Кәрімбек Құрманәлиев: Дипломға деген құштарлықты жою қажет
Тіл жанашыры – Кәрімбек Құрманәлиев тек мемлекеттік тілдің мәселесін ғана емес, еліміздегі білім, ғылым саласына айрықша үлес қосып жүрген жандардың бірі.
Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, өзінің пікірін ашық айтатын азамат. Осы еңбегі үшін жақында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталған еді. Бүгін академик, филология ғылымының докторы Кәрімбек мырзамен сұхбаттасудың да сәті түсті.
— Кәрімбек аға, «Парасат» орденімен марапатталуыңызбен құттықтаймын. Еленген еңбегіңіз жемісті бола берсін! Енді алдағы уақытта еліміздің рухани жаңғыруы жолында қандай жоспарларыңыз бар, сонымен бөлісе отырсаңыз?
— Наурыз мерекесі қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталуыммен құттықтағаныңыз үшін рақмет! Негізінде, бұл орден мен үшін ғана беріліп отыр деп есептемеймін. Мен секілді тілдің мәртебесін қалай көтереміз, қалай биік тұғырына шығарамыз, деп шырылдап жүрген барлық тіл жанашырларына берілген баға деп қабылдаймын. Екіншіден, білім сапасы бойынша тәуелсіз эксперт ретінде сапалы білімді қамтамасыз ету жолында атқарған аз-кем еңбегімізді де ескерген болу керек.
Ал сіз айтқан мәселеге ойыссақ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың фейсбук парақшасындағы жазбасында: «Мектепке барып, жұмыс істеу үшін жоғары білімі туралы дипломы бар мамандар біліктілік тестін тапсыру керек деген ереже қабылданғанын жазған болатын. Өткен жылы өткізілген тестілеу пилоттық форматта өткенін, әрі 32 мың жоғары білімі бар педагог кадрлардың 56 пайызы тестіден өте алмай қалғанын айтқан еді. Сонда – 32 мыңның 15 мыңы ғана біліктілік тестін тапсырып, мектепке жолдама алды. Бұл жүйе биылғы жылдан бастап, міндетті болып өзгереді. Сіздердің басылымдарыңыз арқылы педагогикалық мамандықтарды оқып жүрген бітіруші мамандарға айтарым, енді оқу бітірген жастар мектепке бірден бара алмайды. Мектепке бару үшін бірінші біліктілік тестін тапсырады. Сол арқылы мектепке жарайтын, жарамайтындығы анықталады. Біліктілік тестінен өте алмаған жағдайда, мектепке жіберілмейді. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда!» демекші, былтырғыдай, 32 мыңның 56 пайызы құлап қалатындай жағдай болдырмауды осы бастан қолға алуымызды бітіруші түлектер түсіну керек.
Өткен жылғы өкінішті жағдай тағы да қайталанбауы үшін 32 мың студентке мониторинг жасап, қай ЖОО-ны бітіргенін анықтау қажет деп санаймыз. Нәтижесінде, құлап қалған мамандар қандай ЖОО бітіргендері туралы нақты мәлімет ала аламыз. Министр мырза сапасыз білім беретін университеттерді анықтаймыз, әрі оның жекеменшік не мемлекеттік екеніне қарамай, оларды сапалы және сапасыз білім ордасы деп бөлетін боламыз деген еді. Тәуелсіз эксперттер де осы айтылған ойға қосылып, мәсәленің анық-қанығын айқындауды қолға алуда. Тесттен құлағандар тек жекеменшік оқу орындарынан емес, ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қыздар ұлттық педагогикалық университеттерінен де, әрі өзге де облыстардағы аты дардай жоғары оқу орындарынан да шығуы мүмкін ғой. Сондықтан тізім бойынша құлағандардың тізімін айқындап, қандай оқу орындарынан шығатынына көз жеткізгені дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек.
— Мақтанып жүрген үлкен жоғары оқу орындарымызда да біліктілік тестінен өте алмайтын ізденушілердің бар екенін айтасыз ғой. Сонда қателік неден кетіп отыр?
— Бұл жастарымыздың дипломға деген құштарлығы мен «махаббаты». Сапалы білім алып, елімізді, жерімізді көркейтеміз, «Жаңа Қазақстанды» құруға қалай үлес қосамыз деп ойламайды. Бұған ата-аналардың да кінәсі бар десек артық болмас. «Баламның қолында диплом болса, жерде қалмас» дейтін ата-аналардың қарасы көбейгенін эксперт ретінде екпін түсіріп айтқым келеді. Грантқа иелену мүмкіндігі мол, яғни гранттар саны көп мамандықтарға түсе салып, әйтеуір, өзі қаламаса да бір мамандық иесі болсам деген студенттердің саны артуда. Осылайша, сапа емес, сан қуалап кеттік. Расында, қолында 2-3 дипломы барлардың өзін тестілеуге жіберсеңіз, еш жерге жарамсыз болып далада қалуы әбден мүмкін. Қорытындылай келе айтар болсақ, дипломға деген құштарлықты жою керек. Тек сапалы білім алуға, еліме қызмет етіп, көмектесемін деген ниеттегі түлектерді дайындауымыз керек. Бұны қазіргі оқу орнын бітіріп жатқан болашақ мамандар мен ата-аналар ойланса деймін.
