Кәрім жырау

Бір кездері Қазақстанның батыс аймағы жыраулық өнердің Отаны болды десек артық айтпағанымыз.
Атақты Асан, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Мөңке сияқты басқа да көптеген шешен, қолбасы, жыршы, жыраулар Еділ-Жайық арасынан шыққан жандар. Баба дәстүрін жалғастырушылардың соңғылары, Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз, Насихат Сүгірұлы тағы басқалар. Сондай Кеңес дәуіріндегі жыраулық өнердің соңғы қарлығаштарының бірі, атақты Сүгірұлы Насихат жыраудың жырларын кейінге жеткізуші, Атырау облысы, бүгінгі Құрманғазы ауданының тумасы, Жұмекен ақынның жерлес ағасы Кәрім Қисамеденұлы. Жыршыны 70-жылдардың басында біз де көре қалдық. Мен атам мен әжемнің қолында тәрбиеленген баламын. Атам марқұм іштей Кеңес өкіметін мойындамай, өзіндік бір беткей мінезімен дүниеден өтті. Сол жылдары біз жалғыз үй, елден жырақ Ганюшкино селосының күншығыс арқа жағындағы шойын жолға жақын «Қалмақ айқыны» көлінің жағасында отыратынбыз. Насихат жыраудың:
Еділ де Жайық екі су,
Айналасы қамыс көл...
Менің мекен, жайлауым,
Екеуінің арасы, – деп жырлайтыны осы жерлер. «Ұрпағыма аманат» 91-бет. Айналасы ну қамыс, іші киіздей сары балдыр, арасы құты мен қара балыққа толы бұл көлге бір жағы «Үштамақ» екінші жағынан «Қанды өзек» жылғасы, бірі көлге құйып, екіншісі көлдің артық суын басқа көлшіктерге тасып жататын. «Қанды өзек» біз отырған сол 1970 жылдардың өзінде тартылып кеткен, бүгінде құрғап, өзектің орнын қоға басыпты. Бір кездерде құлама жар, ағысы қатты өзен болған. Су тасығанда көп адамның басын жұтатын, содан бұл су «Қанды өзек» аталып кеткен деп отыратын атам, жарықтық. Өзектің арғы бетінде Ысық руының Сүйініш пен Қадырғұлдан тарайтын тармақтары қоныстанған үлкен ауыл болған екен.
Жатушы еді Қадырқұлдың арнасы ағып,
Жарға соғып, толқыны асыр салып,
Қос парызды, жалаулы кемелері,
Затпенен тұрушы еді жарға жағып, – деп жырлайды Кәрім жыршы сол заман көрінісін. Соғыс, ашаршылық жылдары Нарын құмынан қоныс аударған біраз басқа рудың ағайындары да теңіз сағасындағы осы көл, өзендерді жағалай келіп үй тұрғызып, кәрі Каспий балығымен жан сақтапты. Балықшылар ашық теңізге шыққанда шағындау қайықтарға бір парыз, үлкендеріне қос парыз көтерген. Парыз дегеніміз кәдімгі желкен. Жыршының жалаулы деп тұрғаны сол. Кемелер ағаштан шабылып, құрастырылады. Олардың кішкентай баркас түрі, сүйір тұмсық ағаш қайықтар біздің бала кезімізге дейін, тұрмыста өзен бойлай өскен құрақтарды шабуға қолданылып келді. Ертеректерде азық-түлік, керек-жарақ Астрахань қаласынан, Маңғыстаудан, құрғақтағылары түйемен, судағылары жаңағы кемемен ауыл-ауылға жеткізіп тұрған. Зат тиеп келген кемелер суға жартылай батып, бүйірі шығып, күлге шөккен атандай, тыңқиып-тыңқиып жағаға тұмсығын тығып тұрушы еді. Міне, жыршы өлеңі осы тарихи жайдың өткенінен елес береді.
«Қалмақайқын» көлінің төңірегінде теңіз табанынан шыққан бірнеше аралдар бар. «Шекенбөлек», «Шешени», «Кемеқатқан», «Тайгелтір», «Қосарал», «Бұйырғын», т.б. Сол аралдардың бірі – Қонайкі.
Қонайкі аралы еді туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Отырды қоныс етіп Қадырқұлдар
Ысықтың бір ауылы болып елім, – деп жыраудың жырлайтыны, міне, осы арал.
Өзегі қысы-жазы толған балық,
Әртүрлі сетка құрып, тұрады алып.
Балықтарын тапсырып батағаға,
Кенелді зор табысқа барша халық.
Міне, бұл өлең жолдары бір қарағанда, ұйқасы жағынан жұтаңдау болуы мүмкін. Бірақ ішкі мазмұны жағынан жергілікті халықтың сол кездегі тұрмыс- салтынан, өмір тіршілігінен көп хабар беретін сөз орамдары. Осыдан ғасыр бұрын бұл маңда балық алатын батағалар, колхоздар көп болған. Халық аулаған балықтарын осында тапсырып, күн көрісін айырған. Соғыс жылдары вагондап майданға балық жөнелткен.
Ол туған жылдары Каспий теңізі кемерінен шығып кетпесін дегендей көмкерілген Ашақ, Саздыдан төмен түскендегі Әбубәкірдің жал-жал қызыл құмдары қоңыр төбелерге, суы тартылған жерлері аралға, тереңдеу тұстары көлге айнала бастаған тұс еді, бұл кез. Бала кезімізде көктемде, кей жылдары теңіз қатты тасығанда біраз ойпаң жерді су басып, жүргізбей тастайтын. Бақсақ, бақа екен демекші, сөйтсек, біз отырған жердің өзі кәрі Каспидің бір кездегі табаны екен. Осы жерде ақкөбік толқындар жағаға соққан, теңіз үстінде шаңқылдаған шағалалар ұшқан көрінеді.
Су келіп, қысы-жазы арна толып,
Шағала жүруші еді, ұшып-қонып.
Қиқулай шабақ іліп ән салады,
Қарайсың қызығына қайран болып, – деп Кәрім жырау тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдар елесін өстіп көз алдыңа әкеледі. Туған жерін емірене, елжіреп сүймеген ақын ақын бола ма, туған өлкедегі мамыражай бейбіт күндерді, онда өмір сүріп жатқан адамдар өмірі мен салтын жырмен өре келе, төсектегі жұрты мен төскейдегі малын, ерекше көңілде өрнектейді жырау:
Өрісте мал жатады, өсіп қаулап,
Көлінде ән салады бақа шулап – деп, «бақаны қойдай шулатқан» Қазтуған жырау бабасындай туған жерінің бақасына да ән салғызады.
Осындай зор қызықта балалық шақ,
Белгісіз өтіп кеткен бастан зулап, – деп қамсыз, мұңсыз бала кезін сағынады. Міне, бұл Кәрім жыршының ақындық серпінін, шеберлігін көрсететін көрсеткіштер. Айрықша экспрессивтік-эмоционалдық мағынаға ие сөз орамдары жыршының ішкі дүниесінің тұнықтығымен қатар, ескі жыраулар поэзиясынан мол сусындағанын байқатады.
Кәрім жырау жырлаған сол көріністен бүгінде бұл өлке ада. Суы тартылып, балығы ойнап, бақасы шулаудан қалғалы қашан. Теңіз түгілі бір кездердегі қаз үйрегі киіздей отыратын өзен көлдердің іздері ғана бар. Үлкен айдын көл «Қалмақ айқыны» шалшыққа айналып, «Үштамақ» кесіліп қалған. Айта берсең, бұл жерлердің жыры көп. Сүңгігенде – түбіне жете алмайтын, ауласаң – балығы мен құсы таусылмайтын өзен-көлдердің сау тамтығы қалмаған. Құрғаққа айналып бара жатқан батпақты, қоға басқан өзендер, шөлден ерні кезеріп жатқан, өлмелі жанның кейпін береді, көргенде, жаңыңды қоярға жер таппайсың.
Ол кездерде жаз шыға оба басқа да жұқпалы ауруларды кеміргіштер арасында таратпау үшін Ганюшкино обаға қарсы күре бөлімшесінің қызметкерлері дала-даланы кезіп, дәрі шашып жүреді. Обаның орысшасы чума сөзінің түбірін алып, халық арасында оларды қазақтың жалпақ тілімен «шумнишылар» дейді. Бұл мекемені құрал-жабдық, тамақ, ақшамен тікелей Орталық Мәскеу қамтамассыз еткендіктен де, «шумнишыларда» бәрі болады. Үлкен, кең палатка құрып далада жататын. Тамыздыққа, шамға керек киросин, көлікке жанар-жағармай, басқа да тұрмыстық заттарды далалықта отырған біз сияқты жалғыз үйлер солардан, мұнай іздеген геологтардан алып қалатын. Тышқаншылар бригадасы келгенде үйімізде шағын той басталады. Өйткені осы бригаданың басшысы, өлеңші, жырау Кәрім аға. Жүрген жері думан. Серіктестері де керемет жандар. Тыныштықов Қайыр аға, астарындағы қырдың құмын қақа айырып жүретін, «Газ-66»-автомашина жүргізушісі көккөз жездеміз Укәш, қазақшаға судай тағы бір екі орыстары бар. Атам жарықтық та ол кісілер келсе болды, өрістегі қойға жіберіп, бір марқа тоқтыны тоңқалаң асырып, қазанға салғызады. Марқаның еті пісіп, дастарқан құралданғанша, Кәрім аға өзі ала келген ащы қиярымен «жедел дастарқан» ұйымдастырып жіберетін. Тазалыққа берілетін спиртпен әуелі қолын, кейін тамағын «шайып», бір қырнап алып, қолындағы Жамбыл атамыздың домбырасындай шағын домбырасын қағып-қағып байқап көреді де аздап қырыл аралас дауысымен қыран бүркіттей сорғалай жөнелетін.
Өз әкем Қисамеден, Кәрім – атым,
Қарт атам Стуанғали арғы затым.
Шарт мінез, бойы аласа болғаннан соң,
Қойыпты жеңгелері Шәртік атын.
Үлкендердің айтуына қарағанда, арғы аталары бай, сөзуар, еті тірі жандар болған. Басқа пәле тілден келгенге ұқсайды. Бала кезде шәй үстінде саясат, Ленин туралы әңгімелер қозғала қалса әжем жарықтық: «тек отырыңдар, үй өзімдікі деме үй артында кісі бар деген, Шәртік, Шөтке аталарың құсап із-түзсіз жоғалып кетіп жүрерсіңдер», – деп бізді қорқытатын. Шөтке – Бимағанов Қаппаз деген ағайдың әкесі, Шәртік – Кәрім жыраудың атасы. Екеуі де сол аралдарда дүниеге келіп, әке байлығы балаға мұра болмай, қарапайым қоңыр шаруа күй кешкен жандар болса керек. Бұл кісілерді Сталинді мұртты деп айтқаны үшін біреулер сыртынан «донос» жасап, бір түнде алып кеткен көрінеді. ОГПУ-дің қаһарынан қорыққан ұрпақтары да артынан сұрап баруға дәттері шыдамаған. Ганюшкино селосының құбыла жақ күншығысында Әлсейт деген ауыл бар. Ал маңғыртып мал айдаған Әлсейт бай Шәртіктің арғы атасы деген де елде сыбыс бар. «Ұрпағыма аманат» толғауында Кәрім жырау жеті ата бабаларын таратып, айтып өтеді. Бірақ бай-манап болғанына көп тоқталмаған.
Кәрім Қисамеденұлының тіліне тұсау болып, шабыттанып шалқып айта алмауының бір себебі де осы ОГПУ-ден қалған қорқыныш болса керек. Ол үрей жаңғырығы Кеңес дәуірінде өмір сүрген ол кісілер түгілі, әже сөзі құлақта қалған біздің өзімізден шығып жатады. Сондықтан да болар Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов сияқты халықшыл, төкпе ақындардың өзі партияны, оның көсемдерін жырға қосып, «жан сақтағаны». Міне, осындай саясат буынан Кәрім жыршы да тыс қалған жоқ. Оның «Ұрпағыма аманат» кітабына енген «Жастар арасында», «Тойға шашу», «Май күніне», «Ажал арашалары», т.б. кейбір өлеңдері осының мысалдары. Бір өлеңінде «Өсуде, көркеюде Совет елі, Ақылшысы – күн көсем кемеңгері» деп сарнаса, «Шопан әні» деген өлеңін сол кездегі мектептен соң қой төлдету науқанына жіберіліп, артынан партия жолымен өсірілетін жастарға арнаған. Тіпті оған әдейі қайырма жазып, музыкасын шығарған. Міне, осындай шалдуыр-шатпақ дүниелерге ұрынған халық ақындары өзінің бұрынғы бағыт-бағдарынан айырлып қалып жатты. Осы хал Кәрім жыршының да басында болды. Оны ол өз толғауында былайша мойындайды:
Табысқа қалдым жалданып,
Ойыма өріс сала алмай,
Жүре бердім алданып, – дейді.
Қалай десек те, сол кездерде 4-5 жастағы біздерге, тұнық даланың тыныштығын бұзған сол Кәрім жырау дауысы айдаланы жаңғыртып, пердесіз сахна төрінен шырқалып жатқандай көрінетін. Жүйрік шаба қызады дегендей, алғашқыда өзін таныстырудан бастаған Қарекең біраздан соң күшейіп, зорая түсетін. Толғап-толғап қалықтап алып, өзінің ұзын ырғы термелеріне көшетін.
Мен сөйлейін жақсылар,
Тыңдап құлақ салыңыз.
Аз әңгіме сөйлейін,
Келгенінше қаліміз.
Жаңа піскен марқа тоқтының жас сорпасы ма, әлде тамақ жібіткен спирттің күші ме, жырау қызара бөртіп шын бабына келгенде ауған киіктей түйдектете, жөңки жөнелетін. Өзі кішкентай, тапалтақ бойлы, тарамыстау, шағын денелі адам болатын. Бірақ тез қимылдайтын. Малдас құрып ап, алдындағы дастарханға қарай ентелей, итіне отырып, домбыраны безілдете соққанда екпіні үй жығардай еді. Атам жарықтық «осы інімнің арқасы бар, өзі шөкімдей болса да теңізді толқытар екпіні қатты» деп отыратын. Қарекең де атамды «ақа, ақа» деп елпеңдеп, сыйлаумен өтті. Атам қартайғанда көрші Новобогат ауданының орталығы Аққыстауға көшіп кеттік. Сол жақта дүние салды. Ол кезде Қарекең жүрек талмасынан кейін таяқ ұстап, жүруден қала бастаған, үйден көп шықпайтын. Сонда да екі жүз шақырымнан астам жерге сал басқан денесін автобусқа салып, сүйреп келіп, құран оқып қайтты. Міне, сыйластық. Қазір біз ауырмақ түгілі, кез келгенге сылтау айтып, күйбең тірліктен аса алмаймыз.
Бала күнде тағы бір есте қалғаны Кәрім жыршы қазақ дәстүрін, салт-санасын жақсы білетін. Есікке керілме, күлді баспа, бүйіріңді таянба т.б. тыйымдарды шәй үстінде өлеңге қосып, біздерге қаратып, өлеңдете айтып жіберетін. Қатынас болған кезде орталықтан қалың том «Батырлар жырын» әкеліп беруге жәрдем беретін. Атам ол кісілер кеткен соң отырғызып қойып, әжемнің қою шайын баптап ішіп отырып, мақаммен бізге оқытатын. Содан да шығар «Батырлар жырын» жаттап өстік. Сондағы жыр ырғағы, екпін сәби құлағында жатталып қалады ғой, сол жырларды естіген, не оқыған кезде жыршы Кәріақаңның екі тізесін ысқылап алып, шолақ домбырасын қағып-қағып жіберетіні, «Е-ей-ей» деп дауысын біраз көтеріңкіреп алып:
Жыршың енді қозғалсын,
Домбырасын қолға алсын.
