Қасым АМАНЖОЛ: Абайдың сакральды деңгейге өтуі заңдылық

Абай туралы бүған дейін де аз әңгіме айтылған жоқ. Бұдан кейін де ақын жайлы айтылар сөздің аз болмасы анық. Әр қазақ әріп танығаннан бастап Абай есімін таниды, сөзі мен өсиетін оқиды. Бірақ шындығына келгенде Абай қайда, біз қайда? Абай сынаған мінез, Абай үміт қылған болмыс қайда, қазақ қайда? Қазіргі қазақ Абайдың қай жерінен келеді?
Абай мен қазіргі қазақ туралы журналист Қасым Аманжолмен сұхбаттастық.
- «Абайдың тойына шақырмады...» Соңғы күндері осы мәселе әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Шақырмай-ақ бара беру керек деп ақтағандар да болды. Абайдың тойы әр 5-10 жыл сайын болады ғой. Бұған дейін Абай жылын да жарияладық. Тойға шақырды, шақырмады деген өкпе-наз не мінез осы?
- Шақыру-шақырмау, оған өкпелеу деген – әдеттегі пендешілік мінездер ғой. Көп адам тойдан дәметеді, үміттенеді, мені де шақырса деп емексиді. Абай атамның өзі айтпақшы, «пәленшенің қасында мен көшелі адаммын ғой» деген кеуделі мінез тағы бар. Оның үстіне қазір әлеуметтік желінің қарқын алып тұрған заманы, өзгелер желіге «мені Абай тойына шақырды» деп жазғанда ызасы, қызғанышы оянады дегендей. Бір жағы, бұл мінездің аса әбестігі де жоқ сияқты, Абайға өзін жақын, үлескер, жанкүйер жан ретінде бағалаған шығар, оның үстіне қазақтың тойқұмар мінезінің де бір көрінісі болса керек. Бұл жерден үлкен драма іздеудің не өкпелеген адамдарды дұшпан ретінде көрсетудің керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл реніш – негізінен, тойды ұйымдастырушыларға қарата айтылатын сөз.
Осы орайда «Абай мұрасына үлкен үлес қосқан «лайықты» адамдарды ғана шақыру керек» деген тағы бір пікір айтылып жатқанын байқадым. Сосын, ойладым, тоқсаныншы жылдары «Абай десем» атты, ерекше дүниені сахнаға алып шыққан Болат Атабаев ағамыз еді, егер сол кісі өмірде болса, «лайықтылардың» тізімінде болар ма еді, болмас па еді?» деп...
Шыны керек, дәл осы сұраққа жауап бергім келген жоқ. Желіде дүркін-дүркін туып тұратын қалыпты шудың бірі ғой бұл.
- Қазіргі (бізге дейінгі де) қазақ баласы көзін ашқаннан бастап Абайды жаттайды. Мектеп бітіргенше жаттайды. Бірақ біздің Абайға деген танымымыз мектеп программасынан аспай қалған сияқты. Абай айтқан құндылықтар қазақ қоғамына неге жұқпай қойды?
- Бұл данышпандардың бәріне қатысты, ортақ құбылыс деп ойлаймын. Ешбір елде өз заманынан озып туған, бүкіл халықтың мінезін, мұң-қайғысын терең сезінген, таңбалаған тұлғалардың ұлы шығармалары жалпы халыққа, бүкіл ұрпаққа, бұқараға сіңіп кетеді деп үміттенуге болмайды. Егер Абайды елдің бәрі оқитын, елдің бәрі түсінетін, өмір жолында қабылдайтын болса, онда ол Абай болмас еді. Абай бүкіл қоғамның аузында жүруге тиісті емес, сонысымен де Абай құнды. Данышпандар сол себепті де сиректердің ғана аузында жүретін, азшылық қана түйсінетін құндылығымен бағалы.
