Картоп қашан арзандайды? - министр жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биыл елімізде картоп алқабы айтарлықтай ұлғаймақ. Атап айтқанда, картоп егілетін аумақ көлемі 9 мың гектарға арттырылады.
- Картоп өсіру көлемі 9 мың гектарға артатын болады. Сондықтан биыл картоппен проблема болмайды деп ойлаймын, бағасы да төмендейді, - деді ауыл шаруашылығы министрі.
Сондай-ақ, министрлік ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жергілікті шаруалармен келісімшарттар жасап, логистика мен сақтауға арналған инфрақұрылымды да дамытуға басымдық беріп отыр. Сарапшылар бұл шаралар бағаның маусымдық ауытқуын азайтуға септігін тигізеді деп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Ербол Есенеев картоп бағасының өсу себептерін түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, қазіргі сауда орындарында ұсынылып жатқан картоп былтырғы өнімнен қалған. Ал биылғы жаңа егін әлі жиналып үлгермегендіктен, сұранысты толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Бұл тапшылық бағаның өсуіне әсер етуде.
— Бүгінде нарықта сатылып жатқан картоп – былтырғы қоймадағы өнім. Биылғы жаңа картоп көлемі аз болғандықтан, сұранысты толық өтей алмай отыр. Бұған қоса, тасымалдау мен логистикалық шығындар бағаның қымбаттауына себеп болды. Мәселен, Түркістан облысындағы шаруалар картоптың бір келісін 200-210 теңгеден өткізеді. Ал бұл өнім бөлшек саудаға жеткенше, қосымша шығындар есебінен айтарлықтай қымбаттайды, - деді Ербол Есенеев.