Кәрім Мәсімов пен оның экс-орынбасарларының ісі сотқа жолданды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істі зерделеу қорытындысы бойынша Бас прокуратура тергеу органының айыптау қорытындысын бекітті, деп хабарлайды Жас Алаш Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қарауына жіберілді.
«Осылайша, айыпталушы Мәсімов К.К. (ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы) және Садықұлов А.Т. (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау (Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі), билікті күштеп басып алу (ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Д.Е. Ерғожин (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).
М.С. Осиповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс «аса құпия» белгісімен тергелген және сотта да осы тәртіпте қаралады.
Еске салайық, осы жылдың 6 қаңтарында ҚР ҰҚК ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Сол күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.