Айтар сөзге тоқталмас,
Өзі де жүйрік болғасын, – деп Шернияз ақындай термелеп кететін кейпі көз алдыма оралады. Бұл жолдарды әнші Ғ. Құрманғалиев орындауында талай естідік. Бірақ епіндете, батыс ырғағында айтылатын бұл термелер Кәріақаң орындауында ерекше бір реңкке боялатын. Сол терме айтып отырған кезде бет әлпетін құбылтумен бірге ойдан қосып, импровизациялайтын. Реті келіп жатса көп байқай бермейтін шалт қимыл, кемшіліктерді өлеңге өріп, отырған жерін қыран топан күлкіге батыратын.
Кеңес Одағының темірдей тәртібі босаңсып, қайта құру басталған 1980 жылдардың аяғына таман, халқымыз бұрынғы ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізге қайта оралды. Наурыз мейрамы аталып, ақындар айтысы қолға алынды, күйшілер сайысы, тағы басқалар ұйымдастырылды. Сондай шараның бірі – жыраулық өнерге қатысты 1986 жылы Атырауда жыршы-термешілер сайысы ұйымдастырылып, Кәрім ақсақал облыстық байқауда жүлдемен қатар жырау атағын иемденіп қайтыпты. Сол кезде ата-баба дәстүрінің халқына қайта оралуымен қатар, елінің жырау атағын бергенін естігенде жүрегі жарылардай қуанған жыршының қуанышын көрсеңіз. Естіген құлақта жазық жоқ, ағайын туысымен қоса достарының басын қосып, бір шабылып қалды дегенді естігенбіз. Қатты қуанғанды да бұл жаратқан көре қала ма, көп кешікпей артынша жыраудың қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасынан төсек тартып жатып қалыпты. Осы жерде жырау 1994 жылы:
Ұзақ таңға жырлағанда талмайтын,
Суырылған қызыл тілім сайрайтын.
Тіл байланып, айта алмадым аманат,
Ұлдарым бар өмірімді жалғайтын, – деген өлең жолдарын аққағазға жазып қалдырып, өмірден өткен көрінеді.
Жыршы, ақын, өнерпаздың артында жиналғанынан жиналмағаны көп мол мұрасы қалды. Кейінгі ұрпақтары біраз жыр термелерінің басын құрап, 2004 жылы, Атырау қаласынан "Ұрпағыма аманат" деген жұқалау кітабын шығарып, алғы сөз орнына балаларының жазғанын беріпті. Осы кітаптың 114-бетінде, жерлесі, көзін көрген қария, республикалық дәрежедегі зейнеткер Дүйсенғали Ғұмаров: «Кәрім талай-талай облыс, аудан орталығындағы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» жырын, Қатим мен Ақсұлудың көлемді айтысын, тағы басқа ақын-жыраулардың көптеген шығармаларын сахнаға шығарған жырау, төкпе термеші еді. Ол домбырасымен жырлағанда әр сөздің мазмұнына қарай дауыс ырғағын, бет қимылын құбылтатын шебер әртісік қимыл-әрекетімен көрермендерді көңіл-күй ризалығына бөлейтін жүйрікті», – деп еске алады. Ал, өзімен 38 жыл бірге қызметтес болып, жанында жүрген Жетпісәлі досының осы кітаптың 118-бетінде келтірген естелігі мынау: «Менің Қарекең жөніндегі бірінші естелігім, оның елгезектігі, көпшілдігі, қайырымдылығы, ән-күйге әуестігі және өлең жазып, сол өлеңінде қисынды теңеулермен сықақ өлеңдерді жақсы жазатыны еді». Бұл екі естелікте де, сөйлемдер стилистикалық жағынан ақсап тұрғанымен, қарапайым адамдардың шын жыршының өнеріне деген құрметі бірден көзге ілігеді. Екі адам да боямасыз жазған, өнердегі ерекшеліктерін дәл байқап, дәл тауып, нақ басып айтқан.
Жалықпай оқы жақсылар,
Түсіріп Сөзді салаға.
Сын, мін тағып жүрмендер
Ақындығы сыналмай,
Кенжелеу туған балаға, – дейді ақын.
Иә, жыршының өз заманынан кеш туғаны рас. Бұрынғы жыршы, жыраулардың бірен-саранының көзін көріп, сарқытын ішіп қалғаны болмаса, ол жыраулық өнердің соңына түсіп кәсіп еткен жан емес. Кәсіп қылатындай да жыршы, жырау заманы болған жоқ. Ол дүниге келіп, өмір сүрген уақыт ескіліктің ізі өшіп, болашақ «ұшпаққа» апаратын Кеңес дәуірі орнап жатқан кез болатын. Бұратана халықтың әдет ғұрыпы десе аза бойы қаза тұратын құдайсыз мемлекет апшысын аштырмады. Сондықтан да жыршы көсіліп шаба алмады. Оның үстіне әкеден ерте айырылып, жоқтықтың қамытын ерте киген жастың басындағы тауқеметі онсыз да жетіп артылатын. Ең берісі, еңсесін көтеріп, ел қатарлы білімін жетілдіруге мүмкіндігі болмады.
Бітірдім қырық бесте он жылдықты,
Көп көрдім әкем қайтып мен құлдықты.
Мамандық өміріме ала алмадым,
Жасымда бітірсем де онжылдықты, – деген күйзелісін жыршы өлеңінде осылай береді. Тағы бір жерінде:
Білімнің түспей соңына,
Ала алмадым мамандық.
Кездесіп жұмыс қолыма,
Сақталып қалды надандық, – дейді.
Міне, мұндай хал қалың бұқара арасынан шыққан ауыз әдебиеті өкілдерінің бәрінің басында болған. Жанақ, Абыл, Шернияз жыраулардан қалған кедейліктің бір кем дүниесі....
«Ұрпағыма аманат» кітабындағы бізді елең еткізген ерекше нәрсе қызметтес жолдасы, бірге өскен досы Жетпісәлі Сатыбалдиевтың мына бір естелігі еді: «Сол жылдары, 1950 жылы Ашақ деген жерде Нәжіміден деген қария отырды. Сабыржан деген баласы Отан соғысына кетіп, кері оралмаған екен. Сол үйде Карекең екеуміз болып, Карекеңнің өлең шығаратынын білгеннен кейін, Сабыржан балама арнап, өзім болып өлең жаз деп қолқалады. Өте қонымды және Сабыржанның келетініне үміт үзбейтінін айтқан өлеңінен есімде қалған үзінді:
Сабыржан, өзің кеткен орындамыз,
Ашақтың айдын ирек сорындамыз.
Түс көрсек түнде жатып, ерте тұрып,
Сабыржан келер-ау деп жорудамыз.
Қазақстанның көрнекті сыншы, жазушысы Әбілғазы Қайырбековтың «Солға» деген естеліктерінде Нажімеденов Жұмекен жөнінде: Жұмекеннің атасы Нажімеден де өлең шығаратын кісі болған. Оның Отан соғысынан оралмаған Жұмекеннің әкесі Сабырға арнап шығарған өлеңі болған деп жазады. Шындығында, Сабыржан баласына арнап шығарған өлеңнің авторы Қисамеденұлы Карим, менің көзімше жазды».
Бұл, бұрын көпшілік қолына түспеген тың дерек болған соң, нақтылы астарын білгіміз кеп, жазған автор туралы сұрастырып ек, жерлестері Жәкең өтірік айтпайтын, сөзге көп жоқ, біртоға адам дегенді айтты. Оның үстіне осы естелік тамырына тереңдеп баруымызға, жақын жылдарда жарық көрген Нәсіп Мұстахқызының «Жұмекен құдірет» кітабы да себепші болды. «Қан майданға кеткен баласын сағынған әке – Нәжімеден ақсақал соғыстан оралмаған баласына арнап 40 шумақ арнау өлең шығарады. Ел аузында өлең демейді, жыр дейді. Осы өлең ел арасында, бүкіл Қошалақ Дыңғызыл өңіріне, Нарын құмына, ішкі Теңіз бойына жетіп, ауыздан ауызға тарап кетеді. Сол өлеңнің ел аузынан жазып алынған бір бөлігін ұсынып отырмын», – дейді Жұмекеннің жары – Нәсіп апай, өзінің «Жұмекен құдірет» деген кітабында (Алматы, 2015 жыл, 38-42 беттер). Бұл үзінді жыр Кәрім жыраудың қолжазбасында сақталмаған. Нәсіп апай кітабында Нәжімеден Стамғазиев атынан жазылған «Сабыржанға» деген 19 шумақ жыр үзіндісі бар.
Алдымен, Нәсіп апайдың жыр деп айтуына келісуге болар. Өйткені қазақ сөз өнерінің кемеңгері А.Байтұрсынұлы «Әні басым, мәні кем, ажары аз өлеңге қара өлең деп ат қойып, әні кем, мәні мол, ажарлы өлеңге жыр деп ат қойған». (А.Байтұрсынұлы Шығармалар 1989, 187 бет). Бұл шығарманың мәні мол. Ал толғау жырдың сөз саптауы мен ұйқасына қарап, Кәрім жыраудың қолтаңбасын тану қиын емес. Сөзіміз қисынды болуы үшін басқа да нақтырақ дәлелдерді Нәсіп апай жазбасынан іздестіріп көрелік.
Өлең «Сабыржанға» делінген бұл – бір. Жұмекеннің әкесінің аты Сабыреден екенін ескерсек, неге Сабыржанға деп жүр? Бұл жерде сағынған әке Сабырыма, Сабыржаныма өлең арнап берші деген болуы керек. Өйткені «жан» сөзі жақсы көрген адамына пәленшежан, түгеншежан деп қосарлана батыста жиі айтылады. Сондықтан да «жүрегім, жаным» деген әке елжіреуі Сабыр атына қосылып «Сабыржан» деген адам есімінің ұғымын беріп тұрғанын айыра айтқанымыз жөн.
Ал екіншіден, бұл жерде 19 шумақ қана, қалған 21 шумағы белгісіз, яғни жыраудың шалқып айтқан арнау өлеңінің тең жартысы жоғалып кеткен. Осындай аяқастынан шығарған жырау-жыршылардың өлеңдері бір айтылғанда ауыздан-ауызға кеңінен таралып не жазылып қалмаса, жоғалып кетіп отыруы – әбден заңды құбылыс. Кейбір шумақтары қырналып, жонылып, айтушының психологиясына сәйкестендіріп, өзгеріске ұшырап келіп, басқа айтушыға жетеді. Өстіп, кейбір өлеңдер өзгерістің салдарынан бастапқы нұсқасына ұқсамай, мүлдем жаңа түрге енуі мүмкін. Ауыз әдебиетінің аздап «күнәһар» болатын жері де – осы жер. Бірақ негізгі кейіпкер ел жадында жақсы істерімен қалса, оның іс-әрекетіне жақсы сөздердің бәрі жамалған. Сөз жоқ Жұмекеннің атасы Нәжімеден елге сыйлы, дала академиясын тәмамдаған қария, оның үстіне ұлы ақын Жұмекен есімі аспан астын шарлап кеткелі оған қатысты әңгімелерді зорайтып, атасын да, әкесін де ақын етіп көрсетуге тырысушылардың да көп болғаны сөзсіз. Құмда өскен ауыл қазағының төрт жол өлең шығармайтыны кемде-кем дей қояйық. Ал 40 жолдық дастан жазған адамның басқа да өлеңдер жазып, елге танылуы керек емес пе?! Бұдан өзге Нәжімеден ақсақалдың шығармасы деп ел арасына тараған жырлар құлағымызға шалынбады. Сондықтан да бұл жерде Кәрім жыраудың құрдасы, сырласы Жетпісәлінің ол өлеңді жазғанда мен қасында едім деген нық айтылған сөзіне сенбеске болмайды. Оның үстіне қыр бойына жолдары түсіп жатса, аздап өлең жазатын өнерпаздар нағашының атынан, ағаның атынан, жезденің атынан деп, көңіл жықпас адамдарына өлең шығарып, күзгі салымда көктемде атаған қозы, торпақтарын жинап қайтатын әдеттері болатын. Өзге біреу болып өлең жазу бұрынғы жыраулардан қалған дәстүр. Мұрат Мөңкеұлының Шалкиіз болып, Махамбеттің Исатай болып, басқа да жыраулардың өзге адамдар атынан өлең шығарғандары тарихтан белгілі. Кәрім жырау шабытына мініп, суырып салмалығы ұстаған кезде талай адам атынан өлең жазған болуы әбден мүмкін. Өйткені, ақын жинағынан бұдан да басқа арнауларды кездестірдік. Сондықтан бұл да сондай кезекті арнау өлеңдерінің бірі болса керек. Жыраудың Нәжімеден қарт болып жазған өлеңі тақылеттес «Қисметке арнаймын» деген Омар Мырзағалиұлының атынан шығарған үлкен толғауы бар. Мұнда да сұрапыл соғысқа кетіп, майдан даласынан оралмаған баласын жоқтаған әке зары, перзентке деген әке махаббаты, жалпы ел қасіреті сөз болады. Сабыржанға мен Қисметке арналған жырлардан тақырып ұқсастығымен қатар стиль ұқсастығын тану қиын емес. Сол себепті де Сабыржанға толғауының авторы Кәрім жыршы екені сөзсіз болса керек.
Сондай-ақ Нәжімеден қарттың баласының да өлең жазатын әдеті бар еді дегенді айта келе Нәсіп апай өз кітабының 42-43 беттерінде Күлмәш апайдың ауызынан жазып алдым деп келтіретін Сабыреденнің 6 шумақтай өлеңі бар. Бұл да асығыстау айтылған пікір. Осындағы
Боранбай Қуатпенен жайлаған жер,
Қадірихал тәуір малды айдаған жер.
Басқасын әлен-пәлен не қылайын,
Шылбырын Қарагердің байлаған жер, – деп келетін төртінші және бесінші шумақтар алдыңғы шумақтарға ұқсамайды, керісінше Кәрім жыраудың ақындық қолтаңбасына көбірек жақын келеді. Біздіңше, бұл ел ауызынан балаларының құлағына тиген, сол жоғалған 21 шумақтың әр жерде шашылып жүрген бірлі-жарымы болса керек. Оның үстіне Нәсіп апай "өзі көп еді, соңғы хаттарын, осы өлеңін, сақтап жүр едім, көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдым" деген Гурьев облысы, Теңіз ауданында тұрған Күлмәш апайының сөзін келтіреді. Сонда Сабыреден соғыста жүріп жаумен соғыса ма, жоқ әлде үшбұрыш хатпен құлаш-құлаш өлең шумақтарын жолдайды ма деген орынды сұрақтар туады. Шындығы осы Кәрім жыраудың жазған жырының ел аузында жырым-жырым болған нұсқасы тараған. Ал кейбірін қаріп танитындар қағазға түсірген болуы. Осы жерде айта кетер тағы бір нәрсе жырдың Нәсіп апай нұсқасында Жетпісәлі досы айтқан төрт жолдың екі жолы өзге болып, оның үстіне ұйқасы да келіспей бірден көзге түсіп тұр. Асылында Жетпісәлінің:
Түс көрсек түнде жатып, ерте тұрып,
Сабыржан келер-ау деп жорудамыз, – деген варианты дұрыс.
