Қарызы 10 трлн, зияны 1,8 трлн «Самұрық-Қазынаның» кадр саясаты
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің құрамы тағы өзгерді. Бұл жолы аталмыш қорды басқару құрамынан ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров шығарылды. Оның орнына Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Хэн Файн Вонг келді.
Вонг – елдегі «Алатау – ақылды қала» жобасының бас кеңесшісі. Осы күздің басында ғана Ақордаға, президентке кіріп шыққан соң тағайындалған. Арада бір жарым айдай өтер-өтпесте «Самұрық-Қазынаға» жыл басында ғана келген Байбазаровты ығыстырып отыр. Соған қарағанда, аты бар да, заты жоқ Алатау қаласын салуға ұлттық қор белсене араласатын сияқты. Сондықтан сингапурлық Вонгтың «Самұрық-Қазынаға» келуі қордың жұмысына қаншалықты ықпал етеді? Шетелдің инвестициясын, технологиясын, білім әлеуетін қалай тартуды біледі деп шақырған сингапурлық кеңесші «Самұрық-Қазынаның» жұмысына серпін бере ала ма деген сұрақтан гөрі, Алатау қаласы «Самұрық-Қазынаны» қаншалықты пайдаланады деген сұрақ маңызды сияқты.
Ал қордың жұмысына келсек, сарапшылар онша жақсы айтпайды. Жалпы, 2008 жылы «Самұрық-Қазына» ең алғаш құрылғанда экономиканың бәсекеге қабілетін арттырады, тұрақтылықты қамтамасыз етеді делінген. Алайды ұлттық даму институттары мен ұлттық компаниялардағы мемлекеттік үлесті тиімді басқарады, бірнеше саланы, оның ішінде мұнай-газ, металлургия, электр энергетикасы, инфрақұрылым, химия өнеркәсібін дамытуға үлес қосады деген. Қор құрыла салысымен әлемдік экономикалық дағдарыс басталды. Сол тұста Қазақстан үкіметі дағдарысқа төтеп беретін бағдарламаларды жасай бастады. Ол бағдарламалар қабылданғаннан кейін оны орындау үкіметке емес, «Самұрық-Қазынаға» жүктелді. Осыдан-ақ қордың жүгі мен жауапкершілігі салмақты болатынын бағамдағанбыз. Қазірде «Самұрық-Қазына» қорының активі еліміздің ЖІӨ-нің 60 пайызына жуықтайды. Бүгінде қордың мынадай функциялары да бар: қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу; шағын және орта бизнесті қолдау; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Қордың құрамына KEGOC, «Қазақстан теміржолы», «QazaqGaz Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа алпауыт компаниялар енеді.
Әл-ауқат қорының өз міндеттерін толық орындай алмай отырғанын 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. «Самұрық-Қазына» туралы сөзінде президент үкіметке бірқатар сұрақтарды зерттеу керектігін тапсырды. Осыдан кейін үкімет «Қордағы қомақты жалақы алатын қызметкер мен директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компаниялар және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?» деген сауалдарға ашық жауап беруі керек болатын. Бұдан бөлек, үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі өзгерту үшін ұсыныстар әзірлеу де тапсырылған. Сондай-ақ Тоқаев егер «Самұрық-Қазынаны» реформалау мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс дегенді де айтты.
Осыдан кейін-ақ, «енді қордың жұмысы дұрыс бағытқа беттеп, жұмысына құрылымдық өзгерістер енгізіліп, оң нәтижелер көрерміз» деп ойлағанбыз. Әйтсе де, биыл Бәсекелестікті қорғау агенттігі қордың жыл сайынғы экономикалық зиянын 1,8 трлн теңгеге бағалады. Агенттік мұндай деректі квазимемлекеттік реформа туралы аналитикалық есепке сүйеніп таратқан. Аталмыш есепте қордың құрамына енетін компаниялардың қызметі мен басқаруындағы тиімсіздіктер көрсетілген. Мәселен, қазір «Самұрық-Қазынаның» жалпы қарызы 10 трлн теңге. Соның ішінде «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты үлкен компаниялар инфрақұрылымдық жобаларға биыл тағы сырттан қарыз алған. Қарыз алу әлемдік тәжірибеде бар десек те, осы саланы жетік білетін корпоративтік қаржы саласының маманы, сарапшы Анар Еспенбетова әл-ауқат қорының бұлайша қарызға батуы құптарлық дүние емес дейді.
Маманның айтуынша, аталмыш қор сыртқы қарызды мұнай бағасы тұрақты, экономикалық даму көрсеткіші оң динамика көрсетіп тұрған кезде алған. Ол кезде мұнайдың бір баррелі 100 АҚШ доллары болса, қазір 70 долларға сатылып жатыр.
«Арзан мұнай кезінде бюджетке түсетін түсім де азаяды, экономиканың аяқ алысы да шатқаяқтайды. Сондықтан келешекте «Самұрық-Қазынаның» қарызын қайтару да оңайға соқпайды. Жыл сайын миллиардтаған қарызын қайтарумен әуре болып жүрсе, қордың экономикалық зияны 1,8 трлн теңге болмай қайтеді! Қазір аталмыш қордың алдында 2014 жылдарда алған қарызын қайтару міндеті тұр. Оларды қайтармаса, ірі жобаларға қайтадан қарыз алу мүмкіндігі төмендейді», – деді сарапшы.
Не істеу керек?!
Маманның ойынша, үкімет болашақта «Самұрық-Қазынаға» ең алдымен сырттан қарыз алуға шектеу қоюы керек.
«Биыл жыл басында доллар бағамы 460 теңге болып тұрған кезде «Самұрық-Қазына» Қытайдан 2 млрд доллар қарыз алды. Ол қаражатқа полипропилен зауыты іске қосылатын болды. Қазір доллардың бағамы 490 теңгеге жуықтады. Сыртқы қарызды холдингтер де, ұлттық компаниялар да доллармен алатынын ескерсек, доллар қымбаттаған сайын біз ұтыламыз. Қымбат доллармен қарызды қайтарғанда экономика зиян шегеді. Сондықтан келешекте «Самұрық-Қазынаның» сырттан алатын қарызына қатты шектеу енгізу керек. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» сыртқы қарызы шекті 10 млрд доллардан аспауы керек немесе 5 млрд доллардан аспауы тиіс деген талап қойған жөн. Оның орындалуын ұлттық экономика, қаржы министрліктері қадағалауы тиіс», – дейді А.Еспенбетова.
Сондай-ақ құрамында 15 ірі компания бар «Самұрық-Қазына» әр тоқсан сайын қарыздарын қалай өтеп жатқаны туралы ашық есеп беріп отыруы керек.
«Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесінің құрамына Сингапурдың үлгісін ұстанатын Хэн Вонг келіп жатыр ғой. Біріншіден, Сингапур тәжірибесі бойынша мұндай алпауыт қорлар мемлекеттік меншікке беріледі. Қордың акциясына Сингапурде қаржы министрлігі иелік етеді. Бізге де осындай тәсілді ұстану керек деп ойлаймын. Бізде «Самұрық-Қазынаны» және оның құрамына енетін «Қазақстан теміржолы», «Қазмұнайгаз» компанияларын оған қаржы салған инвесторлар бақылап отыр.
Екіншіден, қордың директорлар кеңесінің құрамын жыл сайын ауыстырады да жатады. Біз үшін «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің тағдыры емес, ұлттық компаниялардың ашық жұмыс істеуі маңызды. Басқару қызметіндегілерге миллиондаған бонустар тағайындалып жүр. Осы басқару аппаратын қысқартуды ойластыру керек. Қордың құрамына енетін ұлттық компаниялардың менеджменті түгел жаңару керек. Өйткені қазіргі жұмыс тәсілі квазимемлекеттік секторды тиімсіз етті.
Үшіншіден, қазір «ұлттық компанияларға мемлекеттік араласуды азайтамыз» деген мақсатпен олардың акцияларын ІРО-ға, яғни жеке тұлғаларға сатуға шығара бастадық. «Самұрық-Қазынаның» құрамындағы Халықтық ІРО-ға шығатын компаниялардың тізімі де жасалды. Бір қызығы, былтыр «Қазатомөнеркәсіптің» халықтық IPO-сын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сатып алды. Ол саудаға тіпті халық араласқан да жоқ. IPO-ға квазимемлекеттік секторды шығару, бұл – ұлттық компанияны елдегі кәсіпкерлер тобына беру деген сөз. Бізде олардан басқа алатын ешкім жоқ. Сондықтан бұл арада жекелеген кәсіпкерлер ол компаниялардың жұмысын жүргізуге қауқарлы ма, сауаты жете ме, осы сауалдарды зерттеу қажет. Шетелдіктер туралы айтсақ, кез келген ақылды инвестор мемлекеттің кепілдігі бар компанияларға, холдингтерге инвестиция салғысы келеді. Өйткені әлдеқандай жағдай болса, мемлекет жауапкершілікті өзіне алады. Сондықтан қорға қарасты компаниялардың акцияларын ІРО-ға сатуға шығару жайы әлі толық зерттелуі керек», – дейді маман.
Жалпы, қордың өзінің есебі бойынша биыл «Самұрық-Қазынаның» кірісі шамамен 17 трлн теңге болмақ. Былтыр бұл көрсеткіш 15,4 трлн теңгені құраған. Осылайша, қордың активтері шамамен 68 миллиард долларды құрайды. Алайда айналымында осынша қомақты қаражат болса да, қор халыққа ашық есеп бермейді. Қызметкерлерінің жалақысы жоғары, сыйақылары мен бонустары, шетелден қыруар ақшаға жалдайтын мамандары тағы бар. Мемлекеттің ақшасына өткізетін миллиардтық соманы құрайтын тендерлері де ашық емес. Аталмыш қор тіпті Жоғары аудиторлық палатасының мәлімдемелерімен де келісе бермейді. Мәселен, биыл жазда Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазынаның» құрамына енетін «Қазақстан теміржолы» (ҚТЖ) компаниясының дефолт алдында тұрғанын айтты.
Алайда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтепов Смайыловтың бұл пікірімен мүлде келіспеді. Өтеповтің айтуынша, қазір ҚТЖ бұрынғыдай қымбат қарыздарға ұрынуды азайтқан. ҚТЖ-ның қаржылық тұрақтылығын небір беделді рейтинг агенттіктері растап отыр. «Олардың болжамдары – жағымды, көрсеткіштері – оң». Иә, қарызы да шаш-етектен...
Бұған дейін шетелдік басқарушылар екеу болатын – италиялық Сутера Лука (2019 жылдан бері) және БАӘ-лік Мұхаммед Жәмил әл Рамахи (2023 жылдан бері). Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақыпов былтыр ғана директорлар кеңесіндегі шетелдік мүшелерді ауыстырудың керегі жоқ, олардың пайдасы көп деген. Биыл басқа емес, премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрін шығарып тастап, тағы бір шетелдікті шақырғанына қарағанда, «Самұрық-Қазынада» қаржылық қиындық қана емес, кадр тапшылығы да күшейіп келе жатқан сияқты.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