- Соған қарамастан, біз неге тым абайшылмыз? Өзімізге ыңғайлы кезде ғана абайшыл бола қалатынымыз бар. Кеңес өкіметі тұсында Абайдың еңбекке қатысты сөздерін таптық идеяға бұра сөйлесе, дүние, білім, ұлт туралы сөздерін зиялылар өз керегіне пайдаланды. Сол әдет әлі өзгерген жоқ. Діндардың, блогерлер мен коучтардың аузында Абай сөзі жүр.
- Иә, Абай айналып келгенде мектеп бағдарламасының барлық деңгейінде оқытылады. Университеттер де арнайы сабақтар өткізеді, гуманитарлық пәндердің барлығы дерлік Абайды аттап өтпейді. Абай барлық жерде бар. Қоғамның барлық мүшелері Абай сөзінен, ақын өсиетінен таяныш, жұбаныш тапқысы келетіндей. Елге сөзін өткізгісі келген саясаткер де, сөзі мен ойының өтімді болғанын қалайтын қоғам белсендісі де, діни уағызшы да – Абайға, ақын сөзіне жүгініп жатады. Бір жағынан, бұл жақсы құбылыс. Абайдың қоғамдағы популяризациясы, кеңірек таралуы тұрғысынан оң мінез. Ал бір жағынан Абайдың өзі: «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, бірінен-бірі шапшаң ұқпас сөзін...» демекші, бірінен-бірі ісінен бұрын, сөзімен озып, бастырмалатып сөйлеп, тыңдаудан бұрын сөйлеуге дайын тұратын біз осындай мойындалған «авторитеттердің» сөзі арқылы пікірімізді таңғымыз келеді. Қара бастың мінін жасырып, Абай сөзін өзгеден есе қайыруға сілтейтіндер де көп. Өз идеясын қоғамға енгізіп, сіңіргісі келген кез келген коуч Абайды пайдаланады. Себебі Абай соншама кең, ауқымды, оны интерпретациялауға ұлан-ғайыр өріс бар. Абайдың ұлылығы мен құндылығы да осында.
- Бүгінде тұлғадан пұт жасау басым сияқты. Біз Абайды сакральды деңгейде «аялап», «сақтап» отырмыз. Жалпы көп адамды да, затты да осы призмада қабылдаймыз. Сіз бір сөзіңізде «Әуезов енгізген, мектеп оқулықтары шегелеген, ауыл-аймақ аңыздары бекіткен абыз образын ақын өзі келіп бұзады» дейсіз. Сіздің танымыңыздағы Абайдың кісілік келбеті қандай?
- Абайдың сакральды деңгейге өтуі заңдылық. Себебі әлемдік, адамзаттық деңгейдегі ұлы данышпанның шығармалары адамзаттық құндылықтар жүйесін қамтиды. Бәрі соның төңірегінен тарай береді. Абай туралы жазылған жүздеген, тіпті мыңдаған еңбектер мен зерттеулер бар. Солардың бәрі Абайдың қоғамдағы белгілі бір образын қалыптастырады. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та, қоғамдағы Абай бейнесі – абыз, данышпан деңгейінде тұр. Бұл – Абай шығармалары мен Абай туралы жазылған ірі еңбектердің негізінде жасалған образ. Ал ақын болмысына, өміріне сәл үңіліп, тереңірек зерттесеңіз, Абайдың қоғам қабылдаған стандартты бейнесінен гөрі адами, пенделік қылықтары арқылы оның мінезіндегі, табиғатындағы басқа бір штрихтарды байқайсыз. Мен абайтанушы, ғылым өкілі емеспін, жай ғана Абай өмірі мен өнегесін журналист, әдебиетші ретінде зерттедім. Мені Абайдың осы адами, кісілік болмысы қызықтырды. Маған – күлетін, жылайтын, мұңаятын, ашуланатын, кейде пенделік мінездері де байқалатын Абай болмысы қызық болды. Зерттеу барысында осы бағытқа басымдық беріп, Абайдың адами кескінін ашуға тырыстым.
- Сіздің ертеректе жариялаған бір жазбаңыз есіме түсіп тұр (арнайы іздеп ем таппай қойдым). Сіз «Қорғансыздың күніндегі» зорлықшыл адам Абайдың туысы екенін айтасыз. Біз ұлы тұлғаларға, әсіресе Абайға қатысты осындай (басқа да) шындықтарды ешқандай эмоциясыз айтатын, күңіренбей, шошынбай, факт ретінде қабылдайтын жағдайға қашан жетеміз?
- Ол процесс қазір жүріп жатыр. Қоғам Абайды қол жетпес биікке шығарып алып, кір жұқтыруға болмайтын, бәрі кеп табынатын пайғамбар, құлпытас деңгейінде қойып тастауға болмайтынын түсінуі керек. Бірақ бұл деген сөз ақынды жерге ұрып, өзіңмен деңгейлес кейіпке түсіріп тастауға болады деген сөз емес. Бұл жерде көзге көрінбейтін нәзік шекаралар бар. Ең әуелі Абайды оқу керек. Оқыған адам өзіне керегін алып, Абай оқырманның сырлас-мұңдасына айналса, қамыққанда іздейтін, торыққанда тіреу болатын, санаңдағы қаптаған сұраққа жауап алатын ақылшыңа айналғанда ғана ақынды түсінуге жақындаймыз. Ал қоғамдық санадағы Абайдан шошыну, үрку немесе «Абай да бүйткен екен, қазақтарды итжеккенге айдатыпты, орысты насихаттапты» деген сияқты жаппай сынау, қаралау негізінен білімсіздіктен болады. Абайды оқымаған, зерттемеген, ақын сөзінің тереңіне үңілмеген адам міндетті түрде осындай жалаң ұраншылдыққа ұрынады.
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» Абай заманына қазіргі кезеңмен, қазір өзің шыққан төбешіктен баға беру жаңсақтық. Қазіргі заманның құндылығымен, бүгінгі түсінікпен Абай заманын сынау ұшқарылық болар еді.
- «Анық Абай» деректі сериалын түсірдіңіз. Осы фильмді түсіріп жүрген кезде сіз үшін ең үлкен жаңалық болған, Абайды басқаша тануға жетелеген тосын фактілер болды ма? Эфир көтермейтін деректерді іркіп қалған кездеріңіз болды ма?
- Бұл жоба – Тұрсынжан Шапай ағамыздың «Анық Абай» атты әдеби толғамының, эсселер циклының атауын алған тележоба болды. Тұрсынжан ағамыз өзі бастауында тұрды. Мен жүзеге асырдым. 15 сериядан тұратын «Анық Абай» деректі сериалында Абайдың туғаннан өлгенге дейін көпшілік біле бермейтін өмір жолын, деректерін қамтуға тырыстым. Иә, Абай туралы тосын дүниелерді біршама есіттім. Бірақ деректі сериал – әуелден бар, баспа бетіне шыққан, жарияланған естеліктер негізінде жасалды. Әуезов үш қайталап жазған «Абайдың өмірбаяны» мен «Абай жолы» романы, Көкбайдың, Әрхамның, Турағұлдың, Шәкерімнің, т.б. замандас-шәкірттердің естеліктері. Абай заманын көзі көрген адамдардың балалары, ақын көзін көргендердің көзін көрген қария шежірешілер мен зерттеуші адамдардың пікірлерін жинақтап шықтым. Сондықтан бұл деректі фильмде абайтанушылар мен Абай мұрасын зерттеушілер үшін тосын дүние көп бола қойған жоқ. Менікі осы бай мұраны телевизиялық сипатта жүйелеп ұсыну әрекеті деп айтар едім. Сондықтан қазір бір тарауын бөле-жарып айту мүмкін емес сияқты. Өзім үшін де жаңалық болған талай деректер болғаны рас, бәлкім, көрермендер үшін де біраз ақпарат тосын жаңалық болған шығар. Әлбетте, енбей қалған деректер де көп болды.
- Абайдың айналасында дау бітпейді. Әр сөзіне дейін «олай емес, былай» деп әдебиетшілер де таласады да жатады. «Әр адамның өз Абайы бар» деген бір жаттанды сөз бар. Абайды меншіктегіш мінез біздің ғылымымызды қайда апарады?
- Әлемде барлық генийлер мен ойшылдарды түрлі қырынан келіп меншіктейді, түрлі қырынан зерттеп, түсіндіреді. Бір кезде Тұрсынжан Шапай ағамыз бір эссесінде «біреулер Абайды философ дейді, енді бірі діндар, тіпті біреу физик депті. Ал шын мәнінде Абай алдымен – ақын» дегендей ойды жазғаны бар еді. Сол секілді Абайды түрлі қырынан зерттеу заңдылық әрі өте орынды да ұмтылыс. Абайды меншіктеуге, жан досы, сырласына айналдыруға ұмтылу ізгіліктен туындайды. Иә, бәлкім, Абай сөзін уағызының құралына айналдырып, жеке бас мүддесінің пайдасына жаратса, көпке манипуляция жасауға жұмсаса үлкен қателік болар еді. Бірақ оны зерттеуші ретінде ізденіп, жанашыр-жанкүйерің ретінде меншіктеп жатсаң, несі жаман? Абай сөзін ұғынған, түсініп-түйсінгеннің бәрі өзіне жақсы мағынада меншіктеп алсын, сүйеніш тапсын, тіпті ой-талқыға ұластырсын. Мұнда тұрған әбестік жоқ деп ойлаймын. Керісінше, біз Абайды оқымаудан, кітап бетін ашпаудан көбірек жапа шегіп жүрміз. Ойға ұмтылған адам Абайды оқығаны абзал.
- Абайды билік те пайдаланады. Насихаттайды. Тойын жасайды. Фильм түсіреді. Кітабын шығарады. Бірақ Абай тағылымына бойлаудан гөрі жаттанды сөз, жайдақ жарнамаға көбірек ұқсайды. Билік пен Абайдың арақатынасы қандай болу керек?
- Осыдан тұп-тура отыз жыл бұрын 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы өтті. Сол қарсаңда билік Абай сөзін өз мүддесіне әбден пайдаланды. Мен ол кезде 16-17 жаста мектепте оқып жүрген шағым. Сол кезде Назарбаев Абайдың партияшылдықты сынайтын:
«Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарынды», –
деген өлең жолдарын пайдаланды. «Абайдың өзі партия боп бөлінуді сынады ғой» деп Назарбаев өз сөзіне дәйек ретінде айтатын. Сол кезде «шынымен көп партияның не керегі бар, Абай да партияшыл халықты сынаған, Назарбаев та осылай айтып отыр ғой, бір партия жетеді» деп ойлаған адам көп болған шығар.
Осы тұста сөзіміздің ортасына қайта ораламыз. Абай заманына қазіргі заманның парадигмасымен баға беру – надандық. Абай сынаған ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы партияшылдық пен Назарбаев билігін нығайтып, авторитаризмге аяқ басқан тоқсаныншы жылдар кезіндегі партияшылдықты салыстыруға бола ма? Мүлдем салыстыруға келмейтін қайшылықты ұғымдар ғой. Абай өз заманындағы партияшылдықтың елбұзар сипатын сезінді, «елді бір кемел билеуі керек» деген дүниеге көбірек ұйып, соны парасат деңгейінде түсіндіре алды. Тіпті адал билікті іске де асырды. Ал Назарбаев билігі – партияшылдықты Абайдың аузымен сынатып, өзі жеке-дара билікке, билік арқылы ұрлап, шексіз баюға ғана ұмтылды. Және өз идеясына Абайдан рухани тұғыр тапқандай, жұртты сендіріп тастады. Бұл Абайды саясатқа пайдаланудың мен көрген ең лас мысалы болды.
