Қарызбен – ауылға! Мәдиевтің интернеті күліп келіп, жылап қайтпай ма?

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев цифрландыруды қарыздың цифрын өсіру деп есептейтін сияқты.
Олай дейтініміз, биыл Қазақстан ауылдарға интернет тарту үшін халықаралық банктен 46 млрд теңге қарыз алатын болды. Мұны өткенде мәжіліс мақұлдап, Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру банкі арасындағы қарыз алуға қатысты келісімді ратификациялады.
Мәдиевтің сөзінше, бұл қаражат біршама мәселені шешіп, біраз жыртықты жамамақ. Жоба 2025–2027 жылдар аралығында жүзеге асады, осы кезеңде 1 123 ауыл сапалы интернетке қол жеткізіп, шамамен 2,3 миллион азамат немесе 500 мыңнан астам үй Токионы «мойындатады». Мәдиевтің мәлімдемесіне сенсек, қарызға алынатын 46 млрд теңге «Қазақстан экономикасын жедел цифрландыру» жобасын жүзеге асыруға бағытталады. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жоғары жылдамдықты интернет бойынша қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою.
Жалпы, біздің цифрлық даму саласын басқарған министрлеріміз интернетке қатысты қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті жоюға бұған дейін де құштар болған. «Ауылдағы елді сапалы байланыс қызметімен қамтимыз, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызамыз», «халықты небір сапалы электронды платформалардың қызметімен қамтимыз» деп цифрлық саланы басқаруға келгендердің бәрі айтқан. Тіпті 2017–2019 жылдар аралығында осы саланы дамыту үшін «Цифрлы Қазақстан» атты білдей бағдарламаны да қолданысқа енгіздік. Бұл бағдарлама негізінен төрт бағыттан тұрды. Соның ең алғашқы бағыты ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту болған. Сол тұста осы саланы басқарған экс-министр Асқар Жұмағалиевтің «Цифрлы Қазақстан» жайлы талай сиқырлы сөздерін ұйып тыңдадық. Жұмағалиев цифрландыру саласын жетілдіру экономикаға оң серпін беріп, бұл сала 2025 жылдан бастап ЖІӨ-ге өсім береді, 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың 97 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтылады деген мәлімдемелер жасайтын. Соған сеніп жүре берер ме едік, бір ғана пандемия кезеңі оның бұл сөздерінің құр қиял екенін айқындап берді. Сол кезеңде 6 500 ауылдың тең жартысында интернет желісі мүлде жоқ екені анықталды. Оқушылар мен студенттер, мұғалімдердің өздері Zoom, Daryn Online, Bilimland.kz тектес платформаларға интернеттің әлсіздігінен тіркеле алмай әуре-сарсаң болды. Интернеті жоқ ауылдағы бүлдіршіндердің дала кезіп, тау-тастың үстіне шығып, сабақ оқып жүргендерін де талай көрдік. Осылайша коронавирус Қазақстанның цифрлық мемлекет болуға дайын еместігін көрсетіп берді.
Артынша бұл саланы басқаруға үкіметтегі ең жас менеджердің бірі атанған Бағдат Мусин келді. Ол да келе сала мақтанудан алдына жан салмады. Қызды-қыздымен Қазақстанның интернет жылдамдығын Токиодан «оздырып», елді күлкіге қарық қылды. Ресеймен бірлесіп цифрлық үкімет платформасын құрайық деп те біраз күпінді. Артынша елдегі интернеттің сапасыздығын оның қызмет ақысының төмендігінен көрді. Саланы басқарып отырған министрдің мұндай мәлімдемесінен кейін байланыс операторлары лезде бағаны көтеріп тастады. Кеткен министрдің тигізген «пайдасы» сол –жұртшылық тарифтерге қымбат ақы төлеп жатса да, сапалы интернетке қол жеткізе алмай қала берді.
Ал қазіргі министр Жаслан Мәдиев Қазақстан цифрлық қызмет көрсету бойынша БҰҰ рейтингісінде 8-орында тұр деп мақтанып жүр. Министрдің есебінше, 2023 жылы елде онлайн форматта ұсынылған қызметтер саны 270 миллионға жеткен. Мәдиев тіпті мемлекеттік қызметтің 90 пайызын азаматтар үйде отырып ала алатынын мақтанышпен жеткізеді. Бұл жайында ол былтыр Азия-Тынық мұхиты министрлері бас қосқан алқалы жиында, үлкен конференцияда айтты.
