Қарт майдангерге халық құрметі

Екінші дүниежүзілік соғыс — адамзат тарихындағы ең қанды және ең ауыр сынақтардың бірі. 1939–1945 жылдары әлемнің көптеген елі қатысқан бұл соғыста миллиондаған жауынгерлер майдан даласында ерлік көрсетті.
Алты жылға созылған бұл қырғын соғыста 60-тан астам ел қатысып, 70 млн-нан астам адам қаза тапты. Сол кезеңде фашизмге қарсы күрескен халықтардың төзімділігі мен батырлығы адам рухының мықтылығын көрсетті.
Солардың қатарында қазақ жерінің ұл-қыздары да бар еді. Олардың батырлығы мен табандылығы бүгінгі ұрпаққа үлгі, ұлт рухының мәңгілік символына айналды. Қазақстан халқы бұл соғыстың ауыртпалығын басқа республикалармен бірдей көтерді. 1,2 млн-нан астам қазақстандық майданға аттанып, олардың жартысынан астамы елге оралған жоқ. Қазақ жерінің түкпір-түкпірінен шыққан ер азаматтар майдан даласында Отан үшін от кешті. Қазір сол зұлмат жылдардың куәгерлері саусақпен санарлықтай ғана қалды. Солардың бірі – Жетісу өңірінің ардагері, ұстаз, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Ысқақ Әбілпейісұлы Құсайынов.
101 жастағы қарт жауынгерге Қарттар күні қарсаңында ерекше құрмет көрсетілді. Оны облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт арнайы барып құттықтап, облыс әкімінің атынан сый-сияпат табыс етті. Ардагерге «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітап, гүл шоқтары мен азық-түлік себеті тарту етілді. Қария өзіне көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, ел амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Ысқақ Құсайынов 1924 жылы Алакөл ауданындағы Көлбай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, Амур әскери-теңіз флотындағы «Зенит» дивизиясының құрамында фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысқан. Сондай-ақ Тынық мұхит жағалауындағы Жапон соғысында ерлік көрсеткен. Ерлігі мен табандылығы үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болып, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Соғыстан кейін еліне оралып, ұстаздық жолды таңдаған ардагер өмірінің 40 жылын білім саласына арнады. Алакөл ауданы Екпінді ауылындағы мектепте мұғалім, кейіннен директор болып ұзақ жыл еңбек етті. Ұстаздық жолында шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп қана қоймай, азаматтық ұстаным мен отансүйгіштік рухтың үлгісін көрсетті. Ол мектеп бағдарламаларына арналған бірнеше оқу құралдарының авторы атанып, білім саласына өлшеусіз үлес қосты. Оның бейбіт өмірдегі еңбегі де ел игілігіне айналып, «Еңбек Қызыл Ту» және «Ерен еңбегі үшін» орден-медальдарымен марапатталды.
Биыл Жетісу облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен «BATYR MAN» жобасы аясында Ысқақ Құсайынов туралы жеке кітап жарық көрді. Бұл еңбек – ерлік пен парасаттың, адамдық пен азаматтықтың айғағы. Бүгінгі ұрпақ үшін Ысқақ атаның өмір жолы – отансүйгіштіктің, еңбекқорлықтың, қайсар рухтың үлгісі. Қария әрдайым жастарға «елдің ертеңі – білімді, намысты ұрпақтың қолында. Бейбіт өмірдің қадірін біліңдер» деп өсиет айтады. Ысқақ Құсайыновтың өмір жолы – Жетісу жерінің даңқы мен рухының айғағы. Ардагерге көрсетілген құрмет – барша соғыс және тыл ардагерлеріне деген халық ризашылығының белгісі.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Жетісу өңірінен 120 мыңнан астам адам майданға аттанған. Солардың 30 мыңнан астамы елге оралмады. Бұл өңірден Кеңес Одағының Батырлары атанған Төлеген Тоқтаров, Биғайша Нұрмағамбетова, Иван Панфилов секілді ерлер шыққан. Бірақ қазір Жетісу өңірінде көзі тірі жалғыз ардагер Ысқақ Құсайынов қалып отыр.
Еламан Өмірхан
Жетісу облысы