Қаржы мониторингі агенттігі екі шетелдікке іздеу жариялады
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) екі шетелдік азаматқа іздеу жариялағанын хабарлады.
Іздестіріліп отырғандар:
-
Дмитры Дружинский, 1970 жылғы 27 маусымда туған, АҚШ азаматы;
-
Марина Левкович (Гинзбург), 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы.
Сот санкциясымен оларға сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
ҚМА мәліметінше, аталған адамдар Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
"Тергеу барысында PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казиноның шетелден әрекет еткен адамдар арқылы басқарылғаны анықталды. Д.Дружинский мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеу, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара жұмыс жасау сияқты қызметтерге қатысқан. Сондай-ақ, ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз ететін төлем инфрақұрылымын құрған және оның жұмысын бақылаған", – делінген хабарламада.
Заңсыз қызметті бүркемелеу үшін PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС заңды тұлғасы құрылған.
Сонымен қатар, хабарламада онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзит шоттарда жинақталып, кейін криптовалютаға айырбасталғаны айтылған.