Қарыз алсаң, БЖЗҚ-дан ал

Қазір БЖЗҚ-да жалпы көлемі 22,3 трлн теңгені құрайтын зейнетақы жинағы бар. Ұлттық банк осы қаражатты құр жатқызбайды: екінші деңгейлі банктерді қолдауға жұмсалады, агросекторды дамытуға бағытталады, теміржол, энергетика, құрылыс саласының жыртығын жамауға да бөлінеді...
Бір сөзбен айтқанда, экономика тығырыққа тірелсе, Ұлттық қордың ізімен БЖЗҚ кетіп бара жатады. Ол – ол ма, зейнетақы қорының 1,5 млрд доллары шетелдік бес компанияға басқаруға да берілді; жағымсыз рейтингіне қарамастан, зейнетақы қорының 71 млрд теңгесі Әзербайжан банкіне де салынды (бұл қаражат ұзақ жылдар бойы бөлініп қайтарылады және Қазақстан тарапы Әзербайжан жағы төлеуі тиіс сыйақы мөлшерінен қағылып отыр).
Қазір ондаған компанияның БЖЗҚ-на 61,6 млрд теңге қарыз екені белгілі болды. Кезінде қорға көзін сүзіп қаражат алған 15 компанияның қарызы осынша мөлшерді құрапты. Зейнетақы қорының баспасөз қызметінен алған деректерге сүйенсек, қарызды қайтармай жүрген проблемалық компаниялар дефолтқа жол берген және өз міндеттерін орындауды тоқтатқан. Айтпақшы, 2018 жылдан БЖЗҚ өзіне қарыз компаниялармен соттасуды бастаған. Сол кезде қордың алдында 3,87 млрд теңге қарызы бар «Имсталькон» компаниясының банкроттық туралы ісі қаралып жатқан. Аталмыш компания бүгінде қор алдындағы қарызынан құтылыпты. 2025 жылдың сәуірінде «Имсталькон» АҚ қор алдындағы 2,65 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активтері бойынша соңғы берешек қалдығын өтеген.
БЖЗҚ-ға қарыз компаниялар
Бұған қарап, БЖЗҚ қарызын қайтарып, шалқып-толқып отыр деуге келмейді. Өйткені БЖЗҚ бүгінде қарызын қайтармай жүрген 10 компаниямен соттасып жатыр. Олар: «РЭМИКС-Р» АҚ, «Қазнефтехим» АҚ, «Астана-Жылжымайтын мүлік» АҚ, Mineral Resources of Central Asia АҚ, «Төрт-Құдық» АҚ, «АПК-Инвест» ЖШС, «ҚазЭкспортАстық» АҚ, REAL-INVEST.kz АҚ, «Атамекен-Агро» АҚ, «Нұрбанк» АҚ. Аталған компаниялардың қор алдындағы берешегі 40,64 млрд теңгені құрайды. Осының ішінде БЖЗҚ құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 7 эмитентке (құнды қағаз шығаратын кәсіпорын) қатысты қылмыстық іс жүргізіп отыр. Олардың қатарында: Mineral Resources of Central Asia, «Қазнефтехим», «LANDSBANKI HF», «Астана-Жылжымайтын мүлік» («Астана-Финанс»), «Эксимбанк Қазақстан», «Premier Страхование», «Роса» компаниялары бар. Үш іс бойынша («Эксимбанк», «Қазнефтехим», «Астана-Недвижимость») тергеу мерзімдері тоқтатылды, өйткені бұл эмитенттердің бұрынғы басшыларына іздеу жарияланған. Мысалы, 2005 жылы «Қазнефтехим» АҚ құрал-жабдық сатып алу үшін зейнетақы активінен 1,03 млрд теңге облигациялық қарыз алып, оны талан-таражға салған. БЖЗҚ «Қазнефтехим» АҚ басшысы Е.Киришевтің үстінен құқық қорғау органдарына шағымданған. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары Е.Киришевті іздеп жатыр. Сол тәрізді «Эксимбанкпен, Астана-Жылжымайтын мүлік компаниясының басшыларына да іздеу жарияланған. «Астана-Недвижимость» АҚ құрылыс компаниясы зейнеткерлердің ортақ қорына 1 млрд 700 млн теңгені қайтармай келеді. Компания бұл қаражатты ертеде «Астана» және «Ұлар-Үміт» зейнетақы қорларынан алып, 2011 жылдан бері төлеуді тоқтатқан.
Ал енді зейнетақы қорынан қарыз алған 15 компанияның арасында 5 эмитент банкрот болған. Олар: «Валют-Транзит Банк», GLOTUR, Qazaq Banki, «Эксимбанк Қазақстан», «Балама Қаржы» деген компаниялар. Олардың бағалы қағаздар бойынша қалған берешегі 17,63 млрд теңгені құрайды. Осылардың ішінде банкрот болған банктердегі депозитте зейнетақы қорының 3,3 млрд теңгесі болған. 2014 жылдан бері БЖЗҚ қарыз алған компаниялардан 37,37 млрд теңгені қайтарып алған. Соның ішінде 2025 жылдың алғашқы тоқсанында «Имсталькон» АҚ – 2,8 млрд теңге, «Абди Компани» АҚ – 208 млн теңге, «КСМК-2» ЖШС – 7,76 млн теңге, «Төрт-Құдық» АҚ – 32,8 млн теңге, «РЭМИКС-Р» АҚ – 103,06 млн теңге қайтарған. БЖЗҚ ресми мәліметіне сәйкес, қайтарылған барлық қаржы зейнетақы активтерінің кірісі ретінде есептеліп, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінеді.
Қарыз беріп банкрот қылу
БЖЗҚ-ның өкілдері проблемалы активтермен күресіп жатырмыз, қайтаруға күш саламыз дегенімен, сарапшылар мәселенің тереңде жатқанын айтады. Әлемдік экономиканы бақылаушы, саясаттанушы Әсем Қасымханова проблемалық активтердің түгелдей қайтуының өзі күмәнді. Компаниялар банкрот болғандықтан, қарыз қайтпай қалуы да мүмкін. Өйткені банкрот болған борышкерлердің мүлкі қарызды жабуға жетпейді.
«Бұл проблемалық активтер 2014 жылы БЖЗҚ-ға жеке зейнетақы қорларынан мұра ретінде берілді. Кезінде жекеменшік зейнетақы қорлары ол қарыздарды қайтару үшін ешқандай жұмыс істемеген. Компаниялар қарызын қайтаруға құлықсыз болды. Әзербайжан банкіне салынған 71 млрд теңгеден бөлек, 2017 жылдары зейнетақы қорының 600 млн теңгесі Бразилиядан қайтпай қалған. Осынша қаражат құйылған компания аяқ астынан жабылып қалды. Сол жылы Лондон сотында қордың 12 млрд 500 млн теңгесіне қатысты іс қаралды. Бұл «Қазақстан қағазы» компаниясына аударылған инвестициялар болды. Аталған кәсіпорын өз еліміздікі болғанымен, оның акционерлері шетелдік инвесторлар болды да, бұл іс сыртта қаралды. Лондон соты зейнетақы қорының пайдасына шешім шығарғанымен, активтер түгелдей әлі қайта қойған жоқ. Енді мұндай компаниялар қарызды кешіктірген сайын оны халық алдында мемлекет өтеуге мәжбүр болады. Бұл әрекет сөзсіз қазынаны ортайтады.
Жалпы, қордағы қаржы қазірдің өзінде қажетсіз облигацияларға жұмсалып жатыр. Бұдан бұрын зейнетақы қорының қаражаты мемлекеттік құнды қағаздарға салынса, енді «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздарына, сондай-ақ түрлі валюталық тетіктер мен акцияларға, жеке сектордың облигацияларына орналастырып жатыр. Былтыр БЖЗҚ-ның қаражаты есебінен 25 миллиард теңгеге AirAstana авиакомпаниясының 6,5 пайыз акциясы сатып алынды. Қазіргі кезде бұл компанияның 1 акциясының құны 735 теңгеге дейін құлдырады. Мұның салдарынан болашақ зейнеткерлердің салынған жинағы 31,55 пайызға азайып қалды. Сөйтіп, БЖЗҚ әрбір қазақстандықтың салымының үштен бір бөлігіне жуығын жоғалтып алды. Нәтижесінде, 2025 қаңтар, ақпан айларында БЗЖҚ инвестициялық кірісі төмендеп, халық зейнетақы қорындағы қаражатының азайып кеткеніне шағымданды. Ұлттық банк мұны уақытша күйзеліске балап, елді сабырға шақырғанымен, мұндай құбылыстар қорды әлсірете береді. Негізінде, Қазақстанның зейнетақы қоры Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорымен бірдей үлгіде жасалған. Норвегиялық зейнетақы қоры 2024 жыл қорытындысында 2,511 триллион крон (221,8 млрд доллар) табыс тапты. Ал қазақстандық БЖЗҚ-дағы бүкіл жинақтың көлемі 22 трлн 538 млрд 905,6 млн теңгені құрайды. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 43,5 миллиард доллар ғана. Сонда Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры қазақстандық зейнетақы қорындағы бүкіл жинақты қоса алғандағыдан 5 есе көп қаражатты бір ғана жылда табады. Мұндай пайда табу біздің түсімізге де кірмейді. Себебі компаниялар алған қарызын уақытында қайтармайды. Соттың үкіміне пысқырмайды. Қордан қомақты қаражатты алғаннан кейін банкрот жариялай салады. Мұның барлығы мемлекеттік бақылаудың төмендігінен», – дейді сарапшы.
Ескі сүрлеу және тәуекелсіз жүйе
Ал экономист-ғалым Сапарбай Жобаевтың сөзіне сүйенсек, зейнетақы қорындағы қаражатты басқаруда Ұлттық банк кейбір инвестициялық тәуекелдерге бара алмайды. Себебі қордағы халықтың қаржысы мемлекеттің жауапкершілігінде. Бас банктің қордағы қаражатты тек мемлекеттік бағалы қағаздар мен облигациялар сатып алуға бағыттайтыны да осыдан. Олардың табыстылығы, әрине, өте төмен.
«Менің білуімше, зейнетақы қорындағы 50-60 пайыз қаржы мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған. Сондай-ақ зейнетақы қоры туралы заңнамада әр жылдық инфляция деңгейі есептелінеді делінген. Мәселен, биыл біздегі инфляция 10 пайыз болса, зейнетақы қорындағы табыстылық 8 пайыз болса, айырмашылық 2 пайыз бюджеттен толтырып тұрады. Қазіргі зейнетақы жүйесін басқару әдісі дұрыс емес. Себебі дамыған, өркениетті мемлекеттерде зейнетақы қорлары жекешелендірілген компаниялардың қолына берілген. Біз де солай бастадық. Бірақ сол жекешелендірілген компаниялардың кейбіреулері жемқорлықпен айналысып кетті. Салымшылардың табысы төмендеді. Сондықтан үкімет жемқорлықтың алдын алу үшін зейнетақы қорын мемлекеттік басқаруды қолға алды. Бұл енді мәжбүрлі нәрсе. Бірақ қор мемлекеттік болғандықтан, үлкен табысқа жетуі қиын, себебі Ұлттық банк үлкен тәуекелдерге бара алмайды», – дейді экономист.
Жалпы, Ұлттық банкке президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан биыл берілген негізгі тапсырмалардың бірі – ендігіде бас банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты ұқсатудың тетігін табуы керек. Өйткені бұдан былай стратегиялық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыру үшін БЖЗҚ-ның қаражаты белсендірек тартылатын болады. Биыл үкімет пен Ұлттық банк қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін жылу электр орталықтарын салуға, инфрақұрылымдарды жаңартуға жұмсайтындарын мәлімдеп қойды. Алайда сарапшылар БЖЗҚ құрылғалы бері қолданып келе жатқан осы көне дәстүрді жаңарту керек деп есептейді. Сонау 2014 жылдан бері зейнетақы қорының қаражаты инфрақұрылымды жаңартуға, агросекторды дамытуға, теміржолды жаңғыртуға, энергетика саласын жаңартуға және басқа салаларға бағытталды. 20 жылдан астам уақыттан бері осы бағытпен келе жатырмыз. Кезінде Ұлттық банкті Григорий Марченко басқарған тұста зейнетақы қорының қаражатын басқаруды тиімді ету жайлы айтылатын. Одан кейін Әнуар Сәйденов қордың қаражатын ұтымды басқару стратегиялары жайлы айтты. Қайрат Келімбетовтің бас банкир болған тұсында да қордың қаржысын бағалы акцияларға салу, қордағы қаражатты ұқсата алатын инвесторлар табу жайы жиі айтылды. Одан бері бас банкті басқарған Данияр Ақышев пен Ерболат Досаев та БЖЗҚ-ның қаражатын ұқсатуға қатысты түрлі мәлімдеме жасады. Қазіргі бас банкир Тимур Сүлейменов те БЖЗҚ-ны қарызға беруден қалыспай келеді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