Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 30 Наурыз 2024

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» «Қыз Жібектің» бюджетінен түсірілген

Тұрлыбек Майдан
Фото: Тұрлыбек Майдан

Қазақ анимациясы туралы әртүрлі пікір айтылады. Біреулер мақтайды, енді біреулер бұл саланың әлі де жетіліп, дами түсуі керек екенін айтады.

Қалай десек те, соңғы жылдары анимация жөнінде сөз бола қалса, белгілі аниматор Тұрдыбек Майданның аты қоса айтылады. Себебі кідіріп, дағдарып қалған анимацияның бойына қан жүгіртті. Халықаралық бәйгелерден қара үзіп келді. Қазақ анимациясының жай-күйі, қазіргі жағдайы және оның келешегі туралы Т.Майданнан сұрап білдік. 

Талай уақыт бойы орын алған үзілістен соң соңғы жылдары еліміздегі анимацияның бойына қан жүгірткен жанның бірі өзіңіз. Көрермен үшін бұл оқиға үлкен мәртебе, шын қуаныш десек те болады. Әңгімемізді қазіргі балалар контентінің жағдайы туралы сөзден бастасақ…

1967 жылы Әмен Әбжанұлы Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ұлттық анимацияның шымылдығын ашқан еді. Міне, қазіргі таңда қазақ анимациясының пайда болғанына жарты ғасырдан асты. Аталмыш алпыс жылға жуық уақыт ішінде атқарылған жұмыстар, жасалған фильмдер аз емес. Тоқсаныншы жылдары, өзіміз білетіндей, елдегі күллі өнер саласы тоқырауға ұшырады, сәйкесінше, анимация саласының дамуы да біршама кешеуілдеп қалды. Араға уақыт салып, 2008 жылы Ер Төстік туралы толықметражды анимациялық фильм түсірілді, содан бастап бұл сала қайта жанданғандай, қан жүгіргендей болды. Кейін «Қазақфильм» киностудиясының жанынан анимация бөлімінің ашылғаны бар. Бір жылдары студенттерді қолдау, не басқа бағытта жылына бірнеше қысқаметражды туындылар жасалып тұратын. Десек те, бұның өзі бір жылы бар болса, басқа жылы дұрыс нәтиже өндіре бермеді. Сондықтан қазақ анимациясының дамуы кешеуілдеп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұның негізгі себебі – біздің мемлекеттегі осы саланың жүйесіздігіне келіп тіреледі. Тәуелсіздік алғалы бері өз анимациялық фильмімізді жасау өзекті мәселеге айналды. Өкінішке қарай, осыған дейін жасалған толықметражды анимациялық фильмнің саны саусақпен санарлық қана. Іліп аларлық жұмыс ретінде «Ер Төстік», Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ елі», «Мұзбалақ», «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмдерін ғана атауға болатын шығар. Бұл азаттық алғанына отыз жыл толған елге өте нашар көрсеткіш. Бұл көрсеткішті басқа елдер бір-ақ жылда көрсете алады. Тіпті дамыған елдер үшін бір жылда 4-5 толықметражды анимациялық фильмнің өзі аздық етеді.

Бұрын «Қазақфильмде» кинодан артылған ақша арқылы ғана анимация жасалатын. Әмен Қайдаров ВГИК-ті бітіріп, «анимацияны дамытамын» деп Алматыға келсе, киностудияда мултипликация атымен жоқ болып шығады. Мемлекеттік кино бұл салаға ақша бөлмеген соң, Камал Сейітжанұлы «Қыз Жібек» фильмінің бюджетінен азғантай қаржы бөліп, Әмен Қайдаровқа бергізіпті. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі осылайша қазақ балаларына жол тартқан. Шыны керек, әлі осы үрдістен арыла алмай келеміз. Әлі күнге кино саласына бөлінген ақшаның бір бөлігін бізге береді.

Бұл салаға баланың ермегі деп қарау – үлкен әбестік. Шын мәнінде, анимация – кез келген елдің ұлттық руханияты мен мемлекеттік идеологиясына, бала тәрбиесіне жұмыс істейтін қуаты күшті қару. Балалардың тез уланғыш санасын жаһандану кеселінен қорғап қалатын бірден-бір сала – осы. Дәл осы саланың біреудің бизнесі мен қарын тойдыру құралына айналып бара жатқаны шымбайымызға батып, жанымызды ашытады. Балалар біз жасаймыз, көрсетеміз дегенше бір орында тоқтап тұрмасы анық, олар күннен күнге өсіп, дамып, жетіліп жатыр. Қазіргі таңда өз ұлтының болмысынан намыстанып, шет елге кетіп және сол жақта тұрақтап қалатын жастардың саны неге көбейіп кетті? Себебі оларда ұлтқа деген махаббат, отансүйгіштік сезім жоқ. Бұл қасиеттерді дер шағында, яғни бала күнінен тұлғаның бойына дарытпағандықтан, «әттеңө-айлап» санымызды соғып қалып жатқан жайымыз бар. Балаға тән қажеттілігі – тамақ, таза ауа қандай деңгейде қажет болса, руханиятының дамуы да сондай маңызды. Бұл тақырыпты бірінші рет көтеріп отырғаным жоқ, ылғи айтылып жүрген, болашақта да айтыла беретін мәселе. Тек тыңдар құлақтың аздығы қынжылтады.

