Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
— Баршаңызды ұлы мереке — Наурыз мейрамымен құттықтаймын.
Наурыз — рухани тазару мен жаңару кезеңі. Тазалық ұғымы кең мағынаға ие. Ең алдымен, ол ойдың, сананың және ниеттің тазалығын білдіреді.
Екі жыл бұрын біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын бастадық. Бұл ауқымды жоба халық арасында, әсіресе жастардың қолдауына ие болды. Азаматтарымыздың саналы ұстанымы мен ниет тазалығы нақты істермен дәлелденіп келеді. Ұқыптылық, уақытқа дәлдік және өзін-өзі тәртіпке келтіру секілді қасиеттер ұлтымыздың ажырамас сипатына айналуда.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы — бір реттік науқан немесе үгіт емес, бұл — мемлекетіміздің берік идеологиясы. Сондықтан бұл игі миссия әрқайсымыз үшін тұрақты іске, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Наурыз мерекесінде тазалық философиясының мәнін кеңінен түсіндіру аса маңызды.
Табиғат түлеп, ел жаңаратын осындай тарихи сәтте әрбір игі тілек ерекше күшке ие болады деп сенемін. Сондықтан ең алдымен, елімізде бейбітшілік пен береке орнасын.
Қасиетті Отанымыз — Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!
Конституциямыздың үстемдігі берік болсын!
Көк туымыз биікте желбірей берсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! — делінген құттықтауда.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Президенттің өңірге сапары түркі әлемінің ұлы рухани әрі тарихи-мәдени қасиетті орындарының бірі — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан басталды.