Қасым-Жомарт Тоқаев «Корея Республикасы — Орталық Азия» алғашқы саммитіне қатысады
Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнайы өкілі — Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Қазақстан үшін негізгі стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасына жоғары баға берді.
Президент Қазақстанда корей халқына деген жылы көзқарас бар екенін және Корея Республикасының қарқынды дамуын атап өтіп, екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға Астананың мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён-ге жылы сәлемін жолдап, Кан Хун Шиктің Қазақстанға сапарының маңыздылығын атап өтті.
— Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін үлкен мәнге ие. Бірлескен күш-жігердің арқасында екі ел арасындағы байланыс бұдан әрі де қарқынды дами беретініне сенімдімін, - деді Тоқаев.
Кездесу барысында энергетика, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ жаһандық нарықтағы қазіргі сын-қатерлер аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында Кан Хун Шик мемлекет басшысына Ли Чжэ Мён атынан Сеулге ресми сапармен келуге шақыру тапсырды. Сондай-ақ ол қыркүйекте өтетін «Корея Республикасы — Орталық Азия» алғашқы саммитіне қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруды ризашылықпен қабылдап, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыратынына сенім білдірді.