Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қарыздан қорықпайтын Қазақстан

Қарыз
Фото: zhasalash.kz

Өткен аптада Қазақстан мемлекеттік қарызы көп 25 елдің қатарына енді. Мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша елдер арасындағы айырмашылық айтарлықтай.

Ең төмен көрсеткіш Макао (0 пайыз) мен Лихтенштейнде (0,5 пайыз) болса, ең жоғары қарыз Жапонияға тиесілі: оның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімінің 229,6 пайызына жеткен. Сарапшылар мұны ел халқының қартаюы және ондаған жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан салықтық ынталандыру саясаты салдарымен байланыстырады. Екінші орында Судан тұр (221,5 пайыз), ал үшінші орында – Сингапур (175,6 пайыз), бірақ соңғысының қарызы бюджет тапшылығы емес, инвестицияға байланысты. Қарызы жоғары елдердің қатарында Греция (146,7 пайыз), Бахрейн (142,5 пайыз), Италия (136,8 пайыз), Мальдив аралдары (131,8 пайыз), АҚШ (125 пайыз), Сенегал (122,9 пайыз) және Франция (116,5 пайыз) бар.

Қазақстан бұл тізімде 25-орынға табан тіреген. Еліміздің мемлекеттік қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 24,8 пайызын құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

Дегенмен абсолюттік мәнде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы Орта Азия бойынша ең жоғары – 74,4 млрд доллар. Салыстырар болсақ, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 42,8 млрд доллар, Қырғызстанда – 7,6 млрд, Тәжікстанда – 3,7 млрд, ал Түрікменстандікі – 2,8 млрд долларды құрайды. Айта кетерлігі, аймақ елдерінің ешқайсысының қарыз көлемі ЖІӨ-нің 40 пайызынан аспайды, сарапшылардың айтуынша, бұл халықаралық тәжірибеде қарыздың қауіпсіз деңгейі ретінде бағаланады. Ал ең ірі борышкерлер қатарында АҚШ (38,3 трлн доллар) пен Қытай (18,7 трлн доллар) тұр. Бұл екі мемлекеттің борышы әлемдік мемлекеттік қарыздың жартысына тең.

Шенеуніктер қарыздан қорықпайды

Кезінде 2018 жылдары экс-президент Назарбаев «бүкіл әлем бойынша біздің мемлекеттік қарызымыз ең төмен» дегенді жиі айтатын. Экс-президент қарыз туралы айтқанда АҚШ қарызының 14 трлн долларға тең екенін, Германияның қарызы жалпы ішкі өнімнің 90 пайызын құрайтынын, Италияда – 120, Испанияда – 100 пайызға жеткенін мысал етіп отыратын. «Ал біздің қарызымыз небәрі 13 млрд доллар ғана. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 10 пайызынан да төмен» дейтін 2018 жылдары Назарбаев.

Қазақстан мемлекеттік қарыз алуды 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылдан бастап ресми түрде бастады. Сол кезде ел жаңа экономикалық жүйеге көшіп, нарықтық қатынастарды енгізу барысында бюджет тапшылығын жабу және экономиканы тұрақтандыру үшін ішкі және сыртқы қарыз алу тәжірибесін қолданды. Алғашқы сыртқы қарыздар 1992-1994 жылдары халықаралық қаржы ұйымдарынан, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкінен алынды. 1995 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын қалыптастырып, ішкі қарыз алу механизмін енгізді (мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер, мемлекеттік бағалы қағаздар). 2000 жылдардан бастап ел сыртқы қарыздарын басқару жүйесін жетілдіріп, халықаралық капитал нарықтарында еурооблигациялар (бағалы қағаздар) шығара бастады.

Қазақстанның қарызына қатысты ең алғаш 2011 жылы қаржы министрі болып тұрған кезінде Болат Жәмішев «сыртқы қарыздың үлкен мөлшері Қазақстан үшін қауіпті емес» деп мәлімдеген. Одан кейін қарыздың қауіпті емес екенін ұлттық экономика министрі болып тұрған кезінде Әлібек Қуантыров та айтты. Ол «сыртқы қарыз бәсекеге қабілетті қарыз деуге болады, көп емес» деді. Ал биыл мұндай мәлімдемені қаржы министрі Мәди Тәкиев те түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің 23 пайызына тең. Заң бойынша белгіленген шек 30 пайыз. Сондықтан біздің жағдайымызда бұл көрсеткіш қауіпті емес.