Бүгінгі күні баланың бәрі кітап оқиды дей алмаймыз, қазір баланы тәрбиелеп жатқан негізгі құрал – гаджеттер, яғни теледидар, телефон, тикток. Бала ересек адам секілді емес, зейіні мен қызығушылығы тұрақсыз. Осы орайда сұрағым келгені, балалар контентін жасауда сіз қандай дүниелерді негізге аласыз?

Өзім де бала тәрбиелеп отырған әкемін. Үш ұлым бар. Алысқа көз тікпей-ақ, қажет дүниені өз балаларымның бойынан бақылап, санама түйіп алуға тырысамын. Атап өткенімдей, жаһандану санамызды білдірмей жаулап жатыр, гаджеттерді ашып қалсаң кез келген тілдегі, жанрдағы контентті қиналмай таба аласың. Балалар сол контентті сұрыптамай, алдына келгенді көреді. Және көріп отырып өзінде барды жоғалта бастайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр, ұлттық сана, ғұрып, қазақы болмыстың орнын өзге құндылықтар алмастырып жатқан жайымыз бар. Өзін, өзінде барды жоғалтқан бала «дүдәмалға» айналады. Тіпті кейде мәңгүрт деп жатады ғой. Қазақтың тілі мен ділін, мәдениеті мен болмысын ескінің қалдығы ретінде қарайтын жастар осыдан пайда болса керек.

Қазіргі балалардың психологиясында өзгеріс көп, үнемі бір нәрсе іздеп жүреді. Шетелдің қызылды-жасылды жарқ-жұрқ еткен контентіне аңсары ауып тұратыны да содан. Бұрын «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деуші еді, бүгінгі күннің ыңғайына қарай «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп өзгерткен дұрыс-ау. Осы саланы мемлекет қолға алып, бір жүйеге түсіргені жөн. Отыз жыл кешіктік, тағы да кешігетін болсақ, ұлт боп қалуымыз қиынға соғады. Әркім өз отбасында баласын шамасы келгенше тәрбиелеп жатыр. Десек те, ата-ана жан бағу үшін күйбең тірліктің қамын күйттеп, жұмысбастылыққа ұшырайды. Осының салдарынан бала телефон мен теледидарға қарап қалуға мәжбүр. Ал бала гаджеттерге қарап отырған кезде біз маман ретінде жас өскінге дұрыс, пайдалы контент дайындап беруіміз міндет. Бұл – мемлекеттің мойнында тұрған мүдделі шаруа. Бұл салғырт қарай салатын мәселе емес.

Ал сіздің балаларыңыз ше? Қай тілдегі контентті тұтынады?

Менің балаларым тек қазақша контент тұтынады. Үйімде таңертеңнен кешке дейін «Балапан» телеарнасы қосулы тұрады. Олармен жиі әңгімелесуге, терең мағыналы ойлар, кеңестер айтуға тырысамын. Қаншалықты түсінетінін, ұғындыра алатынымды білмеймін. Әйтеуір, өмір жолында кездескен түрлі жағдайда есіне түсірер, құлағында қалар деген мақсат қой. Үш жасар ұлым «Балапан» телеарнасын жиі көретіні соншалық, тілі әдеби деңгейде қалыптасып келеді. Бала қабылдап тұр, тек сапалы деңгейде ұсыну керек. Балаларға арналған ұлттық контентті сақтап тұрған күретамырымыз – осы арна екенін жасырмауымыз керек. Билік «Балапан» арнасына құйылған бюджеттің өзін сығып, саусағынан тамғанын жалатып отыр. Шет ел арналарымен салыстырып қарасақ, «Балапанға» бөлінетін бюджет адамның күлкісін келтіреді. Ел болашағы – жастар мен балалар дейміз, өз болашағымыздан керек қаражатты не үшін осынша аяп отырғанын түсіне алмаймын. Әйтеуір, неше түрлі тәсілмен бөлінген қаражатты азайтып тастайды. Балалар контентін сапалы деңгейге көтеруге әлі де мүмкіндік бар еді, оған биліктің де, қазақ анимациясында жұмыс істеп жүрген мамандардың да қауқары жетеді.

