Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейнге қолдау білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгіме барысында Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал талқыланды. Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде бауырлас Бахрейн халқына қолдау мен ынтымақтастық білдіретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын Бахрейн және өзге де елдердің азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған зымырандық шабуылдарға алаңдаушылық білдірді.
Президент Қазақстанның жағдайды ушықтырмауды, қақтығысты диалог пен дипломатия арқылы бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.
Өз кезегінде Король Хамад бен Иса Әл Халифа Қазақстан Президентіне тұрақты қолдауы үшін алғыс айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, екіжақты байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
Тараптар қазақ-бахрейн достығы мен серіктестігін нығайтуға бейілділігін білдіріп, қасиетті Рамазан айында екі елдің бауырлас халықтарына бейбітшілік, амандық және өркендеу тіледі.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына жеке жолдау жолдап, осы қиын кезеңде олардың халықтарына шынайы қолдау мен ынтымақтастық білдіргені хабарланған еді.