Қас қағым сәт – қонғаның мен ұшқаның

ӨЛМЕЙМІН МЕН ДЕ
Мен осы өлмейтін шығармын.
Мұқағали
Өзіммен-өзім кеңестім,
Өлетін сірә емеспін.
Қанжарын қайрап жүргенмен,
Өлтіре алмайды мені ешкім.
Тұрғанда асқар тауларым,
Өлтіре алмайды жауларым.
Білмейді байтақ даланың,
Ұлында өлмес жан барын.
Орманым, тауым жаңғырып,
Сөйлейді таңды-таңға ұрып.
Сөйлейді туған тілінде,
Байтағым менің мәңгілік!
Домбыра менен қобызым –
Кіндігі бірге егізім.
Екеуі аман тұрғанда,
Шалқиды шалқар теңізім.
Жапырақтың жаны – бүрінде,
Топырақтың жаны – гүлінде.
Адамның жаны – жүректе,
Халықтың жаны – тілінде!
Жаныма батқан бүгінде,
Қайғым бар көңіл түбінде.
Тілімді кесіп алмаса,
Сембейді жағым тірімде.
Бәріне төзіп шыдармын,
Тағдырын кешіп қыранның.
Қазақтың жаны өлмесе,
Өлмейтін мен де шығармын...
АРПАЛЫСЫП БАҚҚАНМЕН
«Дүние – жалған!» депті бабам,
Жалт-жұлт етіп өтті заман.
Мынау жарық тіршілікті,
Аманат қып кетті маған.
Жыл құсындай келер-кетер,
Жалған дүние менен де өтер.
Арпалысып баққанменен,
Қай дүлейге шамаң жетер?
Келмейді оған құлазығым,
Бұл өмірге разымын.
Арман қудым іздегендей,
Ғайып болған құлан ізін?
Амал қанша талса белім,
Қылша мойным талша менің.
Құландардай қырды кезген,
Еркін өмір аңсап едім.
Күліп шығар күнім алда,
Бер жаныма тыным, Алла?!
Ақын байқұс байыз таппас,
Таңдайында тілі барда.
ӨТЕ ШЫҚТЫ
Самайына ақ түскен,
Астым, міне, жетпістен.
Аққан жылдар сездірмей,
Көрінеді мезгілдей,
Қазан қайнап, ет піскен.
Артқа мойын бұрғызбай,
Қолды-аяққа тұрғызбай,
Аман-сәлем қылғанша,
Көзімді ашып-жұмғанша,
Зуылдады жұлдыздай.
Қолға тізгін тигенше,
Ойдан түйін түйгенше,
Өрепкіген көңіл-ай,
Өте шыққан өмір-ай,
Ернім тиіп сүйгенше...
ЖАҢЫЛҒАН БІР ДҮНИЕ
Тұрса да тас төбемнен нұр құйып күн,
Қаншама жүрегіме мұңды ұйыттым.
Кім мені іздеп келіп алып шығар,
Түбіне түсіп кетсем тұңғиықтың.
Алдырмас оңайлықпен тағдыр сырын,
Пәнидің кім шешеді бар қырсығын.
Атаның ақ жолынан адасып қап,
Мен-дағы бармағымды сан қыршыдым.
Қайтпайды еңкейген күн, ауған бесін,
Тоқтатар құдірет жоқ жалған көшін.
Қонар ма кейінгінің зердесіне,
Біздерге бұрынғыдан қалған жосын.
Қарасам алды-артымның бәрі тұман,
Жаңылған бір дүние бағытынан.
Алысып, арпалысып баққанменен,
Түбінде ол ұтады, мен ұтылам.
ӨЛДІ ДЕП ОЙЛАМАҢДАР
Тағы да бір таң атты, бір түн өтті,
Жанымды қайта шыққан күн түлетті.
Қарайған жұрттың бәрі Құдай емес,
Береді сұрағанмен кім тілекті?