— Әлемдік деңгейге жеткізу үшін білім сапасын қалай көтеруге болады? Әлде оған жетудің жолы алыс па?
— Бізде заң бойынша жоғары білімді дипломың болса, кез келген жұмысқа тұруға мүмкіндік берілген. Бұл туралы депутаттармен болған жиналыста Бейбіт Өксікбайұлы білім сапасы жөнінде үлкен мәселе көтерген болатын. Сол кезде заңнамалық актіге дипломмен қоса жұмысқа баруы үшін біліктілік сертификаты қажет деген өзгеріс енгізуді сұрадық. Министрлік те педагог кадрларға мәртебе беруге байланысты «педагог ретінде мектепке жұмыс істейтін болсаң, біліктілік тестін тапсыру қажет» деп заңнамалық акт қабылдап, бекіттіріп алды. Осы секілді енді барлық мамандықтарға біліктілік сертификаты қажет деп жазылса, жұрттың сапалы білім алуға жауапкершілігі артары анық. Әйтпесе, нағыз білімді мамандар далада қалып, «пысықайлардың» жолы болып жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Тағы бір айтарым, кеңестік кезеңдегідей белгілі маман иесін дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары болуы қажет. Өйткені кеңестік кезеңдерде НАРХОЗ десек – экономистер, журфак, юрфак десек – ҚазҰУ, мұғалім дегенде – ҚазПИ, ҚызПУ ойға келетін. Ал қазір бәрі араласып кеткен. Байқасаңыз, педагогикалық университеттерге дейін заңгерлерді, техникалық университеттер педагогтарды оқытып жатыр. Бұның бәрін тоқтатып, сапалы білімге қол жеткізу үшін бізге мамандандырылған университеттер құру қажет. Министр Аймағамбетовті қолдайтын тағы бір себебім, педагогика мамандарын дайындайтын 86 жоғары оқу орындарының отыз алтысын лицензиясынан айырды. Әрине, олардың көбісі – жекеменшік оқу орындары.
Тағы бір айтарым, мемлекет басшысы «Технар қазақ жастарын қалыптастыру» деген тапсырма беріп, гуманитарлық білімнің заманы бітті деді. Осы уақытқа дейін көлігіміз бұзылса, орысқа жөндеттік. Техникалық затымыз бұзылса, басқа ұлтқа жөндетіп келдік. Ал қазақтың жігіттері техникаға емес, тек сөйлегенге шебер екендігі өкінішті. Сол себепті, жас технарлар қазақ жігіттерінен дайындау басты мақсат болып отыр. Ал оны іске асыру үшін – Сәтбаев атындағы техникалық ұлттық университет сияқты еліміздің әр өңірінен бір-бір техникалық ЖОО ашу керек. Бұрын Шымкент қаласында атақты Қазақ-химия технология институт болған. Қазір сол Әуезов атындағы университет болып, гуманитарлық мамандықтарды да қосып алып дайындауда. Ендігі айтпағым, сол Әуезов университетін Оңтүстік Қазақстан техникалық ұлттық университеті деп өзгерту қажет. Батыстағы Газ-мұнай газ университетін, Шығыстағы Серікбаев атындағы университетті ұлттық университет етіп, онда тек техникалық мамандықтарды оқытса деп ойлаймын. Ал педагогикалық, гуманитарлық мамандықтарына арнайы бөлек Жоғары оқу орындары болғаны дұрыс. Сонда ғана білім саласында нақты мамандандырылған жүйе қалыптасады. Шетелдік рейтингтерде тек мамандық пен білім бағдарламалары бойынша сайысқа түседі. 60-70 мамандықпен өмірі ондай рейтингке көтеріле алмайтындығымызды түсінгеніміз жөн. Ал рейтинге көтерілу үшін ең алдымен, университеттердегі мамандықтарды арнайы бағдарламалармен қамтамасыз еткен жөн. Әрі осы бағытта жұмыс жасасақ, шетелдік деңгейде білім бағдарламасы бойынша алғашқы қатардан көріну мүмкіндігіне ие боламыз. Ал әмбебап бағдарламамен оқыту – нағыз өтірік болып саналады. Яғни, бос сөз.
–Еліміздің білім беру бағдарламаларында қандай кемшін тұстар бар? Әрі оны жетілдіру үшін нақты қандай өзгерістер керек екен айтсаңыз
— Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Білім бағдарламаларын жаңартудың маңызы не деген кезде, бірінші бағдарламаның не екенін ұғынып алуымыз қажет. Бұл жөнінде әлі де ақпараттар дұрыс жеткізілмей жатыр. Ең бірінші бағдарламаның маңызы деген кезде, бірінші біз жұмыс берушілер үшін қажетке жарайтын болашақ мамандарды дайындап, жұмыс істеп жатқанымызды білуіміз керек. Ол үшін тек теория жүзінде ғана емес, практикамен ұштастырып жасаған дұрыс. Сондай-ақ әр университеттің арнайы практика алаңы болғаны жөн. Жаңартылған оқу бағдарламалары жұмыс істейтін орынға бағытталып, бірлескен бағдарлама болса, келешегі зор болады. Бұны жұртқа түсіндіру керек. Бірақ практикаға барған баланы кеңсенің болмашы бір жұмысына жұмсамай, жұмыстың мән-жайын түсіндіре отырып, маман ретінде жұмыс істетіп, үйретіп, содан кейін «өтті» деп қағазына қол қойып беру қажет. Сонда ғана студент өзінің мамандығына жауапкершілікпен қарап, қызығушылық таныта алады. Әрі университеттердің өзінің базалық кәсіпорындары болғаны да дұрыс. Бұл кеңестік кезеңде де болған нәрсе. Сол кеңестік кезеңдегі бағдарламаны қайтару қажет. Өйткені қазір біріншіден, практикаға тәжірибеден өткізетін жұмыс орындары мен тәжірибеден өтушіге де ақша төленбейді. Сол себепті – екі жақ та өздерінің міндеттерін тек қағаз жүзінде ғана өтірік орындағандықтан, тәжірибе жайына қалады. Ондай болмас үшін, тағы да айтарым, әр университеттің тәжірибеден өтетін жеке практикалық базалар болғаны дұрыс.
— Қазір жоғары оқу орындарын жап-жас ректорлар басқарып жатыр. Бұған халықаралық сарапшы ретінде көзқарасыңыз бен оларға айтар кеңесіңіз қандай?
— Шындығында, қазір атағы дардай көп университеттерге 32-35 жастағы «болашақтықтар» басшы болып тағайындалып жатыр. Мәселен, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 32 жасар Лаура Қарабасованы, Қыздар ұлттық педагогикалық университетіне 34 жасар Гүлмира Қанайды, Қазақ-түрік халықаралық университетіне 36 жасар Жанар Темірбекованы айтсақ болады. Мен жастардың басшылық еткенін қолдаймын. Бірақ олар қызметке келе сала, қасына тек «болашақтықтарды» жинамай, 50-60 жас арасындағы аға буынды, 40-50 жас арасындағы орта буынды, 40 жасқа дейінгі кіші буын өкілдер арасында проректорлық қызметті атқаратын азаматтарды таңдағанын қалар едім. Олай дейтінім, егер осы үш буын араласып отырса, жұмыс істеуге жеңіл болады. Ал біз сияқты жасы 60-қа келгендер «Мынауың жарамайды. Былай жасайық» деп сақтандыру мақсатында өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, білген ақылымызды айтып, консерватор боламыз. Ал орта буын аға буын мен кіші буынның ортақ ойын ұштастыра отырып, мотивация берер еді. Яғни дайын кеңесшілер болады. Өйткені жастар қанша дегенмен қызуқанды, тез шешім қабылдағыш келеді ғой. Сол себепті асығыс шешім қабылдамас үшін аға буын мен орта буынның ақылын саралап, өзінің түпкілікті ойын жүзеге асыру мүмкіндігі мол болады. Қандай қызмет болмасын, тіпті мемлекет басқаруда да осындай принциппен жүру керек деп есептеймін. Жап-жас министрлер келе салып, аға буынды жарамсыз етіп, қызметтен қууы дұрыс емес. Ал жастарды басшы етіп, тағайындауға қарсы емеспін. Бірақ тәжірибесіз, еш жерде басшылық қызмет етпеген жастардың үлкен университеттерге басшы болуына қарсымын. Мәселен, Асхат Аймағамбетовті айтсақ, ол жастайынан көптеген ірі қызметтердің барлығын сатылай басшылық жолмен бастаған, тәжірибесі көп маман. Ал жоғары оқу орындарын кафедра меңгерушісі, декан болмаған адамды Кембриджді, Назарбаевты бітірген, шет тілін біледі екен деп басшы етіп тағайындауды оңтайлы шешім деп айтуға келе қоймас. 2000 теңгелік шотқа қол қоймаған адам 2 миллиард ақшаға қалай қол қояды? Қандай салада болсын, жасқа емес, тәжірибеге қатты мән беру керек.
— Аман болыңыз, рақмет!