Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:05

Қасымбек қандастарды алалап, өзбектерді жарылқамақ па?

Қасымбек
Фото: Жас Алаш коллаж

Соңғы күндері еліміздің беткеұстар қаласында шаһарды айнадай тазартып отырған қарапайым жұмысшылардың наразылығы басылмай тұр.

 Аязы көп алты ай қыста қолынан күрегі түспей, жаз шықса масасына таланып, ауыр бейнет көріп жүрген сол кісілердің бар базынасы – жұмыстан шығармау. Он жылдап өмірін арнап, орташа жалақыдан әлдеқайда аз алып жүрсе де жұмыс берушісі оларды ауырсыныпты. Жасы 60-ты алқымдаған жандарды осындай жағдайға жеткізіп отырған басқа емес, бас қаланың әкімдігіне қарайтын компания болып отыр. 

«Астана тазалық» қандастарды алалай ма?

Елорданың тазалығына жауапты «Астана тазалық» ЖШС бюджетіміз көтере алмайды деген себеппен қол астындағы 150 жұмысшыны жұмыстан босата салғысы келеді. Оған көнгісі келмесе де көпшілік жағдайын айтуға батылы бармай отыр. Тек жағдайды ашық айтып беруге келіскен жалғыз Жәмила Мәкеннің айтуынша, «Астана тазалық» компаниясына 2014 жылы кірген. Содан бері алаңсыз істеп келе жатқанда аяқасты жұмыстан заңсыз қысқартқалы отыр. Соның ішінде Астанадан 80 шақырым жердегі Шортандыдан қатынайтын 150 адамды шығарып тастамақшы. Бірақ неге екені белгісіз, одан біраз алыс, 120 шақырым жердегі Қарағанды облысы Байтуған ауылынан келетін кісілер бұл қысымнан аман қалған. Сол секілді 81 шақырым жердегі Көбетей ауылынан қатынайтындар да өз орнын сақтап қалыпты. Оның үстіне, осы ауылдардан қатынап, істеп жүргендер көбіне 3-4 жылдық жұмыс өтілі барлар. Ал 10-11 жыл істеген Жәмила Мәкен секілді жұмысшылардың неге қысқарғаны түсініксіз. Ең қиыны, зейнет жасына алды 2 жыл, арты 4 жыл қалғандар қысқарып жатқаны ауыр тиген. Өйткені бұдан кейін ешкім жұмысқа алмайтынын іштей түсініп отыр.

Оның үстіне, жалақысы да мардымсыз. Осынша ауыр бейнетпен істеп жүрген жұмысына айына беретіні – 250 мың теңгенің айналасындағы жалақы. Ал соңғы 2 жыл бедерінде, яғни жаңадан бас директор келгелі жағдай тіпті қиындаған. Мәселен, сәуірде алатын жалақысы 275 мың теңге болса, одан зейнетақы жарнасы мен салығын ұстап қалғанда 250 мыңның шамасында алуы керек болған. Алайда сол ақшадан қолына тигені 220 мың ғана. Айына 4-ақ күн демалып, бір күнін де жібермей жұмыс істегендегі қайыры осы болып тұр.

Әйтеуір биыл сыйақысын біраз жөндеген екен. Жыл басында Жаңа жыл мерекесіне орай 300 мың, 8 наурызға тек әйелдерге ғана 100 мың теңгеден үлестірген. Одан соң Наурыз мейрамына арнап 300 мың теңге тағы аударған. Осымен сыйақы атаулы тоқтаған. Сөйтіп келе жатқанда компанияның жағдайы қиындағанын айтып, жұмыстан қысқарту басталған.

«Жұмыстан шығарарда қорқытып-үркітіп қол қойғызды. Басқа жұмысқа алмай қояды деп, бәрі қорыққандықтан қол қойды. Осы жолы келісімшартқа мен қол қоймадым. Маусымның 16-сына дейін істеткізіп, әрі қарай қысқартуға ұшырауымыз керек еді. Бірақ мен көнбедім», – дейді Жәмила Мәкен.

Айтуынша, биылғы жылдық еңбек демалысын да лайықты ала алмаған. Үш күн ғана демалыс беріп, оған 255 мың теңге аударған. Былайғы жұмысшылар алып жатқан 460 мың теңге Жәмила апайға берілмепті. Сөзіне қарағанда, жұмысты көбіне қолмен істетеді. Жолдың ортасында жатқан қағазды алдырады. Оны алу үшін жолды кесіп өту керек. Сөйтіп жатқанда «жолдың ортасына неге шығасың» деп жүргізушілер сөйлейді. Ал оны алмаса, жұмыстан шығарамыз деп қорқытатын көрінеді.

«Таңғы сағат 6-да басталатын жұмысқа бару үшін түнгі 3-те тұрып, 3 жарымда Шортандыдан шығамыз. Сөйтіп 5 жарым дегенде сол жерге барып, 6-да жұмысқа шығуымыз керек. Содан түстен кейін 15:00-ге дейін істейміз. Әрі қарай екінші ауысым шығады. Біреу жұмыста жүріп тайып жығылып, құлап, қол-аяғын майып қылса, жұмыста емес, үйде болған етіп жазғызады. Ай сайын берілуі тиіс қолғаптың өзін екі-үш айда бір береді. Күректері сынып қала береді. Киімдері де жаман, ылғи сапасы жоқ, қалай болса солай тігілген».

Әзірге мәлім болып тұрғаны, тек Шортанды мен оның арғы жағындағы Бектау деген ауылдан қатынайтын 150 адамның жұмыстан шығарылып жатқаны. Оның үстіне осы бағыттан келіп істеп, бүгінде қысқартуға ұшырап отырғандардың көпшілігі Моңғолиядан көшіп келген қандастар екен. Соған қарағанда, қандастарды алалап отырған жоқ па деген де күдік туады.