Кейінгі Тоқаев билігі тұсында да Абай сөзін саясатқа пайдалану жалғасып жатыр. Абайдың сол баяғы «толық адам», «кемел адам» ілімін қазір «әділетті Қазақстан», «адал адам» сияқты науқаншыл ұрандардың аясында пайдаланып қалатынын көріп жүрміз. «Абайдың айтқан «кемел адам», «толық адам» ілімі қазіргі биліктің де басты ұстанымы» деген саяси спекуляциялар жүріп жатқандай әсер береді. Абай «әділет, шапқат кімде бар, сол жарасар туғанға» дейді. Ақынның «толық адам» ілімі қазіргі билік жиі қолданып жүрген «әділет пен шапқатына» сүйенеді. Абай айтқан әділет пен шапқатты қазір жүріп жатқан саясатпен шендестірудің мүлде жөні жоқ. Осы сәтте «Абай айтқан әділет, Абай ұмтылған шапағат пен мейірім қазіргі билікте бар ма» деген тура сұрақты қоюға мәжбүр боламыз. Ал Абай айтқан әділет пен шапағатты қазіргі биліктен іздер болсақ, ақынның дәрежесіндегі бұл құндылықтардың қазіргі билікте тіптен де жоқ екенін және көреміз. Сол жемқорлық, сол бармақ басты, көз қысты жүйе, сол Назарбаев кланының құдіретінен айырылмай отыруы, сол Қаңтар қырғынының шындығының ашылмай жатқаны...
Билік қай заманда да билік болған. Күллі авторитар билік данышпандардың сөзі арқылы өзін кіршіксіз, кінәсіз, қолы шынтаққа дейін қанға малынып тұрса да мейірімді, шапағатшыл, әділ етіп көрсетуден қымсынған емес. Мұндай құбылыс осыған дейін де болған. Бұдан кейін де жалғаса бермек. Бұл күллі авторитар билікке ортақ мінез.
- Осы күнгі қазақ Абайдың қай жерінен келеді? Тізесінен бе, тобығынан ба?
- Ол үшін ең әуелі Абайдың өзі қандай биікте тұрғанын өзіміз үшін бағалап, сезінуіміз керек шығар. Белінен кеп қалдық па? Тізесінен келе ме, әлде тобығынан ба? Бәлкім, иық теңестіріп қалған шығармыз? Абайдың бір сөзі бар: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?»
Қазір әлеуметтік желінің заманы, адамдар өзінің бүкіл ақпараты мен өмірін, қоғамдағы не саясаттағы әр тірлігін тірнектеп, өліп-талып желіге жариялап отыратын кезең болды. Тек жариялап қана қоймайды, сол арқылы әркім өз ұпайын түгендеп отырады. Біреудің туған күні, қызметке барғаны, анаусы-мынаусы... бітпейтін бір сұрапыл жетістіктер, әйтеу. Оны жапа-тармағай құттықтап, жырғалған бір жұрт. Әркім өзінің қиялындағы «осындай болсам, зор боп көрінсем» деген образын күшеніп, сомдап әлек. Құттықтау ғана емес, зиярат еткен, көңіл сұраған, мәрттік еткен, тауып айтқан, біліп айтқан, шындықты шырқыратқан өңшең бір бауырмал, іскер, адал, жайсаң қауым шіркін. Ал сәл үңгіп қарасаң, кімнің кімді, неліктен мақтап, мадаққа бөктіріп жатқанын сезгенде жиіркеніп қаласың. Сосын, «...алдамшы болмай бақ қайданы» түсінгендей боласың. Марапат пен мақтанға осыншалық осал екенімізді ұғынасың.
Адамның адамшылығы мұнымен өлшену керек пе, жоқ па, бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені тура келген мадаққа кімге болса да шыдас беру оңай емес. Әлбетте замандастың барлығы бірдей мұндай қылықты мақтаншылық пен жаман ниеттен жасайды деп ойламаймын. Бірақ басым көпшілігі өз ұпайын ғана түгендеп жүргенін байқайсың. Сондай кездерде көңіл қалып, қазақ Абайдың тобығына да жетпей тұр-ау деген ойда қаласың...
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақгүлім Ерболқызы