Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға қатысып, дауыс берді.
Президент №51 референдум учаскесінде, Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан дауыс беру пунктінде таңдау жасады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Дауыс бергеннен кейін Президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Журналистерге сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның ел болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

— Баршаңызды құттықтаймын. Бүгін еліміз үшін тағдырлы күн. Конституция – азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін шынайы тарихи құжат. Сондықтан оның маңызы айрықша. Жаңа Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін бекітеді. 1995 жылы қабылданған Конституция өз қызметін атқарды. Ел осы құжатпен 35 жыл өмір сүрді. Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Енді жаңа Негізгі заңды қабылдайтын кезең келді. Мен де оны дайындау жұмысына белсенді қатыстым, Конституция преамбуласының және бірқатар нормаларының тұжырымдарын жеке өзім ұсындым. Жаңа Негізгі заң ел игілігі мен болашағына қызмет етеді деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Одан кейін Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.