Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Құрметті отандастар!

Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын!

Бұл мереке халқымыздың ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан құндылықтарын – өзара құрметті, мейірімділікті, ынтымақ пен бірлікті айшықтайды. Алғыс айту қай заманда да қазақстандық қоғамның адамгершілік негізі болып, сенім мен татулықты нығайтты. Айналаңдағы адамдарға алғыс білдіру – қиын сәтте қол ұшын созуға, рухани қолдау көрсетуге дайын болу деген сөз. Қазіргі алмағайып кезеңде мұндай дәстүрдің маңызы ерекше.

Бұл күні біз ауыр сынақ жылдарында елді сақтап, бізге бай мұра қалдырған аға буынға ризашылығымызды білдіреміз. Ел дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген ұстаздарға, дәрігерлерге, мәдениет қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жұмысшы мамандық иелеріне, полиция, өрт сөндіру және құтқару қызметкерлеріне, сондай-ақ барша азаматтарға алғыс айтамыз.

Жастарға, еріктілерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Белсенді азаматтық ұстаным, қоғамға пайда келтіруге ұмтылу, мұқтаж жандарға көмектесуге дайын болу – Жасампаз әрі Жауапты патриотизмнің айқын көрінісі.

Қазақстан тарихи ауқымы жағынан маңызды жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа халықтық Конституция жобасы адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға, қасиетті Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді нығайтуға бағытталған. Жаңа Конституция – баршамыз бірігіп қалайтын болашағымыздың берік негізі.

Алғыс айту күні еліміздің тағдыры әр азаматтың қолында екенін еске салады. Өйткені жоспарланған реформалардың табысты жүзеге асуы біздің бірлігімізге, кемелдігімізге және саналы азаматтық ұстанымымызға байланысты. Заң мен Тәртіп, ынтымақ, бірлік және дәстүрге құрмет қағидаттарына сүйене отырып, біз Қуатты, Әділетті, Таза, Прогрессивті Қазақстанды құра аламыз.

Келісім мен өзара сенімді нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін.

Барша отандастарыма амандық пен табыс тілеймін!

Тегтер: