Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі бойынша сынға жауап берді
Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Тәкиев жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде есептеулер бұрмаланды деген бизнес-омбудсмен сынына қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығымен өткен кездесуде әдіснамалық қателіктер анықталғанын айтқан. Оның сөзінше, статистикалық іріктемеге жұмыс істемейтін компаниялар мен нөлдік есеп тапсыратын жеке кәсіпкерлердің қосылуы нақты салық жүктемесінің көрінісін бұрмалаған.
Алайда Мәди Такиев бұл пайыммен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, есептеулер Мемлекеттік кірістер комитеті базасындағы деректерге сүйеніп жасалған, ал ол деректерді салық төлеушілердің өздері ұсынады.
«Неліктен олай айтылғанын білмеймін. КМК-да бар барлық дерек салық төлеушілердің өзі берген ақпараттан алынады. Сондықтан біздегі база анағұрлым сенімді, себебі әрбір салық төлеушінің табысын жеке-жеке көріп отырмыз», - деді министр Мәжіліс кулуарында.
Салық жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігі туралы сұраққа жауап берген Қаржы министрі арнаулы салық режимдерінің бастапқыда бизнесті өсіруге арналған уақытша кезең ретінде ойластырылғанын еске салды.
«2000 жылы біз оңайлатылған декларацияны енгіздік. Логикасы қарапайым еді: патент – оңайлатылған режим – жалпыға бірдей режим – орта және ірі бизнес. Бірақ 25 жылда бұл модель толық іске аспады», - деп түсіндірді Такиев.
Министрдің айтуынша, үкіметтің қазіргі басты міндеті – шағын, орта және ірі бизнестің ара-жігін нақты айқындау.
«Шағын бизнес шағын болып қалуы керек, орта – орта деңгейде дамуы тиіс. Біздің мақсатымыз – экономиканың тірегіне айналатын мықты орта бизнесті өсіру», - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігі салық реформасына байланысты қазақстандық бизнестің жаппай елден кетіп жатқаны туралы ақпаратты да жоққа шығарған болатын.