Астана көшелерінде өзбектер қайдан жүр?

Бір қызығы, осы «Астана тазалықтағы» жұмыстан қысқарту дауы көтеріле бастағанда, қысқарғандардың орнына көрші ел азаматтарын жұмысқа алып жатқаны айтылған еді. Сол қауесет рас әңгімеге айналғандай. Өйткені қысқартуға ұшырап жатқандар Өзбекстан азаматтарын суретке, бейнежазбаға түсіріп алған екен. Әкімдіктің компаниясы бұл айғақты қалай түсіндірерін кейін көрерміз. Дегенмен үстеріне тазалықшылардың арнайы киімін киіп алған көрші ел азаматтарының суреттері қолымызда. Әйтсе де жұмысшылар шу көтере бастаған соң шетелдік азаматтар сап тыйылыпты.

Ал компания өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайға баруының себебі, соңғы екі жылда бюджеті қысқарып, жағдайы қиындаған. Сондықтан жұмысшыларды аутсорсинг жариялау арқылы жұмысқа тарту тәртібін енгізген. Соның ішінде тазалыққа қатысы жоқ жұмыстарды толығымен аутсорсингке беріп жатқанын айтады. Қазірдің өзінде 5-6 мердігермен келісіп қойған.

Алайда қысқартуға ұшырап жатқандардың қауіптенетін жері де осында. «Астана тазалық» ЖШС қысқарған азаматтарды өзге мердігер компанияларға кіргізгісі келеді. Ал ол жекеменшіктер зейнетақы жарнасы мен МӘМС төлемдерін жүргізбей қоюы мүмкін. Жұмыс тәртібінің қалай өзгеретіні де белгісіз. Ең арысы, 150 адамға жалақы төлеген болып, жұмысқа 50 адамды салып қоя ма деген күдік те жоқ емес. Ондайда жұмыс ауқымы үш еселенеді.

Ақшасы жоқ әкімдік 4 млн теңгеге өзін дәріптетпекші

«Астана Тазалық» ЖШС 2008 жылдың қыркүйегінде құрылған. Құрылған кездегі негізгі құрылтайшылары қала әкімдігі мен «Астана Горкоммунхоз» АҚ болған. Жарғылық капиталдың 80%-ы әкімдікке тиесілі болған. Кейін 2011 жылдың басында «Астана Горкоммунхоз» АҚ құрылтайшылар құрамынан шығады. Сөйтіп, әкімдік жалғыз құрылтайшы болып қалды. Ақпарат көздеріне қарағанда, бар тірлігі қаланың 6 ауданынан мемлекеттік сатып алу тәртібі арқылы тапсырыс алып отыру. Биылдың өзінде құны ондаған миллиард теңгеге татитын бірнеше тапсырыс алып үлгерген.

Енді компанияның қаржылық жағдайы қиындады дегенге келейік. Statsnet сайтының мәліметінше, былтырғы қаржы айналымы 190 млрд теңгеге жуықтапты. Ал содан төлеген салығы 3,6 млрд теңгенің шамасында. Таза жылдық табысы 178 млн теңгеге жуық. Ал биылғы алғашқы 6 айдағы қаржылық айналымы 124 млрд теңгенің айналасында. Содан 2,3 млрд теңгесін салық ретінде төлеп қойған. 2023 жылғы таза табысы 164 млн теңге төңірегінде екен. Соған қарағанда, кемуден гөрі, табысқа кенеле бастаған сияқты. Бірақ компания өкілдері қай дерекке сүйеніп жағдайды қиындатып отырғанын білмедік. «Ақша жоқ» деген желеумен дүйім жұртты дүрліктіріп қойды. Сірә, Өзбекстаннан келетіндерді, яғни арзан жұмыс күшін пайдаланып, пайдасын асыра түскісі келген сияқты. Әйтпесе, ашық дереккөздердегі компанияның табысы былтырғыдан жақсармаса, қиындамаған.

Және бір қызық жайт. Компания жұмысшыларына ақша «төлей» алмай отырып, журналистер арасында байқау жариялады. 150 жұмысшы ендігі күнім не болады деп жатқанда, «Астана тазалықтың» мұнысы, әрине, ешқандай логикаға сыймайтын тосын жүріс болды. Оған қала әкімдігі де қосыла кеткен. Компанияның, анығында, әкімдіктің өз жұмысшыларының қамын қалай күйттейтіні осы арада анық байқалған сияқты. Байқау алда келе жатқан «Астана күні» мерекесіне орайластырылған. Үздік шыққандарына жалпы жүлде қоры – 4 млн теңгені үлестіріп бермекші. Не жазып, не айту керегі де түсінікті, қала тазалығы мен компанияның қызметі дәріптелуі керек. Бір жағынан, таңданатын несі бар дейміз. Қарапайым жұмысшыларына лайықты жалақысын төлей алмай отырғанда, осы қара дақты көрінбейтіндей етіп көмкеріп жіберетін мақтау-мадақ материалдар самсап тұрса кімге жаман?!

Бірақ бәрібір жауапсыз қалған бірнеше жайттың анық-қанығын білгіміз келеді. Шортандыдан қатынап істеп жүрген жұмысшыларды Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген жұмысшылармен алмастырмақ болғаны рас па? Рас болса, мұның мәні неде? Өз жұмысшыларымыздан несімен артық болды? Жоқ, жалған десе, онда «Астана тазалықтың» арнайы киімін киіп алғандардың суреттері қайдан жүр? Біз әкімдікке жолдаған осы сауалдарымызға тұшымды жауап күтеміз.

Ербол Тұрымбет

Астана