Экономистер қорқу керек дейді

Алайда шенеуніктер осылай дегенмен, салалық мамандардың мемлекеттік қарызға деген көзқарасы басқа. Экономистердің пайымына жүгінсек, мемлекеттік қарыздың жоғарылауы – жақсы құбылыс емес. Ол елдің экономикалық жағдайына, қарызды басқару қабілетінежәнеқарыздың қандай мақсатқа жұмсалып жатқандығына байланысты.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пайымдауынша, қарыздың жоғарылауының өзіндік қауіптері бар. Біріншіден, қарыз бюджеттік қысым тудырады. Мемлекет алған қарызын өтеу үшін салықты көтеруі немесе әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуы мүмкін. Қазір тура осындай жағдай болып жатыр. Екіншіден, инвесторлардың сенімінің төмендеуі туындайды. Егер қарыз тым көп болса, елдің рейтингтері төмендеп, жаңа қарыз алу қымбаттайды. Бұған қатысты да Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) азая бастағаны былтырдан бері жиі айтылып жүр. Биыл Қазақстан экономикасына, әсіресе мұнай-газ өңдеу саласына шетелдік инвестициялар айтарлықтай азайған. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы инвестициялық ағын 724,9 млн доллар болған. Бұл үш жыл бұрынғы 9,6 млрд доллар көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Үшіншіден, инфляция мен ұлттық валюта әлсірейді. Егер қарыз ішкі нарықта және ұлттық валютада жабылса, ақша массасы көбейіп, инфляция артады.

«Ең негізгісі, бүгінгі қарыз ертеңгі ұрпақтың иығына түседі. Егер қарыз инфрақұрылымға, білімге, технологияға жұмсалса, ол экономиканы дамытып, болашақта табыс әкеледі. Қысқа мерзімді экономикалық дағдарыс кезіндеқарыз экономиканы қолдап, жұмыс орындарын сақтауға көмектеседі.

Тиімді басқарылған қарыз экономикалық өсудің құралы, ал бақылаусыз қарыз тұрақсыздықтың көзі. Жасыратыны жоқ, бізде қарызға алған қаражаттың өзін бақылаусыз, тиімсіз басқарып отырған ведомстволар мен аймақтар жетеді. Сондықтан мемлекеттік қарыз мәселесіне келгенде өте қатаң бақылау орнату қажет. «Қарыздың ЖІӨ-ден аспауы қауіпті емес» деп арқаны кеңге салуға болмайды», – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Маман айтқандай, бізде көбіне сырттан қарыз алынып, сол арқылы реформалық бағдарламалар жасалып жатады. Қазақстанның жағдайында мемлекеттік қарыз мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қаржылық қажеттіліктерін өтеу, инфрақұрылымды дамытужәнебюджет тапшылығын жабу үшін пайдаланылады.

Қарызды алу бар да, жұмсау бар

Ал енді 2023 жылы сол бюджеттің қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы шамамен 489 млрд теңгені құраған. 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 371,5 млрд теңге, яғни, 2023-тен 24 пайызға төмендеген. 2024 жылы жергілікті деңгейде: Іле ауданы (Алматы облысы) бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді пайдалануда 1 613,6 млн теңгені «тиімсіз жоспарлаған», 60,0 млн теңгені «тиімсіз пайдаланған». Тағы осы жылы Алматы облысы бойынша 3 951,1 млн теңге «тиімсіз пайдаланылған», 1 765,1 млн теңге «тиімсіз жоспарланған».

Қазақстандағы өңірлер бойынша тиімсіз басқарылған бюджеттік қаржыға қатысты аудиторлар бірнеше дерек келтіреді. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысы бойынша 5,5 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған, оның ішінде 869 млн теңгеге сыртқы қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактісі бар. Түркістан облысында аудит қорытындысы бойынша 10,5 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар және 4,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану анықталған. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша облыстың бес басқармасында жалпы шамамен 10,4 млрд теңге көлемінде «тиімсіз жоспарланған» қаражат анықталған. Қарағанды облысында жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде заңбұзушылықтар сомасы шамамен 5,3 млрд теңгеболған.

«Құқық және экономика» институтының маманы, экономист-сарапшы Жанар Күнтуғанқызы Қазақстанның сыртқы қарызы экономиканың тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор деп санайды. Қарыз толықтай «жаман нәрсе» емес (өйткені ол дамуға инвестиция болуы мүмкін), бірақ оның өсуі мен тиімсіз пайдаланылуы елдің қаржылық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

«Сондықтан бізге сыртқы қарыздан құтылудың немесе азайтудың негізгі бағыттарын үнемі електен өткізіп отыру керек. Ол үшін, әрине, ең алдымен экономиканың кірісін арттыру қажет. Экспортты әртараптандырып, өңделген өнім экспортын көбейту керек. Импортты алмастыратын кәсіпорындар ашып, алдағы үш жылда салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономикамен күресу, цифрлық есепті енгізуге кіріскен жөн. Қарызды қайта құрылымдау және тиімді басқару жағын жетілдіру маңызды. Қарыздыңпайыздық мөлшерлемесі жоғарыболса, оны төмен пайызбен қайта қаржыландыру бар. Ұзақ мерзімді және жеңілдетілген шарттармен қарыз алу. Қарыз құрылымын талдап, «қымбат» сыртқы қарыздарды қысқарту қарыз ауыртпалығын азайтады, төлемдер ыңғайлы болады. Бізге ең жетіспейтіні – қарызды мақсатты және нәтижелі пайдалану.Әрбір шетелдік займ нақты экономикалық қайтарымы бар жобаларға жұмсалуы керек. Тиімсіз жобалар мен «көрсеткіш үшін» алынған қарыздардан бас тарту қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) дамыту да өте маңызды. Нәтижесінде сыртқы қарызға тәуелділік азаяды», – дейді Ж.Күнтуғанқызы.

Сондай-ақ маман Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерін тиімді пайдалану өзекті екенін айтады.Резервтерді тек «дағдарыс кезінде» емес, қарыз ауыртпалығын азайту құралы ретінде қолдану, Ұлттық қордан ақша алу емес, оның инвестициялық табысын арттыру, ішкі қаржы нарығын дамыту жыл өткен сайын маңызды бола бермек.Бұл ретте «халық пен отандық инвесторлар сатып алатын ішкі мемлекеттік облигациялар шығару ұтымды әдістердің бірі» деседі мамандар. Бұл сыртқы қарызды ішкі қарызбен алмастыруғамүмкіндік береді, яғни, тәуелділік азаяды. Тағы бір өзектісі – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қарызды бақылау. «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазМұнайГаз» сияқты ұйымдардың сыртқы қарыздары да мемлекеттің борышына әсер етеді. Оларды ашық есепке алу және бір орталықтан басқару жүйесін енгізуқажет. Ең бастысы,жемқорлық пен тиімсіз басқаруға нөлдік көрсеткіш енгізе алсақ жөн. Бұл ретте мамандар әр жоба бойынша тәуелсіз аудит және қоғамдық бақылау енгізу қажеттігін ұсынады.

Мамандардың жалпы пікірі, Қазақстан үшін қазіргі сәтте мемлекеттік қарыз «жаман» деп бағалауға ерте. Әйтсе де Қазақстанның қарызы көп 25 елдің сапына кіргеніне де кеуде кере мақтана алмаймыз. Қазіргі біздің қарызымызды бақылаудағы деңгейде деуге болады. Бірақ оны «мүлде қауіпсіз» деуге де болмайды. Мемлекеттік қарыздың қауіпті немесе қауіпсіз болуы, әрі қарай үкіметтің және квазисектордың қарызды қалай басқаратынына байланысты.

Қ.Сайлау