Мәдиев, сірә, үздік сегіздікті (!) місе тұтпайды. БҰҰ рейтингінде үздіктердің үздігі болсақ дей ме екен, Мәдиев Халықаралық қайта құру банкінен 46 млрд теңге алып жіберіп, оны интернетті дамытуға салып жіберіп... Айды аспанға шығарсам дейді.
Қарыздың үстіне қарыз жамау
Осы саланы зерттеп жүрген ІТ ағартушы, сарапшы Елдос Еркебайдың пікіріне сүйенсек, еліміз халықаралық банктерден бұған дейін де қарыз алған. Содан дамып кеткен цифрлық жүйе және жоқ.
«Бұған дейін қаржы министрлігі халықаралық банктен 275 млрд теңге қарыз алып, оны 11 жыл ішінде өтеуі керек болған. Бұл қарызды алатын кезде де ауылды, аудандарды жоғары сапалы әрі тұрақты кеңжолақты байланыс инфрақұрылымымен қамту сөз болған. Енді Қазақстан цифрлық саланы дамыту үшін тағы 46 млрд теңге алатын болып отыр. Менің бір түсінбейтінім, қарыз ала бергенше неге бірінші ешқандай пайдасы жоқ конференциялар легін тоқтатпайды?! Мысалы, былтыр елде Азия-Тынық мұхиты министрлерінің конференциясы өтті. Мұндай конференцияны шынымен цифрлық тұрғыда дамыған елдер өткізсе бір жөн. Біз өткіздік. Осы конференцияны Астанада өткізу үшін 535 мың доллар, сол кездегі доллармен есептесек, 239 млн теңге қаражат қажет болған. Осыншама соманы бір ғана конференцияға кетірудің не қажеті бар?! Бұл конференцияны ең алғаш өткізген Оңтүстік Кореяның өзі пайда көрмеген. Ал біз аламыз да, елді жиып алып мақтанамыз.
Құр мақтан бұл саланы өсірмейді. Мысалы, қазір «Цифрлы Қазақстан» жобасы бойынша жүзеге асқан DamuMed, E-learning, «Сайлау» және басқа да жобаларды пайдалы қызмет көрсетіп отыр дей алмаймыз. DamuMed медициналық ақпараттық жүйесін құруға бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінген. Бұл платформа медициналық ақпараттың бірыңғай қоймасына айналуға тиіс еді. Бір ғана Қостанай облысында 2017 жылы жобаны іске асыруға 360 млн теңге жұмсалыпты. Мұндай жағдай әр аймақта кездесті. Ал қазір бұл платформада 11 607 жалған жазба табылғанын депутаттар жарыса айтып жүр. Дәрігерге келуді жалған тіркеу, жалған қабылдаулар мен процедуралар, тіпті жалған туыстарды да платформадан кездестіруге болады. Осы бір ғана платформа талай қаражатты қолды қылды. Ал білім саласы бойынша е-learning электронды оқыту жүйесіне 35 млрд теңге жұмсалды. Бұл идеяны Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы жүзеге асырды. Қазір бұл бағдарлама істен шықты. 35 млрд теңге желге ұшты. Еgov-ты қазір сәтсіз жобалардың қатарына жатқызып жүрміз. Оны құрып, іске асыруға 2006 жылдан бері шамамен 46 млрд теңге жұмсалыпты. Қазір сол 46 млрд теңгені халықаралық банктен қарызға сұрап отырмыз. Мұндай қаражат жұмсау арқылы біз саланы дамыта алмаймыз. Тек жекелеген адамдарды, осы саланың басы-қасында жүрген шенеуніктерді байытамыз. Сондықтан ең алдымен салаға бөлінген қаражаттардың нақты есебі берілуі керек. Ашықтан-ашық қай сала цифрланды, оған қанша қаражат жұмсалды, қаншасы қолды болды, кім жауапқа тартылды, осының барлығы арнайы платформада көрсетіліп тұрсын. Сонда әділ болады», – дейді ІТ сарапшы.
Біз сарапшы айтып отырған мәселелерді жіпке тізіп, цифрлық даму министрлігіне е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдадық. Министрліктен арнайы білдей бір бағдарлама бойынша жұмыс істегенде не тындырылды және қандай кемшіліктер жіберілді деген сауалдарға жауап алғымыз келді. Бұған дейін басқа министрлер мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттен қыруар қаражат бөлінсе де дамыта алмай кеткен саланы, Жаслан Мәдиевтің қарыз алып қалай қарық қылатынын жауапқа байланысты оқырмандарымызға ұсынатын боламыз.
Шетелден қарыз алып, шетелден маман шақыру
Қолда бар деректерге сүйенсек, «Ақпараттық Қазақстан-2020» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының аясында шамамен 324 млрд теңге қаражат жұмсалыпты. Бұдан бөлек, 2021–2025 жылдары 5G желісімен елді қамту үшін барлығы 442 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл ретте барлық қаржыландыру бюджеттен тыс, яғни операторлардың есебінен жүзеге асырылады делінген. Алайда қыруар қаражат жұмсалғанымен қазір Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1 432 ауыл кеңжолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бағамдасақ, «Цифрлы Қазақстан» бюджеті көп жобаның бірі. Ал сол көп қаражатты әркім бір қарпып қалуға қымсынбайтын сыңайлы. Былтыр бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында 105 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін мәдениет және спорт министрлігінің мұрағат және құжаттама істері комитетінің орынбасары мен ІТ компаниясының директоры 6,5 жылға сотталды.
Қаржыгер Ілияс Исаев:
«Өткенде оқып қалдым, «Самұрық-Қазына» 42 млрд теңгеге немістердің IT мамандарын шақырған. Қазір технологияның қарыштап дамығаны сонша, барлығы интернетпен жұмыс істей бастады. Біз артта қалып барамыз. Үйіңді жөндеткің келсе де, үйдегі дүниеңді сатқың келсе де цифрлы платформалар қаптап тұр. Қытайда 9 жасар балалар бағдарлама құрылымын түсінеді. Ал біз сауатты ІТ мамандарын даярлай алмай отырмыз. Ұлттық компанияларымыз жаңағындай шетелдік мамандарға жүгінеді. Ресейден ІТ мамандар шақырып отырған компаниялар бар. Такси қызметін де ресейлік бағдарламалар арқылы пайдаланамыз. Соның нәтижесінде сыртқа қаншама қаражат кетіп жатыр? Осының барлығын ойласақ, бізге бұл салада бос мақтанды қойып, алдымен маман біліктілігін жетілдіруге күш салған жөн. Қарызға алған қаражаттың көп бөлігін отандық ІТ мамандарын даярлауға жұмсау керек деп есептеймін», – дейді.
Экономика саласы мамандарының пайымдауынша, цифрлық технология экономиканы дамытудың бір күші. Отандық платформалардың қызметінің дамуы, отандық бағдарламалар арқылы жұмыс істеу, тіпті өзіміздің отандық әлеуметтік желілерді ойлап табу, тағысын тағылар заман қажеттілігі. Алдағы уақытта цифрлық жүйеге тәуелділік еселеп артады. Сол кездің өзінде де көрші елдің бағдарламаларын сатып алып, өзге елдің мамандарына қомақты сома төлеп отыра беретін болса, онда қарыздың үстіне қарыз алуға тура келеді.
Енді аздаған жалпы мәлімет. Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, 2025 жылы еліміздің сыртқы берешегі 164 млрд доллардан асқан. Соңғы бес жылдың өзінде басқа мемлекеттерден алған ақшамыз 8 млрд долларға жуықтайды. Қазақстанның Нидерландының несие берушілер алдындағы қарызы ғана 42,1 миллиард долларды құрайды. Екінші орында Ұлыбритания тұр. Оның алдындағы қарыз 14,3 млрд долларды құрайды. Қазақстан қарыз алғандар қатарында Ресей үшінші орында – 13,5 млрд долларды құрайды. Мәдиев қарап жатпайын деп, қарызға үлес қосайын деді ме екен, әйтеуір, ауылдың интернетін уайымдай қалыпты. Бұл – қазақтың құлағы жауыр болған әуен...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