Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 28 Мамыр 2021

КарЛАГ-та қырылған қазақ қанша?

None
None

Арқадағы  аза арқалаған абақтының ақиқаты әлі кемеліне келген жоқ. Ойраны көп оқшау мекеменің қазаққа тартқызған қасіретін  жеткізетін өз ұлтымыздың қаламгерлері некен-саяқ болды.

Қарағандыда тұратын жазушы, этнограф Төрехан Майбастың «Жазығы не еді бабалардың: 58-статья?» деген кітабы осы олқылықтың орнын толтырғалы тұр.

— КарЛАГ-тың қасіреті ГУЛАГ-тан бір де кем емес. КарЛАГ – қазақ баласының қасіреті.  Менің қолымда КарЛАГ-тың диірменіне түсіп кеткен 4000-ның үстінде боздақтардың тізімі бар.  Сол тізімде 49 жұрттың баласы тұр. Сондағы мұсылмандар баласының тізіміне көз жүгіртсең болмаса түрік нәсілдес туысқан жұрттың тізіміне үңілсең, жан дүниең қопарылып түседі. Тіпті олардың санын саусақпен де санап шығуға болады. Атылған әрбір он адамның жетеуі қазақ. Осы КарЛАГ тарихына қатысты қолымызда жарық көрмей тұрған бес-алты кітабымыз бар еді. Оның қай-қайсысы болсын көзіңе жас алмай оқып шығу мүмкін емес. Соларды жарыққа шығарудың мүмкіндігі болмай келді. Содан амалдың жоқтығынан  өз қаражатымызбен, өз елімнің оққа ұшқан барша боздақтардың аты-жөнін ретке келтіріп, жарыққа шығарып отырған жайымыз бар, – дейді қаламгер.

КарЛАГ тарихын зерттеуші Төрехан Майбастың жаңа кітабы екі  бөлімнен тұрады. Алғашқысында Шет ауданы бойынша  жала жабылған бабалардың  тізімі келтірілген. Соңғысында атышулы абақтыға қатысты  елге беймәлім болған материалдар топтастырылған. Авторға толымды ақпаратпен қамтамасыз етуге облыстағы ҰҚК бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Мұхтар Жаманқұлов пен аймақтағы білікті заңгер Болат Сыздықов атсалысқан. Жазушының айтуынша, қазір Нұра, Жаңаарқа аудандары бойынша кітап дайын тұр. Демеушілер табылса, бір айдың ішінде шығарып беруге әзір.  Құнды жәдігер жиған шығармашылық топ Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларына, сондай-ақ Жаңаарқа, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы аудандарына нақты ұсыныспен шыққан. Алайда аталған өңірлер сталиндік жүйенің құрбанына айналған жампоз жерлестеріне  арнап кітап шығаруға бейілдік танытпай отыр. Елеулі құбылысты елең қылмайтындарға таңғалуды қойдық.  Елжанды азаматтар бұған не дер екен?  

Тегтер: