Кәрім Мәсімов қай түрмеде отыр?

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің қазіргі жағдайына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, сот үкімімен бас бостандығынан айырылған Мәсімовтің денсаулығы жақсы, ол ешқандай медициналық есепте тұрмаған.
Саденов бұл жөнінде нақтылап: «Оның жағдайы қалыпты. Медициналық есепте тұрған жоқ. Оның өкілдері айтқан барлық уәждер тексерілуде. Қазіргі таңда ресми түрде мәлімдеймін – Мәсімовпен бәрі дұрыс. Ол сот белгілеген жазасын өтеу орнында отыр», - деді.
Журналистер тарапынан қойылған, «Мәсімов жеке камерада отыр ма?» деген нақтылау сұрағына министр қысқа ғана: «Маңызды емес», - деп жауап берді.
Еске салайық, 2023 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты жаңа баптар бойынша тергеу жүргізілген еді. Экс-шенеунікке аса ірі көлемде пара алу және ақшаны заңсыз жолмен жылыстату баптары бойынша күдік келтіріліп, тергеу іс-шараларына байланысты Мәсімов Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына жеткізілген.
Бұған дейін Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекеттену және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
2024 жылдың маусымында Кәрім Мәсімов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрап, рақымшылық беруін өтінген, алайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған.
Сондай-ақ, жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасынан тәркіленген элиталық тұрғын үй 2025 жылдың ақпанында 1 883 338 958 теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылған еді. Алайда, аукционның бірінші кезеңінде сатып алушы табылмады. Кейін бұл мүлік наурыз айында қайта сатылымға қойылып, тағы да өтпей қалды. Үй сәуірде үшінші рет аукционға шығарылып, бастапқы бағасы 282 500 843 теңгеге арзандатылып, 1 600 838 115 теңге болып белгіленген болатын.