Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:00

«Қарусыз халықты қырып салды». Жаңаөзен қасіретіне – 14 жыл

Жаңаөзен
Фото: AFP

16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қасіретті күндердің бірі. 2011 жылы, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан сәтте, Маңғыстау облысындағы мұнайлы Жаңаөзен қаласында қан төгілді.

Жеті айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полиция оқ атты. Ресми дерекке сай, 17 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Араға 14 жыл өтсе де, бұл оқиғаға қатысты көп сұрақ әлі жауапсыз

57 жастағы мұнайшы Жанбыр Ерғазиев сол күні тірі қалғандардың бірі. Ол көктемнен бері алаңда тұрған мыңдаған жұмысшының қатарында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді талап еткен. Желтоқсанда билік Тәуелсіздік күніне дайындықты бастап, алаңға киіз үйлер тіккенде, ереуілшілер «еңбек дауы шешілмей тұрып, той жасамауды» сұраған. 

16 желтоқсанда алаңда арандату басталып, жағдай ушығады.

«Шу көтерілді, оқ атылды. Қалқандардың артында автомат асынған жүзге жуық полицейді көрдім. Басында қару оқсыз деп ойладым. Адамдар құлап жатқанын, бағандардың оқ тиген сайын дірілдегенін көргенде ғана оқ бар екенін түсіндім. Сол сәтте өзім де жараландым», – дейді Ерғазиев.

Ол ауруханаға жеткізілген. Қалада коменданттық сағат енгізіліп, көшелерде өртенген көліктер, ауада күйік иісі қалған.

Күш қолдану және кейінгі қудалау

Ішкі істер органдары бастапқыда полиция «өзін қорғау үшін» оқ атты деп мәлімдеген. Бірақ кейін интернетке тараған видеоларда қарусыз адамдардың қарулы күштен қашып бара жатқаны, полицейлердің артынан оқ жаудырып, жаралыларды соққыға жыққаны анық көрінді.

Жаңаөзен
Фото: скриншот

Қалаға басқа өңірлерден арнайы жасақ әкелінді. Бір аптадан соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенге барып, еңбек дауы уақытында шешілмегенін мойындады. Бірақ жауапкершілікті «арандатушыларға» ысырып, кінәлілерді жазалауды тапсырды.

Осыдан кейін жаппай ұстаулар басталды. Ереуіл белсенділері «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен қамауға алынды. Кейін сотта олардың көбі азаптау мен қысым көргенін айтты, бірақ шағымдар қараусыз қалды.

Ерғазиев
Фото: Азаттық Радиосы

«Бізді әдейі сындырды»

Жанбыр Ерғазиев те соққы көргенін жасырмайды. 2012 жылы қаңтарда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жарақатына қарамастан, тиісті медициналық көмек көрсетілмеген. Маусым айында сот оны «билік өкіліне шабуыл жасады» деп айыптап, 3,5 жыл шартты жаза кесті.

Жалпы 37 адам сотталды: 12-сі түрмеге қамалды, 21 адам шартты жаза алды, 3 адам ақталды.

Шындық ашылды ма?

Оқиғадан 14 жыл өтсе де, қатысушылардың айтуынша, шындық толық ашылған жоқ.
Белсенді Мұратбай Жұмағалиев жаңа тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Оның сөзінше, өзі де тергеу кезінде прокуратура жертөлесінде соққы көрген. 2021 жылы ол басқа белсенділермен бірге президентке хат жазып, қайта тергеу бастауды сұраған. Бірақ нақты жауап болмаған.

Жаңаөзен тұрғыны Келбет Нұрбаев та қаза тапқандар саны ресми мәліметтен көп болуы мүмкін деп санайды. Кейбір журналистік зерттеулерде, соның ішінде ресейлік «Новая газета» тілшісі келтірген деректерде, операция үстелінде 20-дан астам адам көз жұмғаны айтылады. Алайда бұл деректер ресми түрде расталмады.

Құқық қорғаушылардың бағасы

Қазақстандық құқық қорғаушы, Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов Жаңаөзенде адам құқықтары жаппай бұзылғанын айтады. Оның сөзінше, Конституциядағы өмір сүру құқығы, ереуілге шығу, бірлесу, тәуелсіз кәсіподақ құру құқықтары аяқасты етілген. Қаза тапқандардың кей отбасына өлім туралы куәлік беру үшін «оқтан өлмеді» деп қол қойдыруға мәжбүрлеген жағдайлар да болған.