Қасым-Жомарт Тоқаев: Ғылымды қажет ететін аумақтарды құру — біздің стратегиялық міндетіміз
Қазақстан Президенті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-де ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысының пікірінше, ғылым қалашықтары мен жедел даму қалалары инвестициялар мен озық технологияларды тартатын негізгі орталықтарға айналуы тиіс.
— Бұл міндетті жүзеге асыру үшін тиісті тұжырымдама қабылданды. Онда қуатты ғылыми-технологиялық парктер құру қарастырылған. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмыстары басталды. Қазір Парламент ғылым қалашықтарының құқықтық мәртебесі мен қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарастырып жатыр. Ғылымды қажет ететін аумақтарды құру — біздің стратегиялық міндетіміз. Жаңа Конституция «жедел даму қаласы» атты арнайы құқықтық режим енгізуге мүмкіндік береді. Алатау қаласы жоғары технологиялар саласында инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады деп санаймын. Жалпы, өңірлердегі ғылымды дамыту мемлекет назарында. Әкімдерге ғылыми-техникалық саясатты іске асыру өкілеттіктері берілді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдеріне үндеу жасады.
— Сіздердің идеяларыңыз, зерттеулеріңіз, еңбектеріңіздің нәтижесі мен жаңалықтарыңыз Қазақстанның ертеңі қандай болатынын айқындайды. Еліміздің қаншалықты инновациялық әрі дамыған мемлекет болатыны да соған байланысты. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми-технологиялық орталықтардың біріне айналдырамыз деп сенемін, — деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдардың жаңа Конституцияның мәнін қоғамға түсіндіруде үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұл ғылымның патриотизмді нығайтудағы маңызды құрал екенін көрсетеді.
Бұған дейін Қазақстанда ғылымға салынатын инвестиция көлемі алты есеге артқаны хабарланған. Президент елдегі жоғары оқу орындарының барлық филиалдары жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуі тиіс екенін де атап өтті.