Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:47, 17 Қазан 2024

Қаржы пирамидаларына қатысты 57 қылмыстық іс тергелді

п
Фото: gov.kz

Жыл басынан бері 20 млрд теңгеге жуық шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық іс тергелді.

ҚМА мәліметінше, 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелген. 

Мәселен, Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15% - на дейін пайдасын уәде етті. Келтірілген залал сомасы 255 млн теңгені құрайды.

Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды. Ағымдағы жылы қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» - да 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алғанын мәлімдеді.

«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері: «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды, делінген хабарламада.