болады. Ал бізде жыл сайын қайталанады. Оның үстіне, табиғи апат екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Арықтарды тазалап, мұздарды жарып, қыста түскен қарды шығару – жыл сайын міндетті түрде атқарылатын жұмыстардың қатарына кіретіні айтпаса да түсінікті.

Демек, Президент атап өткендей, әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Бір мысал келтірейік. Ақпанның ортасында бұқаралық ақпарат құралдарында Батыс Қазақстан облысында тасқын суға дайындық жұмыстары тыңғылықты атқарылып жатқаны туралы бірнеше мақала жарияланды. Шығарылған қар, тазартылған арықтар туралы мәліметтер келтірілді. Ал нәтижесі ше? Нәтижесінде, 1 сәуірде су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарындағы елді мекендер су астына кетті. Өңірде төрт мыңға жуық адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Мұның бәрі жергілікті жердегі мемлекеттік қызметте жүйелі кемшілік бар екенін көрсетеді. Қыстың аяғына таман қарғын суға дайындық тыңғылықты атқарылып жатқаны айтылды. Шындық осы. Былтыр Абай облысындағы алапат өрттің болмастан бұрын да жауапты мекемелер кез келген жағдайға сақадай сай екені туралы есеп берген. Оқиғаның соңы қалай аяқталғанын бәріміз жақсы білеміз. Демек, Президент айтқандай, Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді.

Жауапкершіліктен қашады

Екінші мәселе – құзырлы мекемелер бірлесіп жұмыс істемейді. Мемлекет басшысының айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отырған. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Президенттің бұлай кейіс білдіруі бекер емес. Әйтпесе, синоптиктер биылғы қарғын судың көп болатынын ерте ескерткен екен.

Күні кеше «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева су басуы мүмкін аймақтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға қыста жібергенін мәлімдеді. «Желтоқсаннан бастап Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына су тасқыны қауіп төндіріп тұрғанын хабарладық. Бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Оның үстіне, наурыздан бері ауа райы туралы 100-ден аса ескерту жасалды» дейді Д.Әлімбаева.

Депутаттар да қарғын су мәселесін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерді. Мәселен, Ұлықбек Тұмашинов ақпанның ортасында еліміздің бірқатар өңіріне тасқын су қауіп төндіріп тұрғанын алға тартып, алаңдаушылық білдірген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың депутаттық сауалға берген жауабында аталған жағдай уәкілетті органдар мен Үкіметтің бақылауында екені айтылған.

Қарғын суды кәдеге асыруға бола ма?

Осы орайда, мына нәрсені ескерген жөн. Биылғы тасқын кейінгі отыз жылдағы деңгейден асып кетіп отыр. Қыста көп қар түсті. Көктемде ауа-райы бірден жылып, қарғын су лезде жер-жерді басып қалды. Бұған жергілікті әкімдіктердің өз жұмысын тиісті деңгейде атқармағанын қосыңыз. Соның салдарынан, жастардың тілімен айтқанда, «комбо» мәселе туындап отыр.

Жер-жерді қарғын су басқанда, көпшілік жазда болатын қуаңшылықты еске түсіріп, тасқын суды жинау мәселесін көтерген. Расында, көктемгі еріген суды арнайы қоймаларға жинап, аптап ыстықта егіншілікке қолдануға болады. Мамандар мұның екі тәсілі бар екенін алға тартады. Біріншісі – тасқын су жүру қаупі бар елді мекендердің жанына бөген салу. Бұл қарғын суды жинауға көмектеседі. Алайда, оны салуға қомақты қаражат керек. Сондықтан өзін-өзі ақтамай қалу қаупі бар. Екіншісі – қолда бар гидротехникалық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Сарапшылардың айтуынша, бұған көп қаражат кетпейді әрі тасқын судың алдын алуға мүмкіндік береді.

Республикалық штабтың отырысында Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Жергілікті әкімдіктердің бұл міндетті қалай жүзеге асыруды жоспарлап жатқанын білмедік. Бірақ бір мәселе анық. Еліміздегі гидротехникалық және басқа да маңызды нысандар әбден тозған, жөндеуді қажет етеді. Қ.Тоқаев бұған дейін аталған мәселеге бірнеше рет назар аударған болатын. Төтенше жағдалар министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы 537 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ 200-ге жуық су қоймасының тиісті паспорты жоқ, техникалық қауіпсіздігі анықталмаған.

Жалпы, Қазақстан үшін су – өте өзекті мәселе. Жаһандық жылынуға байланысты Орталық Азияда келешекте «тіршілік нәрі» тапшы болуы мүмкін. Түрлі есептеулерге сүйенсек, қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын ішкі жалпы өнімнің 1,3 пайызына жетеді екен. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Оның үстіне, климаттың өзгеруі себебінен Орталық Азияда мұздықтар да азайып келеді. Соның салдарынан 2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды деген мәлімет бар. Ендеше, еліміз үшін әрбір тамшы су – өте қымбат болмақ.