Пенденің қаптап жүрген қатарында,
Белгілі тұрарым да, жатарым да.
Кететін мәңгі ұйқыға кезің алда,
Атқан таң оян дейді атарында.
Оянам бозторғайдай таңмен бірге,
Қуанам аман-есен көрген күнге.
Оғына сұм ажалдың ұшқандар көп,
Үлгірем көңіл айтып өлген кімге?
Шырақ жоқ бұл жалғанда сөнбей қалар,
Тірліктің дөңгелегі мәңгі айналар.
Өлді деп ойламаңдар өлгендерді,
Тірілер тұрған кезде өлмейді олар!...
ҚОҢЫР ӨЛЕҢ
Қоңыр саз, қоңыр қаздай мамырлаған,
Өзіңді сыйға тартқан Тәңір маған.
Бармақтай бақыт құсы сен бе екенсің,
Кеудемнің ұясында дамылдаған.
Елтимін сені естісем, еміренем,
Толқимын теңіздейін, тебіренем.
Жүрегім сеніменен егіз менің,
Қоңыр күй, қоңыр әуен, қоңыр өлең.
Қосылса домбырама тауым, далам,
Көк аспан тына қалар дауылдаған.
Айналдым үлпілдеген қанатыңнан,
Қаққанда інжу-маржан сауылдаған!...
УА, КӨК АСПАН
Уа, көк аспан, құдіретіңе қайранмын,
Қайда кетті найзағайлы қайран күн?
Кінәлама, қалтарыста қалды деп,
Арпалысқан ішіндемін майданның.
Қобыз-кеудем күңірене шер төгіп,
Күндіз түні күйіп-жанып, өртеніп.
Бір есуас тірлігімді бір теуіп,
Итаяқтай кетпесе екен төңкеріп.
Сапалақтар сайтандарға сатылып,
Дүниені жатыр судай сапырып,
Жеті түнде жұртты оятып ұйқыдан,
Ит ұлиды жаман ырым шақырып.
Ашық күнде ала құйын ойнатқан,
Қара дауыл соғар екен қай жақтан?
Біздің қазақ қайтер екен түбінде,
Тиын тапса думандатқан, тойлатқан.
Айдалада азынаумен тұр қыстақ,
Аң кірмесе, шығады оны кім қыстап?
Қатын біткен бұлқан-талқан ауылда,
Қаспағы жоқ қазан түбін қырғыштап...
Уа, көк аспан, ойран-топыр салып бір,
Күркіресең сілкінетін алып қыр.
Жай түсіріп, зәрелерін ұшырып,
Найзағайың шатырламай не ғып тұр?!.
ӨТЕ ШЫҒАР ҚЫСҚА КҮН
Тапсын десең басыңдағы бақ тұрақ,
Күңгірт тартқан көкірегіңе жақ шырақ.
Төрге сыйған алтын тағы хандардың,
Ешқашанда көрге сыйған жоқ бірақ.
Көріп тұрған жоқсың оны сен тұңғыш,
Бақыт, шіркін, басқа қонған алтын құс.
Жылап кеткен алтын құсты қия алмай,
Еділ патша, Ескендір де хан Шыңғыс.
Саба-саба қымыз ішіп, май жұтқан,
Байдың малы аман қалған қай жұттан?
Патшаларды сан жетпейді санасам,
Іріп өлген, шіріп өлген байлықтан...
Қысқа ғұмыр – өте шығар қысқа күн,
Қас қағым сәт – қонғаның мен ұшқаның.
Құтқармайды алдаспаны ажалдың,
Қолы соққан Тәңір деген ұстаның.
Дөңбекшіген, ей, пенделер, таңға ұзақ,
Ұйқыңды ашып, қараңғы үйге шамды жақ.
Ұмытасың қу тіршілік әуресін,
Жүрегіңе сәуле түссін жалғыз-ақ...