Міне, осы сияқты жыраудың арқасы қозып, жыр боранын боратқан кезде, импровизацияға ұрынып бір сәтте айтылып қалған жырлары қаншама. Бүгінгі ұрпақтың осы ел аузында жүрген жырларын жинақтап, қағазға түсіру басты міндеттерінің бірі. Әзірге бірен-саран болса да Кәрім жыраудың көзін көрген, жырларын естіген адамдар ауылда бар. Сондықтан бұл жырларды жинақтауды кешіктірмеу керек. Уақыт өте келе ұмытылуы да ғажап емес.Бұл жырларды жинаудағы негізгі мақсат-бүгінгі буын мен келер буын арасын жалғастыру екенін ұмытпағанымыз абзал. Нақыл сөзге, ақылға, өмірлік мақсат, мұраттарға бай бұл жырлардың кейінгі ұрпаққа бірері көп. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, тәрбиесіз берілген білімнің өзі қауіпті демекші, ұлттық ой санаға суғарылған, сөздері нәрлі жыраулар мұрасының ұрпақ тәрбисіндегі орыны әлі белгіленбей келеді. Сондықтан бұған немқұрайлы қарамау керек.
Мәселен, жоғарыда айтылған жинаққа енген Қатим мен Ақсұлу айтысы бұрын әдеби талқыға түспеген, ғылыми айналымда жоқ, тың дүние. Әдебиетіміздегі Біржан-Сара, Сүйінбай мен Тезек төре арасындағы ірі айтыстар қатарында болмаса да, бұл айтыс та өз шама-шарқында өткен, ХІХ ғасырдың басындағы әйел теңдігі тақырыбын қамтитын, өңірлік айтыстардың бірі. Қатим өмірде болған, осы жердің тумасы. Айтыстың қалай өткені, Ақсұлу мен Қатимның қай жерде, қашан туғаны, басқа да кейбір сұрақтарға жауап «Ұрпағым саған айтам» кітабының 54-55 беттерінде қысқаша айтылған. Бірақ мұны дамытып, тереңдей зерттеу болшақтың ісі. Біздің айтарымыз айтыс өлең құрылысы жағынан эстетикалық талапқа толық жауап бере алмаса да оқиғаның өрбу, шиеленісі жағынан басқа айтыстарға қойылатын талап биігінен көріне алады. Мұнда да тақырып әйел теңсіздігі, теңін таппай қосылған сұлу трагедиясы. Айтыс басында ешкімнен басу көрмеген 16 жастағы асау Ақсұлу айтыс соңында сөзден жеңіліп, жуасып сала береді. Біржанның өзінен үлкен қонжық күйеуінің мінін Сараның бетіне басқаны секілді, Қатим да менменсіген Ақсұлуға мықты болсаң кемтар, бүкір күйеуге неге тимексің, іздеген теңің сол ма еді деп сұрақ қояды. Қыз жауап таппай тосылады
Жаманға көзі қиып, мені берген,
Обалым болсын әке елімменен, – деген қыздың трагедиялық сөзімен тамамдалады. Бірақ Қатим қызды сөзден жеңдім деп масаттанбайды. Үлкенді сыйлау қажет, асқан жүйрік болсаң да азаматты өз орнында көре білу керек деген сияқты өсиеттерін айта келе, қыз тағдырына алаңдаушылығын білдіреді.
Дұшпанның мен үзермін құрған торын,
Болмаса маңдайында қалың сорың.
Көшесі Советский аламаңдай,
45-үй нөмірлі біздің орын, – деп, топ арасында білдірмей, келсең өз еркіңде, мекен-жайым мынау дегендей емеурінмен айтысты аяқтайды. Айтыста қыздың осал тұстарын аса көп әшкерелемей, қайта сөз салмағын өзіне қарай аударады. Сөз арасында:
Ақсұлу мақтан айтпа, шыныңды айт,
Көрінген тұла бойда мінімді айт.
Егер де әке-шешең берсе ұлықсат,
Қыдырып біздің ауылға бір келіп қайт, – деп қояды. Бұл айтыс мәдениеті, қазақ жігітінің әдептілігі. Осы арқылы, өзге әдеби шығармалар секілді, сол заманның шынайы келбетін, қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынасты, ел арасындағы ахуалды, басқа да тұрмыс-тіршілікті көреміз.
«Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы, «толғау». Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи уақиғаның мазмұн бағасын сөз қылады.» («Бұхар жырау» 5-кітап, 111-113 беттер. Павлодар 2003). Осы орайда "Қызмет бабымен Маңғыстау облысының Қарақалпақстанмен шектесетін аймақтарында болып, жергілікті халық арасындағы ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын қалқып алып, шежіре жинаумен шұғылданған", — деген ("Ұрпағыма аманат" 5-бет.) балаларының естелігіне мән берген жанға талай тарих беттерін аударуға тура келері сөзсіз. Жырау жинағының 35- бетінде «Ата текті тарату» деген үлкен толғау бар. Бір оқып шыққан адамға бейтаныс жер атауларына толы бұл шығарманың онша көркемдік мәні байқалмайды. Ал тереңіне сүңгіп, әр сөзіне мән беріп оқысаңыз тұнып тұрған тарих. Бізге таныс емес біраз жайдан хабар береді.
Бір мың екі жүз сексен үштің шамасында,
Көп жылдар көшкен екен арасында.
Шыңғысты Майқы әкеліп хан қойыпты,
Манғолдың жүргенінде даласында.
Жиеннен бала болды Айыр қалпақ,
Айырылып өзбек аға Шерде қалмақ.
Жиенді бір сөзінде Түмен дейді.
Өзбегі сарттың сатып қызын алмақ.
