Қаржылық сауаттылықты банктерден бастау керек

Қазақстанда еңсесін тіктеп, өркендеуі тиіс саланың бірі бұл – қаржы секторы. Соңғы 5 жылда қаржы жүйесінің активтері 74,5 пайызға өсіп, 44,3 трлн теңгеге дейін жеткен. Бұл біздің ЖІӨ-нің 54,5 пайызын құрайды. Елдегі екінші деңгейлі банктер қаржы секторының 85 пайызын иемденсе, қалған 15 пайызы басқа секторлардың үлесінде.
Жалпы, елдегі қаржы саласын одан әрі жетілдіру керектігі, бұл салада арнайы тұжырымдамалар жасалуы қажеттігі жиі айтылады. Осыған орай еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРД) 2030 жылға дейін бұл саланы дамыту тұжырымдамасын да қабылдаған. Агенттіктің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзіне сүйенсек, тұжырымдаманың негізгі мақсаты – Қазақстанның тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлес қосу. Тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру. Тұжырымдама негізінен бес бағытты қамтиды:
Бірінші, қаржы секторын дамытудың экономикалық өсуге оң әсерін қамтамасыз ету. Екінші, қаржылық технологияларды дамыту және инновациялық өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін жағдай жасау. Үшінші, қаржы институттары қызметінің орнықтылығын бақылау. Төртінші, бәсекелестікті дамыту. Бесінші, тұтынушы үшін жағдай жасау.
ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзіне сүйенсек, тұтынушылармен адал жұмыс істеу үшін тұтынушылардың да қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі өзекті. Тұтынушы қаржылай сауатты болғанда әртүрлі тәуекелдерге жол берілмейді. Мысалы, банктерге барғанда банк ұсынған несиелер жайында, сақтандыру қызметі жайында сауатты болған адам еш ұтылмайды.
«Банкке өзіне не қажет екенін біліп бару, қаржылай сауатты болу, банк ұсынған пайыздарды есептей алу да ұтылмауға жол береді. Сақтандыру қызметіне қатысты да сауатты болған жөн», – дейді М.Әбілқасымова.
Сондай-ақ қаржы нарығында мүмкіндігі шектеулі адамдарға қауіпсіз орта құру да өте маңызды. Жұріп-тұруы шектелген адамдардың да құқын қорғау қажет. Осы тұрғыда оларға қатысты өзіндік орта қалыптастыру, арнайы курстар өткізу, семинарлар жүргізу шаралары атқарылып жатыр. Екінші деңгейлі банктерден қаржы өнімдерінің шарттарын мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы етіп бейімдеу талап етілуде. Қаржылық сауаттылығын арттыру үшін халықты цифрлы және кибер сауаттылыққа үйрету, жаңа технологияларды пайдалану арқылы интернет алаяқтықтан сақтандыруды күшейту де жоспарлануда.
2030 жылға дейінгі тұжырымдамада осындай талаптар ескерілсе, бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің қаржылық сауаттылығын арттыру да өзекті болмақ. Халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасауы да қай кезде өзекті. Осыған байланысты жұмыс істеуге қабілетсіз кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауды тоқтату, оның орнына елді жұмыспен қамтитын, жұмыссыз жүрген азаматтардың қолына «күрек» ұстата алатын кәсіпорындарды қолдау жүзеге асады. Бұған қоса стрестік активтермен мәмілеге келу, цифрлы платформа құру, банкроттықты рәсімдеу мәселелері де қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасында қарастырылған.
«Барометр» талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушысы Меруерт Молдабаева былай дейді:
«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды алдымен банктерден бастау керек. Банктер халыққа өзі ұсынып отырған өнімдері жайында жасырын ұстайтын құпиялары бар. Олар пайыздың қалай есептелетінін, дифференциалды кредит пен ануитетті кредиттің айырмашылығын, өзін-өзі банкрот қылудың артықшылықтары мен кемшіліктерін ашып айтып түсіндіруі керек. Қажет болса, мұның барлығы арнайы цифрлық платформада оқытылғаны жөн. Банктердің халыққа ұсынған өнімі қолжетімді болуы тиіс. Біздегі қаржы секторының 85 пайызын банктер иемденеді. Шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі аз. Банктер қазір ШОБ саласына несие берген кезде де түрлі талаптар қояды. Кепілсіз несие беруге келгенде де талаптарынан бұрын пайыздары жоғары. ҚНРДА банктердің несие пайызын төмендетуге күш салу керек. Өйткені біздің халық тұрмыстық затының барлығын бөліп төлеуге, несиеге алып үйреніп алды. Автокөлік, ипотекадан бөлек үйге қажетті тұрмыстық заттарды несиеге алу дендеді. Ал мұндайда халықтың қаржылай сауатты болғаны маңызды. Сондықтан халықты қаржылық сауаттылыққа үйрететін арнайы платформалардың болғаны дұрыс».
Жалпы, ҚНРДА ұсынған деректерге сәйкес, бизнесті несиелендіру өсімі былтырғы қараша айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығын есепке алмағанда барлық дерлік салаларда байқалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласының алған несиесі 2,6%-ға, яғни 4,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бастап 21,7%-ға өсті), сауда-саттықта 4,4%-ға, яғни 3,4 трлн теңгеге дейін (+13,8%) өсті.
Қалған салалардағы несиелендіру көлемінің өсімі мынандай: құрылыста – 1,9%, 0,6 трлн теңгеге дейін, көлік саласында – 12,6%, 0,9 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыс саласында – 6,9%, 0,1 трлн теңгеге дейін, басқа да қызмет көрсету салаларында – 4,4%, 3,1 трлн теңгеге дейін.
Қаржы нарығы үшін биылғы тың жаңалық – Банктер туралы жаңа заң. Бұл құжат биыл дайын болады деп күтіліп отыр. Мамандардың айтуынша, қолданысқа енетін бұл заң қаржы саласына тың өзгерістер әкелуі тиіс...
Әнуар ҚАЙЫРБЕК