Фильмді қалай түсіретіні жайлы жиі айтылып та, жазылып та жатады, ал анимацияның жасалуы көпшілікке жұмбақ... Осы саланың азабы мен рахаты туралы сөз қозғасаңыз. Неліктен дәл осы анимация саласына бет бұрдыңыз?

Анимация саласына екінің бірінің қауқары, шыдамы жетпейді, ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтіндер шын мәнінде осы бағытқа махаббаты мол, ісіне адал адамдар ғана. Бұл сала шын махаббатпен, қызығушылықпен келмесең, адам төзгісіз жұмыс, демалысты сүймейді, әр секунд бағалы. Секунд сайын жұмыс істейсің бе, жұмысыңа сәйкес бағаңды аласың. Алматыға келмес бұрын Қытайдағы Шаньдун өлкесінде Оңтүстік Кореяның анимация, комикс жасайтын компаниясында екі жыл қызмет атқардым. Сол жерде жұмыс істеп жүріп «Шіркін, қазақтың мәдениетін, тілі мен ділін осылай ұсына алсақ қой» деген ішімде арман туды. «Дара» мультфильмінің анимациясын жасауға қатысып, «Джеки Чан» анимациялық сериясын жасайтын шығармашылық құрамның ішінде болдым. Сол кезде туған арман еді бұл. Кейін Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына анимация саласының режиссері мамандығына оқуға түстім. Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдаров ұстазым болды. Ғажабынан азабы көп жұмыс, жобаны жасаудан бөлек, оны насихаттау, жобаларды ойлап табу – бәрі өзіңе байланып тұрады. Сонымен қатар, табысың да тұрақсыз, жобаларды бірнеше жылдап күтетін кездер болады. «Бір күні жағдайымыз дұрысталар, өзімізді дәлелдеуіміз керек» деп жүргенімізге де қанша жылдың жүзі болды. Орта жасқа келіп, жігіт ағасы атандық. Шығармашылық жұмыс болғанымен, кей дүниелерге қауқарың жетпейді. Сол кезде ашынып кететін сәттер болады. Мысалы, соңғы жасалып жатқан «Алтын адам» анимациялық фильмінің басталғанына 5 жыл уақыт болды. Осы бес жыл ішінде 380 күн ғана жұмыс істедік, бұл дегеннің – бес жылдың бір жылы ғана жобаға арналды деген сөз. Сағызша созыла беруден біз де, көрермен де жалықты. Үзіліссіз 2-2,5 жыл жұмыс істегенде, бірқалыпты, сапалы жұмыс ұсына алар едік. Жұмыс бірнеше рет қолға алынып, бірнеше мәрте қайта жалғасты. Үш ай үзіліссіз жұмыс істейсің, жүйесіздіктің салдарынан он ай тоқтап қалуға мәжбүр болып, қайта жалғастыру – мамандарды қажытып жіберетіні рас. «Алтын адам» жобасы басталғалы бері 5 министр, Қазақфильмде 4 директор, кинофонд 3 басшылық ауысты. Осы сипаттағы тұрақсыздықтың, ауыс-түйіс салдары жұмыстың үзіліп қалуына әсерін тигізіп жатыр. Бірақ фильмнің басым бөлігі дайын тұр, тек басшылықтың салғырттығы салдарынан жұмысымыз өнбей қалды. Тіпті мамандар тамыздан бері мардымды жалақы алмағаны тағы бар. Алғашқыда жобаға 380 миллион теңгедей қаржы бөлінгенімен, қолға тигені мардымсыз ғана қаражат. Бұл ақшаны бес жылға шаққанда түкке тұрғысыз. Осылай жалғаса берсе, отандық анимацияда білікті маманды ұстап қала алмасымыз анық. Тұрақсыздықтан ығыры шыққан жастар шетелдің жобаларына ауысып кетіп жатыр, міне, жүйесіздіктің ең басты көрінісі – осы. Балалар бір орында тоқтап тұрмайды ғой, «Алтын адам» жобасы басталғанда 5 жасқа толған бала қазір 10-да, сол кездегі 10 жасар бала бүгін 15-те. Енді сол балаға бұл анимациялық фильмнің қызық болуы да неғайбыл.

Айтқанымдай, азабы көп сала, тек ісіңе деген махаббат қана ұстап тұра алады. Ақшаның, табыстың көзі осы салада екен деп әуесқой жұмыстар жасап жүрген замандастарым да бар. Алайда фильмдеріне, әйтеуір, кәсібилік жетіспей тұрады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейміз ғой, десек те сондай адамдардың қазақ анимация өнерінің сапасын түсіріп жатқанына қарап тұрып, ішің ашиды. Қазақ фольклорының анимациясын жасап жүрген ағайынды Игорь мен Артур Краустар бар. Ұлттық фольклорымыздағы кейіпкерлердің басым бөлігіне мультфильм жасап шыққан. Бірақ жасаған жұмыстарының идеологиясы нашар, сапасы сын көтермейді. Бір жұмысында Ер Төстіктің әкесі Ерназар ашығып, өз ұлын жегісі келетін сахна бар. Бұл қоғамда дау тудырып, көптеген уақыт бойы сын айтылып келді. «Алдар Көсе», «Тазша бала» анимациялық сериаларының идеологиясы да кеңестік өкіметтің ықпалында қалып қойған. Байлардың бәрі тоғышар, жалқау, жатыпішер, ал кедейлердің бәрі елдің қамын ойлайды деген идея жатыр астарында. Қай анимациясын қарасаң да, ұлттық болмыс пен мәдениеттен жұрдай, зерттеу мен зерделеуден өтпеген. Міне, осындай сапасыз жұмыстардың тасы өрге домалап, жақсы жұмыстардың солардың көлеңкесінде қалып қойып жатқаны өкінішті-ақ. Сапалы жұмыстар үздіксіз насихатты талап етеді.

Осындай ауыс-түйіс пен жүйесіздіктің салдарын айтпағанда, әдетте бір толықметражды анимациялық фильм қанша уақытта дайын болып, экранға ұсынылады? Сонымен қатар бір жұмыс үшін қанша сурет салыну керек?

«Мұзбалақ» жобасын дайындау үшін екі жарым жыл уақыт кетті, 96 500 сурет үш қайтара салынды. Бірінші, шимай ретінде қаңқасын дайындайсың, екінші мәртесінде дұрыс, таза нұсқасын саласың, үшіншісінде, бояйсың. Кейін композ процесі іске асады, фон, анимация, көлеңкелермен жұмыс істеп, біріктіресің. Оған да кететін уақыт аз емес. Әр ұсақ деталь – маңызды компонент, асықпай мән беруің керек. Осындай процестерден өту арқылы ғана жаңа жоба жарыққа шығады.

Жапон халқының Миядзаки, Макото Синкай сынды аниматорлары өз елінің фольклорына, мәдениетін, болмысын анимация арқылы әлемге танытты. Байқағанымыздай, сіз де анимация арқылы ұлттық құндылықтарымызды көрермен бойына сіңіруге жұмыс істеп жүрсіз. Мысалы, «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі соның дәлелі. Ал «Алтын адам» жобасының тақырыбы, ұстанған бағыты қандай?

Тақырыбы айтып тұрғандай, «Алтын адам» Есіктен табылған біздің баға жетпес құнды жәдігеріміз. Менің ойымша, бұл жәдігердің маңызы жай ғана ескерткіштен әлдеқайда тереңде, теңдесі жоқ. Екі мың жыл бұрынғы біздің даламызға орнаған халықтардың дамыған өркениеті пен руханиятынан хабар беретін құндылық, бұны біз әлемге жар салып мақтанышпен айтсақ та артық етпейді. Сондай баға жетпес құндылықтың музей бұрышында қалып, жеткілікті деңгейде насихатталмай жатқаны мені қынжылтады. Біздің жобаның алдына қойған басты мақсаты – осы жәдігерді балаларға насихаттау, таныту. Кез келген адам алтын сауытты көрген кезде «Бұл сауыттың ішінде кім болды?», «Қандай адам киді?» деп ойланатыны анық. Біздің фильм осы іспетті сұрақтарға жауап береді. Сырты жылтыр дүниенің бәрі алтын емес, жас сақ көсемінің шын мәнінде ішкі жан дүниесі мен руханияты алтын болғанын көрсеткіміз, балаларды сондай азамат боп қалыптасуға баулығымыз келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, фильмде Алтын адам арқылы адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, аталмыш кейіпкердің күллі адамзатқа үлгі боларлық азамат екенін көрсетуге тырыстық.

Десек те, қазіргі таңда жастар тарапынан «Бүгінгі балаларға Қобыланды, Алпамыс, Алтын адам сынды кейіпкерлер қызық емес. Оларға өз замандасы, соның басынан кешкен оқиғалар әлдеқайда маңызды, сол үшін де шетел анимациясына аңсары ауады» деген пікірлер жиі айтылып қалады. Осы турасында ойыңыз қандай?

Бұл пікірдің шындығын жоққа шығара алмаймын. Себебі біріншіден, шетелдіктер жобаны бастамас бұрын бірнеше айлап үлкен сараптамалар өткізеді және бұл сараптамаға білікті психолог, әлеуметтанушылар, әртүрлі жас мөлшеріндегі жүздеген бала қатысады. Сол балаларды сауалнамадан өткізу арқылы психологиясын зерттейді, қажет тақырыпты анықтайды. Мысалы, «Мұзбалақ» анимациялық фильмін жасау үшін 1 миллион долларға жетпейтін қаржы бөлінсе, шет елдерде бір жоба үшін осыдан 100 есе көп мөлшердегі қаражат бөлінеді. Мысалы, шыққанына бірнеше жыл болған атақты «Шрек» жобасына 150-200 миллион доллар қаржы бөлінген. Екіншіден, шет елдерде әлемнің түкпір-түкпірінен білікті мамандарды шақырта алады. Олар ат туралы анимациялық фильм жасайтын болса, әлемнің әр бөлігінен аттың суретін керемет салатын суретшіні іздейді. Үлкен конференциялар мен талдаулар өткізеді. Бізге Қазақстанның ішінде солай жасауға мүмкіндік берсе де, риза болушы едік. Қазіргі таңда қала көшелеріне шығып, балалардан сауалнама алатын бір жоба пайда болды. Балалар ай, апта күндерінің қалай аталатынын, асық түрлерінің атауы, төрт түлік мал сынды қарапайым дүниелерді білмейді. Осындай құндылықтарды білмейтін балаға «Мұзбалақ» сынды мультфильмді ұсына салсаң, оның санасы қабылдамайтыны, қызықпайтыны рас. Көзін аша салып, «Маша мен аюды» орыс тілінде көріп өскен бала үшін қазақы дүниелер жат көрінуі – заңды құбылыс. Үшіншіден, біздің баланы емес, әке-шешені тәрбиелеу керек.

Болашақта қай тақырыпқа қатысты жобалар жасауды жоспарлап отырсыз?

Кез келген жарыққа шыққан фильм, мультфильм – режиссердің ішінде айта алмай жүрген қыжылы, жанайқайы. «Неге осыны айтпасқа, көрсетпеске» деген ойдан туындайды. Сондықтан ең алдымен, жобаның идеясы пайда болады. Осы идеяның төңірегінде көркем дүние шығару үшін асықпай ойланып, зерттейсің. Қыран бүркітті қарапайым адам басқаша көреді, құсбегі басқаша көреді, ал режиссер мүлде басқаша көреді және көрсетеді. «Алтын адамның» идеясы да «Мұзбалақ» жобасын жасап жатқанда туындады. Ендігі жасағым келетін идеялар да жетеді, ішіңдегі қыжылды көрсеткің келеді. Болашақта қазақ халқына жасалған ең үлкен әділетсіздік – ашаршылық турасында жоба жасау ойымда жүр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония Америкаға шабуылдағаны үшін Жапонияның екі қаласына атом бомбасы тасталды. Осы қасіреттің салдарынан жапон халқының 200 мыңдай бөлігі қаза тапты. Ал ашаршылық қазақтың әр шаңырағына, төріне шығып кетті. Әр үйге кеп атом бомбасы тасталғандай әсерде болды, ашаршылық салдарынан 4 миллиондай халық қырылып қалғаны тарихи шындық. Осы туралы біз әлемге бірде-бір айтып та, көрсетіп те жүрген жоқпыз. Қолдан жасалған ашаршылық, алдымен қазақтың күретамырына шабуыл жасаған қасіретті жағдай, бұл қасіреттің салдарын әлі күнге тартып келе жатырмыз. Осы сипаттағы тақырыптарды пафоспен, көзбояушылықпен түсіре салуға болмайды, жас өскіннің психологиясы бұны қабылдай алмайды. Миядзаки деп қалдыңыз ғой, режиссердің соғыс тақырыбын ағалы-қарындастың басынан өткен жағдай туралы баяндайтын анимациялық фильмі бар. Соғыс тақырыбын өте сапалы деңгейде, жақсы жеткізген. Біз де өз басымыздан өткен нәубетті жылдар туралы көркем туынды жасап, көрсеткіміз келеді. Толыққанды идея туғанда сценарийін дайындап, жұмысқа кірісеміз. Ұлттық құндылықтарымыз бен кешкен тарихымыздың әлі ашылмаған, айтылмаған тұстары көп. Қазірден бастап балалар бойына сіңірсек, болашақ та жарқын болмақ.

Сәруар Бақберген