Бүкіл шығын өтеледі

Президент республикалық штабтың отырысында су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Тұрғындардың шығынын өтеу үшін Үкімет пен әкімдіктердің резерві ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысы да пайдаланылады. Осы орайда, Қ.Тоқаев еліміздегі бизнес өкілдеріне сауын айтып, қиын-қыстау кезеңде халыққа көмек қолын созуға шақырды.

Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Алайда Мемлекет басшысының бұл ұсынысы жерде қалған жоқ. Бірқатар ірі компаниялар арнайы шотқа мол қаражат аударып үлгерді. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек ретінде 500 миллион теңге аударды. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаражат «Демеу Қазақстан Қоры» корпоративтік қорының шотына жіберілген.

«Барлығымыз болған оқиға үшін уайымдап, табиғи апат салдарынан кенеттен баспанасынан, мүлкінен және күнкөріс құралдарынан айырылған отандастарымызға жанашырлық танытып отырмыз. Біз зардап шеккен аймақтарда қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін 500 млн теңге бөлуді ұйғардық. Төзімділік, шыдамдылық және өзара көмек су тасқынының салдарын еңсеруге көмектеседі» деді Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Болат Өтемұратов атындағы қор зардап шеккендерге көмек ретінде 680 млн. теңге бөлді. «Осы күндері біз миллиондаған отандастарымыз сияқты су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына шын жанашырлық сезімін білдіреміз және бөлінген қаражат оларға бірінші кезектегі қажеттіліктерді сатып алуға, қиын күндерден аман өтуге көмектесуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз» дейді қордың директоры Марат Айтмағамбетов.

«BI Group» холдингі көмек ретінде 500 млн. теңге бөлетінін хабарлады. Бұған дейін компания әкімдіктерді барлық қажетті құрылыс және арнайы техникамен, адами және материалдық ресурстармен қамтамасыз еткен. Бөлінген қаражат қаржылық қолдауға, сондай-ақ қалпына келтіру үшін жүргізілетін құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалады. «BI Group» жақын арада қызметкерлерін зардап шеккен аймақтардағы үйлерді қалпына келтіруге жібермек.

«Су тасқынынан зардап шеккен мыңдаған қазақстандықтарға шын жүректен көңіл айтамыз. Баспанасы мен мүлкінен айырылу – кез келген адам үшін үлкен сынақ және отандастарымызға қолдау көрсету жауапкершілігі мен парызын сезінеміз. Біз бірге зардап шеккен аудандарды қалпына келтіруге және адамдардың қалыпты өмірге оралуын жеңілдетуге тырысамыз» деді «BI Group» директорлар кеңесінің төрағасы А.Рахымбаев.

Halyk Bank пен «Халық» қайырымдылық қоры миллиард теңге бөліп отыр. Halyk тобының басшылығы бұл қаражат табиғи апаттың салдарымен жұмыла күресуге сеп болатынына сенім білдірді. Сол секілді Freedom Holding корпорациясы да «Демеу Қазақстан қоры» шотына миллиард теңге аударады.

«Көп түкірсе – көл»

Kaspi.kz компаниясы «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайрымдылық қорымен бірге апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде арнайы шот ашқан. Оған кез келген қазақстандық ақша аудара алады. Санаулы күннің ішінде 50 мыңнан астам адам шотқа қаражат жіберген екен. Қазіргі таңда онда 80 миллион теңгедей жиналған. Kaspi.kz бұл соманы 200 млн. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Kcell және Beeline ұялы байланыс операторлары су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тегін минуттар, интернет гигабайттары мен SMS ұсынды. Банктер 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін несие төлемін өтеу мерзімін кейінге қалдыруға, өсімпұл есептелмейтінін хабарлады.

Қиын-қыстау кезеңде қарапайым тұрғындар да қарап қалмады. Қолдан келгенше гуманитарлық көмек жинап, зардап шеккен аймақтарға жіберіп жатыр. Сол секілді, еріктілер де бұл іске бел шешіп кірісіпті. Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, көмек көрсетуге 500-ден астам ерікті, волонтерлық ұйым мен топ жұмылдырылған. Жиырма мыңға жуық волонтер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай облыстарындағы суға кеткен аймақтарда адамдарды эвакуациялап, аумақтарды жинасуға, ыстық тамақ пен ауыз су таратуға белсенді атсалысып жатыр.

Қалай дегенмен, су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр. Кей өңірде қарғын судың қарқыны басылса да, енді бірінде күрделі жағдай сақталған. Өңірлерде апаттық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 15 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдардан 8 458 адам, 2 124 техника, 808 су айдау құралы және 65 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылды.

Синоптиктер сәуірдің ортасында күн күрт жылып, су тасқынының екінші толқыны басталуы мүмкін екенін болжайды. Ендігі міндет, бұған дейін жіберілген кемшіліктен сабақ алып, оның қайталануына жол бермеу. Ең бастысы, адам шығынына жол бермеу.

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ

Тегтер: