Карлаг пен Алматы арасындағы жол

1937 жылдың қысы. Ұлты еврей, Украинадан шыққан суретші Абрам Черкасский «поляк тыңшысы» деген жаламен тұтқындалды.
Кейін 1938 жылдың ақпанында 10 жылға сотталды. Қарағанды маңындағы Карлагқа айдалған ол, үш жылға жуық қапаста отырып, 1940 жылдың тамызында ғана адал жары Ева Львовнаның табанды әрекеттерінің арқасында бостандыққа шықты. Алайда көп ұзамай елді соғыс өрті шарпып, Черкасский отбасымен бірге Ақтөбеге эвакуацияланды. Кейін оны Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Өнер істері басқармасы Алматыға шақыртты. Бұл оқиға суретшінің ғана емес, қазақ бейнелеу өнерінің де тағдырын өзгерткен шешуші сәтке айналды. Себебі дәл осы кезеңнен бастап оның ұстаздық жолы қазақ жастарының кәсіби әрі рухани өсуіне жаңаша жол ашты.
Абрам Маркович Черкасский 1886 жылдың 8 шілдесінде Украинадағы Белая Церковь қалашығында, патриархалды еврейлік үлкен отбасыда дүниеге келді. Көпбалалы үлкен шаңырақта ол он төрт баланың оныншысы еді.
Жеті жасынан-ақ суретке әуестігін танытқан ол балалық шағын Киевтің маңындағы Будаевка ауылында өткізді. Баласының сурет салуына қарсы болған әкесі, ұлын суретші емес, саудагер, заңгер не дәрігер ретінде көргісі келген екен. Соған қарамастан, бала жүрегіндегі бейнелеу өнеріне деген ықылас одан сайын күшейе түседі. Ақыры, ұлының ерекше қабілетін мойындаған отбасы оны Киевтегі суретші Сафоновтың жеке студиясына береді. Черкасский бұл жерде бар болғаны үш ай ғана оқығанымен, оның кәсіби жолындағы алғашқы қадамы осы шеберханадан басталады.
1900 жылы Абрам Черкасский Киевте жаңа ашылған көркемсурет училищесіне оқуға қабылданды. Алғашқы ұстаздары арасында украин өнерінің белгілі шеберлері – А.Мурашко, Н.Пимоненко және И.Селезнев бар еді. Суретші жайлы біршама мақалалар жазған өнертанушы Л.Хлопованың айтуы бойынша сол жылдары ол болашақ шығармашылығына ықпал еткен алғашқы достарымен де танысады. Олар француз суретшісі Деревиль мен Париж академиясында оқып келген С.В.Левицкая еді. Суретшілер бірге этюд жазып, көрмелерді аралап жүріп, Клод Моне, Огюст Ренуар, Эдгар Дега сияқты атақты шеберлердің туындыларымен сусындап, оларды үнемі талқыға салып отырған екен.

Студент шағынан-ақ Черкасский кең тынысты, эпикалық сипаттағы украин табиғатының бейнелеріне құмар болды. Жас суретшінің осы кезеңде жазған «Диірмендер» атты пейзажы таңғы күн аясындағы жел диірмендерін бейнелеген туындысы нәзік колоритімен және табиғаттың ояну сәтін дәл жеткізген көркемдігімен ерекше бағаланды. Бұл еңбегі үшін ол алтын медальға ие болып, Императорлық көркемсурет академиясына ұсынылды. Сол себепті де 1909 жылы Абрам Черкасский үлкен арманын арқалап, Императорлық академия жанындағы Жоғары көркемсурет училищесіне өтініш жазды. «Киев көркемсурет училищесінің ұсынымы негізінде конкурссыз қабылдауыңызды өтінемін», – деп хат жолдаған жас талапкердің тілегі қабыл болып, ол әйгілі академияның табалдырығын аттады. Черкасский бірден профессор Н.Н.Дубовскийдің пейзаждық шеберханасына қабылданып, кейін Н.С.Самокиштен де тағылым алады.
Оқу жылдары оның шығармашылық әлемін кеңейткен ұстаздар аз болмады. Я.Ф.Ционглинский мен В.Е.Савинскийдің ақыл-кеңестері, ең бастысы – атақты Илья Репинмен болған кездесулер жас суретшінің өнерге деген ынтасын одан әрі шыңдай түсті. Репиннің шеберханасындағы әрбір естелік оның жадында ұзақ сақталып, кейінгі еңбектерінде көрініс тапты. Репинмен кездесулерін Черкасский өмір бойы мақтанышпен еске алып жүрді. «Репин шеберханасы маған қатты әсер етті. Бірде Репин менің қысқы этюдтерімнің қасында ұзақ тұрып, «Қызық, қызық…» деп басын шайқап қарап тұрды. Кейде үндемей өтіп кететін, бірақ артынан оның қалың дауысы естілетін», – деп еске алады Черкасский. Бұл сәттер, әрине, шәкірт үшін баға жетпес рухани қолдау болғаны анық.
Студенттік алғашқы жылдарынан-ақ Черкасский Петербург көрмелеріне өз пейзаждық еңбектерімен қатысып отырды. Оның табиғат көріністеріндегі нәзік бояу шешімдері мен таңғы сәтті бейнелеудегі поэтикалық шеберлігі академиялық ортада жоғары бағаланды. 1915 жылы ол Императорлық академияның көктемгі көрмесіне қатысып, «Көктем. Су тасқыны» атты пейзажымен «Жаңа суретшілер қоғамының» көрмесіне қатысып, Архип Иванович Куинджи атындағы сыйлықты еншіледі.
Кескіндемешінің жетістіктері мұнымен шектелмей, келесі 1916 жылы оның «Обводный каналындағы паровоз» атты картинасын Александр III музейі (қазіргі Мемлекеттік Ресей музейі) сатып алды.

1917 жылдың көктемінде Черкасский Императорлық көркемсурет академиясындағы оқуын тәмамдады. Молдова сапарында жинаған этюдтік материалдары негізінде ол «Қалашық шетінде» («На окраине местечка») атты дипломдық жұмысын жазды. Жаңа бояумен жасалған жас суретшінің еңбегі көрермен назарын бірден аударды. Көп ұзамай картинаны Данияның корольдік музейі сатып алып, өз қорына қосты.
Осы сәттен бастап оның дербес шығармашылық жолы басталды. 1918 жылдың күрделі де дүмпуі мол кезеңінде ол Украинаға оралып, алдымен Винницада қоныстанды, кейін Киевке көшіп, көркемсурет институтында ұстаздық қызмет атқара бастады. 1935 жылы педагогикалық еңбегі үшін оған профессор атағы берілді. Киев, Харьков, Винница қалаларында өткен бүкіл украиналық көрмелерге қатыса бастаған Черкасскийдің шығармалары үлкен эмоционалды қуатымен, жоғары колористикалық жетістіктерімен ерекшелене бастады.
Алайда 1937 жылдың 15 желтоқсанында суретші тұтқынға алынып, 1938 жылдың ақпанында Ерекше кеңестің шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. «Поляк тыңшысы» деген жаламен ол Қарағанды маңындағы Долинкаға жер аударылып, шахтада бір жыл жеті ай жұмыс істеді. Сол жылдары жазылған жала арыздарда: «Черкасский – кеңес суретшісі емес, халық жауы» деген айып тағылды. Қатал жазадан ол тек 1940 жылы ғана босап шықты.
1941 жылы неміс әскері Киевке жақындаған шақта ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің біразы Қазақстанға көшірілді. Сол лекпен Абрам Черкасский де отбасымен Ақтөбеге эвакуацияланды. Артынан Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Өнер істері басқармасы оны Алматыға арнайы шақыртып, жаңадан ашылған көркемсурет училищесіне ұстаз етіп тағайындады.
Осылайша, 1941 жылдан 1960 жылға дейін ол Н.В.Гоголь атындағы Мемлекеттік көркемсурет училищесінде профессор қызметін атқарды. Он бес жыл бойы Черкасский жас таланттарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби жолдың қыр-сырына үйретті. Оның шәкірттерінің көбі кейін Мәскеу мен Ленинградтағы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, шығармашылық жолын шыңдай түсті. Ал кейбірі ерте бастан-ақ дербес өнер иесіне айналып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Қазақстанға келгеннен кейін Абрам Черкасский республикалық әрі одақаралық көрмелердің тұрақты қатысушысына айналды. Ол көрерменге портрет, пейзаж тіпті натюрморттарымен де бірдей деңгейде танылды. Суретші ескі Алматының «бау-бақшалы қала» келбетін, көктемгі қардың жұмсақтығы мен тамшылар сыбдыры сияқты нәзік сәттерін әсерлі жеткізе білді. Табиғатты бейнелеуде ол импрессионистерге тән еркін мәнерді, бояудың қалың әрі шынайы қуатын ұнатты.
1940 жылдары Черкасский қазақ интеллигенциясының портреттерін жазды. Оның қылқаламынан М.Әуезов пен С.Мұқанов, Қ.Қуанышбаев пен М.Ғабдуллиннің портреттері шықты. Сондай-ақ ол М.Лизогуб, Г.Брылов сынды замандас суретшілердің де бейнелерін салды.
1956 жылы Абрам Черкасскийге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Араға жеті жыл салып, 1963 жылы ол қазақ бейнелеу өнерін дамытудағы еңбегі үшін «Қазақ КСР халық суретшісі» атанды.
1966 жылы суретшінің 80 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Т.Г.Шевченко атындағы мемлекеттік галереяда оның үлкен көрмесі ашылды. Экспозиция 1941–1956 жылдар аралығында салған ең үздік туындыларын жинақтап, көрерменге кеңінен таныстырды.
1967 жылдың 29 қарашасында Абрам Маркович Черкасский Алматыда дүниеден өтіп, орталық зиратқа мәңгілік тыныс тапты.
