Кашмирде атысты тоқтату келісімінен кейін жарылыстар болды

Үндістан мен Пәкістан арасында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін көп ұзамай Кашмирде жарылыстар орын алды. Бұл туралы Жамму мен Кашмирдің бұрынғы басшысы Умар Абдулла хабарлады.
«Бұл атысты тоқтату режиміне ұқсамайды. Сринагар орталығында әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері сәл бұрын ғана іске қосылды», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
The Indian Express деректеріне сүйенсек, Пәкістан шекара маңындағы бірнеше аумаққа минометтен оқ жаудырған. Адхампур қаласына шабуыл жасалып, Жамму мен Кашмир мен Раджастхан штаттарында дрондар байқалған. Панжаб штатының шекаралық аудандарында электр жарығы сөнген.
Үндістан Сыртқы істер министрі Викрам Мисри бұл әрекеттерді «келісімді бірнеше рет бұзу» деп бағалап, Пәкістанды ахуалға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Қарулы күштеріміз заң бұзушылықтарға лайықты жауап беріп жатыр. Кез келген келесі шабуылды болдырмау үшін қажетті нұсқаулар берілді», – деді ол.
10 мамыр күні сағат 17:00-де атысты тоқтату келісімі жарияланған болатын. Бастаманы алғаш АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеп, артынша Нью-Дели мен Исламабад растаған.
Айта кетейік, қақтығыс 7 мамырға қараған түні басталды. Нью-Дели бақылауындағы, бірақ Пәкістан иелікке таласып отырған Кашмирде орын алған террорлық шабуылдан 26 адам қаза тапқан. Үндістан шабуылды Пәкістанмен байланысы бар «Қарсылық майданы» ұйымы ұйымдастырды деп айыптады. Исламабад бұл айыпты жоққа шығарды.