Міне, өзбек қырғыз ағайындармен қалай туыс екендігімізді, «… түп атасы Майқы би» деген сөздің тамыры қайда жатқандығын, оқымаған ауыл ақынының шығармашылығынан тауып таң қаласың. Қазақ атануымыздың түркі дүниесінде алғаш қай кезде пайда болғанын, солтүстіктегі сақа халықымен тілдері туыстас деп жүрген қырғыздардың бізге біртабан жақындығын, өзбек өз ағам деген сөздің астарын шамалайсыз. Ал одан әрі оқып қараңыз:
Жиені керуенші түйе бақты,
Көрмеді бұдан кейін өзбек, сартты.
Әйелі айыр қалпақ атамыздың,
Қырғыз бен қазақ, созақ бала тапты.
Созақтан Қарағаш пен Қарақалпақ,
Айырылып көшкен екен қоныс аулақ.
Қарақалпақтар іргемізде отырған ел. Ал Қарағаш деген ұлт немесе тайпа бар екенін екінің бірі біле бермейді. Сөз арасында, жыраулар поэзиясында «Қарағаш» сөзі бірен-саран кездесіп қалады. Бірақ бұл бір қарағанда сол адамға қатысты айтылған болмыс, не болмаса туған жеріне байланысты айтылған сөз деп ойлайсыз. Астарына мән бермей өте береміз. Шындығында Еділ өзенінің арғы бетінде ноғайлардың қарағаш бөлімі бар, бет-әлпеті, тұрмыс-тіршілігі қазақтарға ұқсас халықтар. Ал бұлардың арғы шығу тегін тексеріп көрсеңіз, бүкіл қазақ тарихын басынан бастап қайта қарап шығуға тура келеді. Біз де біраз тарих тамырын қопара отырып, Қарағаштардың этногенезисі туралы әртүрлі даулы пікірлерге жолықтық. Көрпені әркім өзіне қарай тартқан. Ең бастысы, қарағаш халқы бөтендігі жоқ, тіл жағынан өте жақын ұлт, тайпа екені дау туғызбайды. Сондықтан да қарағаштар жайлы біз кесімді пікір айтпай ақ қоялық. Білгісі келгендер болса, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарихшы Берекет Кәрібаевтың «Ақиқат» журналының 2020 жылғы 1-санында жарияланған «Алтын Орда дәуірі және Қазақ этногенезінің мәселелері» атты мақаланы, Әнес Сарайдың «Ноғайлы» зерттеу еңбегін (Алматы, «Арыс» — 2009) оқыса көп нәрсеге қанығары сөзсіз.
Жырау жырлайтын әйгілі Насихат Сүгірұлының айдауда жүріп жазған өсиет термесі бір мақала аясында талқылауға сыймайтын, үлкен дүние. Жалпы, Насихат батыста, әсіресе құм жиегіндегі елдерде аты арқаның Мәдиіндей аңызға айналған үлкен тұлға. Ол туралы бірен-сараң мақалалар болмаса, терең зерттеліп, тұңғиығы терең ақын жайлы ашылып жазылмаған. Кәрім жыршы: «Ерте ме кеш пе жазықсыз жапа шеккен жырау ақталып, ұрпақтары іздейтін күн туар деген үмітпен жадымда сақталып қалған жырларын қағазға түсірдім», – деп («Ұрпағыма аманат» кітабында ) өзі айтып жүретін нұсқасын жазып қалдырыпты. Мұны кең ауқымда зерттеу болашақтың ісі.
Бабалар өсиетіне адал болып, еліне, жеріне қалтқысыз қызмет еткен жандарды қашанда құдайы жарылқап, өркенін өсірері сөзсіз. Тіл ауызымыз тасқа, жыршының өз кіндігінен тараған жеті ұлдың ұрпақтары бүгінде өсіп өнген бір қауым ел. Көпшілігі өзі өскен ауданда тұрады, ел аузындағы азаматтар. Ішінде өнерлісі де өнерпазы да бар. Өзі отырған қарашаңырақтың түтінін өшірмей ұлы Нұрлан мен келіні Алма Нәбиқызы ұстап отыр. Олар да бүгінде жетпісті еңсеріп қалған. Мәуелі бәйтеректей бірнеше ұлдарынан көрінген немерелерінің саясы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесінің бойын да ойын да өзіне мирасқа қалдырған Нұрланы Қыдыр түсіп, бақ қонған Кәрім жырау шаңырағына сөз келтірмей, Қисамеден ақсақалға қарасты бір қауым ағайын-туыстың ұйытқысы болып, ата дәстүрін жалғастыруда. Берекелі қазандары оттан түскен емес. «Қолына домбыра алып, алқалы топта ән айтып, атақты сал-серілердің сарқытын ішкен өнерпаз жан екендігін де көзін көрген тұстастары жыр қылып айтады. Небір ұзын сонар қиссаларды көкірегіне құйып, жаттап алып, таңға термелетіп, азаннан ақшам жамырағанша арқасы қозып, жырлаудан жалықпайтын жыраулық дәстүрдің де жоқшысы болғанын талай ауызы дуалы адамдардан естіп, әкенің аруағы алдында мың мәрте басымызды игенбіз»,-дейді артында қалған балалары «Ұрпағыма аманат» кітабына жазған алғы сөздерінде. Біздің де бұған алмағанмен, қосарымыз шамалы. Тек өз құлағымызбен естігеніміз бен көргенімізді қостық. Сойы бөлектеу, туған елінің дүлдүл өнерпазы еді ғой, Кәрім жырау.