Сезанның ықпалы
Белгілі венгр жазушысы Бела Балаж бір кездері Черкасскийді «түстердің ақыны» деп атаған. Шынында да, ол түстің құдіретіне ғашық болды. Қайталанбас үйлесімдер тауып, бояулардың әуезді әуенін тыңдата білді. Пейзаждарына қарасаңыз табиғатты шынайы сезінгенін, поэтикалық тұрғыда қабылдағанын аңғарасыз. Бұл табиғат заңдылықтарын терең білудің, соған сүйсінудің белгісі.
Черкасскийдің шығармашылық жолы да бірізді. Өнертанушы Д.Шарипованың айтуы бойынша шығармашылық жолының басында ол француздың ұлы суретшісі Поль Сезанның ықпалында болды. Оның еңбектерінде Сезаннға тән қатаң жинақылық, заттың ішкі мәнін ашуға ұмтылыс, артық безендіруден әдейі бас тарту анық байқалады. Сыртқы жылтырды емес, нысанның шынайы болмысын жеткізу Черкасскийдің басты ұстанымы болса керек.
Бұл ізденістер жас суретшінің стилін қалыптастырды. Ол үшін әрбір бояу заттың мінезін ашатын құралға айналды. Кескіндемеде қажетсіз әсемдікке берілмей, суреттің салмағын қарапайым форма мен шынайы мазмұнға жүктеді. Сезанн секілді ол да көрерменді сыртқы сұлулықпен таңдандыруды емес, терең мазмұнмен ойландыруды қалады.
Ал Алматыға келгеннен кейін Черкасскийдің қолтаңбасы өзгере бастады. Жаңа орта, жаңа табиғат оның қылқаламына еркіндік пен бояулардың мол ырғағын қосты. Егер ерте еңбектерінде ол ішкі тәртіп пен жинақылыққа ден қойса, кейінгі шығармаларында табиғаттың құбылмалы бояуын еркін қолданып, көркемдік қуатын ашық көрсететін деңгейге көтерілді.
Мэтрлердің ұстазы
Абрам Черкасскийдің Қазақстандағы кескіндеме мектебіндегі ұстаздық орны айрықша. Ол кәсіби кадрлардың қалыптасуына зор ықпал жасады. 1940–1950 жылдары Черкасский қызмет еткен Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің алғашқы түлектері Қазақстан кәсіби суретшілерінің тұңғыш буынын қалыптастырған еді.
Черкасскийдің шәкірттеріне импрессионизм рухын дарытып, табиғатты ашық аспан астында жазуға, жарықтың алуан қырын көруге, түстердің нәзік үндестігін табуға баулыды. Реалистік орыс мектебінің дәстүрін сақтай отырып, ол жас суретшілерге өнерде басқа да жолдардың барын, жаңа ізденістерге де батыл қадам жасауға болатынын көрсетті. Көне шеберлер мұрасын өнердің шынайы құндылығы деп біліп, Қазақстан кескіндемесінің деңгейін жаңа сатыға көтеруге атсалысты.
Оның шәкірттері кейін ХХ ғасыр ортасындағы қазақ бейнелеу өнерінің алдыңғы шебіне шықты. С.Мәмбеев, М.Кенбаев, К.Шаяхметов, Қ.Телжанов, Г.Исмаилова, И.Квачко, В.Крылов, Н.Таңсықбаев, Ж.Шарденов секілді мэтрлер Черкасскийдің алдынан өтті.
1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігінде Черкасскийдің шәкірттері жоғары бағаға ие болды. М.Кенбаевтың «Шопан әні» атты туындысы Третьяков галереясына, ал С.Мәмбеевтің «Таудағы ауыл» картинасы Шығыс халықтарының өнер музейіне сатып алынды. Ж.Шарденов, Г.Исмаилова, И.Остренко, А.Школьный, Н.Таңсықбаев, К.Шаяхметов сынды суретшілер Черкасский шеберханасында меңгерген колористикалық шеберлікті сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерді. Суретшінің қайтыс болғанынан кейін, оның палитрасын жұбайы сүйікті шәкірті Гүлфайрус Исмаиловаға естелік ретінде тапсырды.
Гүлфайрус Исмаилова өз өмірбаянында: «Мен көркемсурет училищесіне қабылданғанда, бірінші курстан-ақ профессор Абрам Маркович Черкасскийдің шеберханасына түстім. Бұл ұстазға мен бірден сеніммен қарадым. Оның маған: «Сен суретші боласың», – деп айтқан сәті менің өмірімдегі ең бақытты мезеттің бірі ретінде есімде қалды. Бұл сөзді маған Петербург академиясында Врубельдің қасында тұрған, оның кіші серігі болған, академиядағы ең таңдаулы шәкірттердің бірі, тамаша живописші, Киев көркемсурет институтында профессор атағына ие болған ұлы Абрам Маркович Черкасский айтты», – деп, ұстазын ыстық ықыласпен есіне алады.
Санжар Сырғабаев
суретші-өнертанушы