Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Қашан билік өкілдері жұмысы үшін жеке жауап береді?

Денис Данилевский
Фото: Денис Данилевский

Өскемендегі Шнайдер көпірінің құлауы қала күні мен Конституция күнін дүркіретіп өткізгеннен кейін бірден орын алуы – символикалық құбылыс.

 Мән-мағынасы жоқ мереке, аста-төк дастарқан, қарын тойдыру мен отшашудан кейін ащы шындық алдымыздан шықты. Жөндеуге кейінгі жылдары 600 миллион теңге бөлінген көпір құлады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ал билік мұны бірден табиғи апатқа жауып, ақталды. Жаңбыр қатты болды, рас. Бірақ тасқын емес, бұрын да мұндай деңгейдегі су тасыған кездер болған. Сонда мәселе қайда? Жөндеудің сапасында ма? Қала мен облыс басшыларының кәсіби деңгейінде, жауапкершілігінде ме? Шындығында, жөндеу жүргізілгенде Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар болатын. Ол бұл қызметте алты жылдан астам отырды. Ж.Омарды мен талай «әкім бе, блогер ме» деп атағанмын. Себебі кейде ол қала мәселелерінен гөрі Instagram-дағы парақшасына көбірек көңіл бөлгендей көрінетін. Кез келген жерде өзін видеоға түсіріп, «жетістігінің» арқасында жарқырап жүрді. Әкім өзін қызықтап жүргенде, қаланың инфрақұрылымы құлап бара жатты. 2023 жылы мен облыстың жаңа әкімі Ермек Көшербаевқа «Өскеменде жылдар бойы шешілмей келе жатқан ең өзекті мәселелер бар» деген ашық хат жаздым. Сонда ең қарапайым мысалдарды ғана келтірдім. Қалада апатты, ескі үйлер әлі тұр. Бар болғаны 121 отбасын көшіру үшін бір бес қабатты үй салу жеткілікті еді. Оның орнына әкім өзінің мақтанышы деп жариялаған 100 метрлік «Арбатқа» жарты миллиард теңге жұмсады. Сол қаржыға жаңа үй тұрғызуға болатын еді. Бірақ «понт» маңыздырақ болды.

Көлік кептелісі де азап. Қымбат жолайрықтар да мәселені шеше алмады. Қалаға қосымша көпірлер керек, ал бар көпірлердің өзі тозып тұр. Қоқыс алаңдары тауға айналды, орталық көшелерде егеуқұйрық жүгіріп жүр. Жаңа полигон салынбады. Оның орнына Ж.Омар қоқыс сұрыптайтын зауыт салдырды. Бірақ сұрыпталған қалдықты өңдейтін жер жоқ, бәрібір ескі полигонға апарады. Ал Жақсылық Омар «кеңесші» деген жайлы креслода төрт ай отырған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл – болашақта облыс әкімі болуға салынған даңғыл жол. Сонда «Шнайдер көпірінің» қирауы оның «жарқын мансабына» еш әсер етпей ме?

Ж.Омардың ғана емес, көптеген шенеуніктің стилі – «понт қуып», шынайы проблемаларды шешпей, көрінгенге қаржы шашу. Кейінгі онжылдықтарда қала тұрғындарының есінде не қалды? Тротуар плиткасын қайта-қайта ауыстыру, бордюрді жаңарту, түрлі-түсті фонтан, «Ғашықтар аллеясы», муралдар, ойын алаңдары… Бірақ бірде-бір маңызды өндірістік немесе инфрақұрылымдық жоба жоқ. Тіпті «шұжық цехын» индустрияландырудың шыңы етіп көрсетуге дейін барды. Жылу мен су құбырларын жөндеуге Еуропалық қайта құру және даму банкінен қарыз алып, оның пайызын халық төлеп отыр.

Жаңа әкім Алмат Ақышев та бұрынғының сүрлеуінен шыға алмады. Қоғамдық көлікті дұрыстаудың орнына электронды билет енгізуге ұмтылды. «Onay» жүйесін көруге Алматыға барып қайтты. Ал халыққа пайдасы шамалы. Арқан жол салу жобасын да қызу қолдап жүр. Егер көпір «капремонттан» кейін екі жыл өтпей құласа, арқан жолға кім сенеді?

Кеше кәріз құлады, бүгін көпір құлады. Ертең не қирайды? Қашан билік өкілдері өз жұмысы үшін жеке жауап береді?

Денис Данилевский,

журналист